Өткен ғасырдың басында қудаланып, амалының жоқтығынан атажұртын, елін тастап, босып кеткен қандастарымыздың тарихи Отанына кері қайтып жатқанына да 20 жылдың жүзі болыпты. Деректерге сүйенсек, тәуелсіздік алғалы бері елімізге келген оралмандардың саны 850 мыңға жуықтаған. Бірақ бұл нақты сан емес. Қазақстанда қанша оралман бар деген сауалға статистика мамандарының өздері де мардымды жауап бере алмайтын көрінеді.
Соңғы кездері қазақ көші тоқтап қалды немесе келушілердің легі азая бастаған деген мәселе жиі көтеріліп жүр. Бұл нені білдіреді?Мұның себебін көші-қон саясатының тыңғылықты түрде дұрыс жоспарланбағанынан іздеу керек сияқты. Шын мәнінде, тарихи Отанына оралуға әзір отырған қандас шетелде әлі де көп дейді білетіндер. Ал, еліміздің көші-қон саясатында көзге ұрып тұрған кемшіліктер өте көп. Құжат алудағы кедергілер мен қиындықтар, шетелден көшіп келген жоғары білімді азаматтың өз Отанына келгенде алған білімінің кәдеге аспай қалуы шаруашылық жүргізуге, жеке кәсіппен айналысуға жағдайдың жасалмауы. Мәселен, малшаруашылығымен айналысайын десе, бос жатқан жер жоқ. Егін салайын десе, ол жердің барлығы әлдекімнің меншігі. Көші-қонның дұрыс жоспарланбауынан жыл сайын оралманға арналып қазынадан бөлінген қаншама қаражат кері қайтып жатқанға ұқсайды. Бұған оралман емес, дұрыс жұмыс жүргізе алмай отырған құзырлы орындар кінәлі екені бесенеден белгілі. Себебі, алып аумақты алып жатқан азғантай қазақтың қатары бір адаммен толықса да, ол біз үшін қуаныш болуы керек еді.
Биыл оралман бауырларымызға ұнамайтын тағы бір мәселе бой көтергенін айта кетейік. Үкіметтің 2011 жылғы 22-желтоқсандағы қаулысымен 2011-2014 жылдары әр жыл сайын 10 мың отбасыға квота бөлінеді деп бекітілген болатын. Үкімет енді бұл қаулыны кері қайтарып алыпты. Осыған сәйкес оралмандарға берілетін квота белгілі бір мерзімге дейін тоқтатылған. Шымкент қаласына көшіп келген қандастарымыз осы мәселеге байланысты қатты алаңдаушылық білдіріп, көші-қон полициясының алдын торуылдап жүр. Олардың білгісі келетіні мемлекет қолдау көрсетіп, оралман ретінде квота бөліп бере ме жоқ па деген сұрақтың жауабы. «Тарихи Отанымызды аңсап келгенде осылай тағдырдың тәлкегіне салып қойғандары несі»,- деп ашуланып жүрген бір адам.
Квотаны беруде де тиісті орындар неше түрлі құйтырқылықтарға барады дейді оралмандар. Шыны керек, қай жерде ақша жүреді, сол жерде жемқорлықтың да қанат жая түсетіні ешкімге жасырын болмай қалған. Расымен де көші-қон саласын жемқорлықтан алыс дей қою қиын. Бұған оралмандар арасындағы әңгіме мен еліміздің әрбір өңірлерінде қолға түсіп жатқан көші-қон полицейлері мен делдалдардың істері куә. Бұл жағдай айтылып та, жазылып та жүр. Әсіресе, квота алуға ниеттілерге «көмектесеміз» деген желеумен екі арада жүретін делдалдардың барын ешкім жоққа шығара қоймас. Шеттен келіп, бұл елдің заңнамаларын дұрыс білмейтін, тіпті орыс тілінен, кирилл әліпбиінен қиналатындары да, сауатсыз азаматтар да жоқ емес. Одан қалса біздегі қағазбастылықтан ығыры шығатындар да жеткілікті. Осындай азаматтарға құжаттарын дұрыстап беруге көмектесіп, сол қызметі үшін квотаның 10-15% өзіне алып қалатын делдалдардың бар екендігін жиі естиміз. Тіпті, олар алынған пайызды тиісті мекеме қызметкерлерімен бөлісетіндіктерін де айтып қалады екен. Осылайша, бұл саладан да сыбайлас жемқорлықтың иісі аңқ етіп шығады.
Ресми деректерді сөйлетсек, Қазақстанға көшіп келген оралмандардың басым бөлігі ОҚО-ға қоныс тепкен. Былтыр өңірімізге 15000 оралман келсе, биылғы 4-5 айда олардың саны 3000-ға жетіпті. Барлығы да тіркеліп, оралман мәртебесіне ие болған. Дегенмен «мәртебелі» қандастарымыз еліне келіп өгей ұлдың күйін кешуде. Олар Отанына келерде осы квотаны алып, жағдайын жақсартып алмаса да ең болмағанда үйлі-жайлы боламыз ғой деп белді бекем буып келетіні белгілі. Келгенде алдынан күтіп тұрғаны мына жағдай. Осыдан кейін алыстағы ағайындарымызды өкпелетіп алмаймыз ба деген сұрақ туындайды.
Оралмандарға қатысты қиындық тек квота мәселесімен ғана шектеліп тұрған жоқ. Еліміздегі қағазбастылық та олардың әбден ыңырын шығарған. Шеттегі қазақтар елімізге келіп тіркеуге тұрып, Қазақстан азаматтығына қол жеткізу үшін бас-аяғы бір жыл уақытын текке сарп етеді екен. Енді ойлап қараңызшы, егер елдегі бюрократия қандастардың қанын осылай «қайната» берсе, осыдан кейін мұнда кім келеді?
Мәселен, 1954 жылы атақонысынан ауып, тар жол тайғақ кешуден өткен қазақтар Түркияға барғанда, жергілікті билік органдары қандастарымыздың құжаттарын еш қиындықсыз рәсімдеп берген екен. Басқа жеңілдіктерді айтпағанның өзінде, оларға қоғамдық көліктерде тегін жүруге де жағдай жасапты. Арнайы бейімдеу орталықтарын ашып қоюы да үлкен көмек болғаны анық. Сондай бауырмал Түркия елінен оралған әлгі қазақтар Қазақстанға келіп, мұндағы қағазбастылық «жүйеге» таңғалатынын айтады. «Қазақстанның Түркия мемлекетіндей көмек көрсете алмауы, расында да, бізді қатты қынжылтты» — дейді кейбірі.
Жасыратыны жоқ, шеттен келген ағайындарды Қазақстандағы орысы бар, орысмінездісі бар, «орысша білмейсіңдер» деп дөңайбат көрсетіп жатады. Онысымен қоймай, жөнді қызмет те жасамайды екен. Ағайындардың кейбірі мұндай жағдайға тап болған соң кері қайтып кетіп жатқан көрінеді.
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының өкілі, жазушы, журналист Жәди Шәкенұлы2008 жылдың жаз айында Түркияда болыпты.Сонда бірқатар отбасылардың Қазақстаннан қайтып көшіп барғандарын көргенін айтады. Олармен аз кем әңгімелескен соң,неге Түркияға қайтып келдіңіздер деп сұраса «Қағазбастылықтан шаршадық. Оған төзе алмадық» — деген жауап алыпты. Айтса айтқандай-ақ аталмыш қағазбастылықтан тек оралмандар емес, жергілікті халықтың да әбден ығыры шыққан.ӘсіресеХалыққа қызмет көрсету орталығына барғанда жүйкеңнің жүндей түтілетіні бар. Жап-жас қыздар отырып алып, бір қағазға он рет жүгіртеді. Оның үстіне не орысша, не қазақша дұрыс сөйлей алмайтын қыздардың мінездері түйеден түскендей, шетінен дөрекі. Осындайда «Халықпен жұмыс жасайтын қызметкерлерге бақылау, түсіндіру жұмыстары неге жүргізілмейді екен?» деп налисың.
Бүгіндері шет жұрттан келген қандастардың басына неше түрлі ауырлықтар түсіп жатқанын сезбеу мүмкін емес. Өзге ұлттар мен орысмінезділер былай тұрсын, енді қазақтардың өзі оралман десе тіксіне қарайтынды шығарыпты. «Онсызда өзіміз күнімізді әзер көріп жүргенде бұлар да бір бәле болды ау» дейтіндер көбейе бастаған. «Алдымен өзімізді жарылқаса қайтер еді, ата-бабасы отанынан тұра қашқандардың ұрпағын ұлықтағаннан не ұтамыз» деп билікке, оралмандарға өкпелеп жүргендердің сөзін жиі естуге болады қазір. Жәутеңкөз оралман бұл сөзді естіп одан сайын қапа болары сөзсіз. Елім деп келгенде өзекке тепкен кейбір қандастарымыздың тірлігі мен сөздері жаныңды осылай қинайды. Бұның барлығы да елдегі әлеуметтік ахуалдың шекемізді шылқытып тұрмағанынан болар. Дегенмен өкпені оралманнан гөрі оларды дайындықсыз шақырып алып, енді не істесең оны істе деп «есігін» тарс жауып отырған билікке айтқан дұрыс сияқты. Шақырарымызды шақырып алып, жатжұрттан келген, жергілікті жердің заңынан, өмір сүру дағдысы мен салт-санасынан хабары аздау қарадомалақтарымызға қырын қарағанымыз иманды еліміз, қонақжай қазағымыз үшін ұятты-ақ жағдай. Онсыз да тақырға шыққан қамыстай аз қазақтың санын көбейте алмай жатқанда Отанын сағынып келген, елін аңсап келген оралман бауырды тентіретіп қойғанымыз саналылыққа жатпаса керек. Оралмандардың мәселесін шешетін билік жағалап жүрген шен-шекпенділер бұдан былай олардың обалына қалмаса екен деп тілейміз.
Сіз не дейсіз?
Уәзира Артықбаева, оралман:
— Мына көші-қон полициясына күнде әуре болып келіп-кетіп жүрміз. Бар үмітіміз осы квотаға тіреліп отыр. Қазақстанға былтыр көшіп келгенбізі. Сол уақыттан бері квота ала алмай сандалып жүрміз. Отбасымның бар арманы — Қазақстанның азаматы атану. Бірақ соған әлі жете алмай жатырмыз. Пәтер жалдап, көрінгеннің босағасын сығалап, ілінген жұмысты істеп, күнімізді әзер көріп отырмыз. Күйеуім мүгедек. Жағдайымыз бұдан әрі қалай боларын ойласам мазам қашады.
Балтабек Абылаев, ОҚО ІІД-нің көші-қон полициясының бастығы.
— Квота қашан бөлінеді деген сұраққа келсек, ол қазір уақытша тоқтатылып отыр. Неге екенін айтайын. Квотаны облыстар бойынша дұрыс бөлу мәселесі Үкіметте қайта қаралып жатыр. Қарап біткен соң ғана біз осы мәселеге қатысты нақты жұмыс істеуге кірісеміз.
Дәурен ӘБДІРАМАНОВ.
- АҚПАРАТТАР
200 ГЕКТАР ЖЕР БЕРІЛГЕН
Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданында 200 гектардан астам жер көкөніс өсіру үшін оралмандар отбасына беріліпті.
ҚазТАГ-тің хабарлауынша, жер суландыратын жүйе құру үшін Қытайдан келген оралмандар өткен жылы өз қолдарымен сонау 1949 жылы тұтқынға түскен жапондықтар салған Ұранхай өзеніндегі бөгетті қалпына келтірген. Бұдан бөлек, тереңдігі – 1,5 ұзындығы 6 мың метр болатын арық қазған. Жергілікті әкімдікте атап көрсетілгендей, олар көкөніс өсіру үшін Шымқора учаскесінен бөлінген тағы да 100 гектар жерге толығымен суландыру жұмыстарын жүргізіпті.
Аблакет ауылдық округінде 50 оралман отбасы 84 гектар жерді өңдеп, картоп отырғызу үшін биыл оларға қосымша 17 гектар бөлінген. Айта кетейік, Өскеменді жыл бойы жаңа піскен көкөністермен қамтамасыз ету мақсатында ауданда жылыжай кешенін кеңейту жұмыстары бастау алған. Бүгінгі таңда жұмыс істеп тұрған қияр мен қызанақ өсіретін 2 жылыжайдан басқа, 2015 жылға қарай тағы да 10 жылыжай мен көкөніс қоймасы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
237 МЫҢ ТЕҢГЕГЕ ӨСПЕК
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон квотасын бекіте отырып, 2011 жылға әр оралманға төленетін жәрдемақы көлемін 187,7 мың теңге деп көрсетекені белгілі. Енді оны 212 мың теңгеге дейін арттыратындықтарын мәлімдеді. Ал, 2013 жылы бұл сома – 237 мың теңгеге дейін өспек. 2011 жылы бұл бағдарламаға бөлінген бюджеттік шығындардың көлемі — 12,055 млрд. теңге болса, 2012 жылға бөлінген қаржы – 14,995 млрд. теңге, 2013 жылға – 16,043 млрд. теңге. Демек, жыл сайын бұл мақсатқа бөлінген қаржы көлемі арта беретін болады. Қазақстанға 1991 жылдан алыс-жуық шетелдерден миллионға жуық адам оралған. Олардың көбі – Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан, Алматы облыстары мен Жаңаөзен, Алматы, Тараз қалаларына шоғырланған.
«НҰРЛЫ КӨШ» ӘЛІ ДЕ ШИКІ
«ҚР Парламенті Мәжілісінде ҚР Үкіметінің 2011 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебіне қорытынды жасаған есеп комитетінің төрағасы Омархан Өксікбаев «Нұрлы көш» бағдарламасы тиімсіз жүзеге асырылып жатыр деп мәлімдеді.
Мәселен, есепті кезеңде жалпы құны 2,6 млрд. теңгеден астам сомаға 3223 пәтер салынған болса, бір жылдан бері соның 622-не ешкім қоныстанбаған. Сондықтан да, бағдарлама әлі де пысықтауды, жақсартуды қажет етеді»,-дейді Омархан Өксікбаев.
Есеп комитетінің келтірген деректеріне қарағанда, бағдарламаның орындалуы, оның аясындағы шараларды іске асыру барысында тиісті мониторинг және ведомствоаралық өзара іс-қимыл ұйымдастырылмаған. 21 іс-шараның 9-ы орындалып, 3-уі орындалмаған, 9 іс-шара ішінара, кешіктіріліп және сапасыз атқарылған. Бұдан бөлек, салынған тұрғын үйлердің өз бағытты орнына пайдаланылмай отырғандығы анықталған.
АРТЫҚ БОЛМАС БІЛГЕНІҢ …
1. 1992 жылдан бері Оңтүстік Қазақстан облысына алыс-жақын шетелдерден 171220 қандасымыз көшіп келген.
2. Елiмiзге оралуға өтiнiш бiлдiрген оралмандардың 99%-ы көршi Өзбекстаннан екен.
3. Статистика мамандарының есебі бойынша жергілікті тұрғындарға қарағанда оралмандардың ішінде бала туу көрсеткіші жоғары көрінеді.
4. Этнографтар оралман қандастарымыз ұлтымыздың ұмыт болған оншақты салт-дәстүрін, «жүздеген ән-күйлерін әкеліп, халық арасына танытып жүр»,- дейді. Соның ішінде «Қаражорға» биі де бар.