Шымкентте соңғы 4 айда 176 қақпақ ұрланған

311

2011 жылы кәріз жүйелерінің 546 қақпағы ұрланған. Бақылау қаншалықты күшейтілгенімен, қақпақты қымқыру тыйылмай отыр. Қайта ұрлық тым жиілеп кетті. Мәселен, 2010 жылы 150 қақпақ ұрланса, 2012 жылдың 4 айында қақпақ ұрлаудың 176 факті тіркеліп үлгерген. Аузы ашық қалған кәріз жүйелері тұрғысында «Су ресурстары маркетингі «ЖШС-і ОДС-ның басшысы Рамазан Жанбағысовпен тілдестік.

 Рамазан Рахымұлы, жалпы кәріз жүйелерінің қақпақтары не үшін қажет?

— Біздің ұжымның негізгі мақсаты-халықты таза, сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету. Су тұтынушыға жетем дегенше талай құбыр, түтіктерден өтеді. Сол өткелдер мен құбырлардың дұрыс жұмыс істеп тұруын бақылап отыру үшін де кәріз жүйелерінің шұқырлары қажет. Бұл шұқырларда кәріз жүйелерінен өзге, ирригациялық, жылу, кабельді, жылу жүйелерінің жиынтықтары шоғырланған. Олардың барлығын біз «профилактиакалық» деп атаймыз. Бұл жүйелердің жұмысының сапасын жақсарту мақсатында алдын-алу, күрделі және мерзімдік жөндеу жұмыстарын жиі жүргізіп отырамыз. Жоспарлы жұмыстар немесе апатты жағдайларда олар бізге ауадай керек. Сондықтан да қақпақтар берік жабулы боп, шұқырға қоқыстар, бөгде заттар түспеуі тиіс.

Қаламызда қанша кәріз жүйелік және су құбырларының шұқырлары бар?

— Шымкентте су құбырының 4500 және кәріз жүйесінің10 000 құдығы бар. Өкінішке орай, кейбір құрылыс жүргізген жол жөндеушілердің «жаны ауырмас» әрекеттерінің арқасында көптеген құдықтар асфальттің астында қалып қойған. Бұл жол беруге болмайтын жағдай. Ең бірінші кезекте, апатты жағдайда жөндеу бригадалары көп уақытын құдықтарды іздестіруге жұмсауға мәжбүр болады. Жаңадан асфальттанған жолда жөндеуден кейін ойықтар пайда болатыны да сондықтан.

 Рамазан Рахымұлы, қанша айтылып, жазылып, мәселе көтерілгенімен, құдықтардың қақпақтарын ұрлау фактілері көбеймесе, азаймай отыр. Сіздің ойыңызша бұған не себеп?

— Қақпақтар мықты металл-шойыннан жасалады. Оны ұрлап, нәпақа табудың көзіне айналдырғандар өзгені ойламайтын тоғышар жандар. Ұрлағандар да, металл ретінде қабылдап алғандар да қылмыскерлер. Олар қаншама адамның өміріне қауіп төндіреді. Өзіңіз ойлаңызшы, аузы ашық қалған кәріз жүйесі құдықтарының қаншалықты қауіпті екені, айтпаса түсінікті болар. Өкінішке орай, жаза қаншалықты қатал болғанымен, ұрлау азаяр емес. Әсіресе, «Нұрсәт» шағынауданында қақпақ ұрлығы өршіп тұр. Бір жарым айдың ішінде 53 кәріз жүйесінің қақпағы ұрланған. Ақпан, наурыз айларында Шымкент ҚІІБ бастығы Сапарбековтың ұйымдастыруымен талай рет рейдтер ұйымдастырылды. Нәтижесінде ортада жүрген делдалдар ұсталып, бірақ қақпақтар қайтарылған жоқ. Сәуір айында Абай аудандық ІІБ-нің жедел іс-шаралары нәтижесінде Дулати көшесі, №118 үйден қылмыскерлер қолға түсті. Олар ұзақ уақыт бойы қақпақтарды қымқырып келген.

Фактілер анықталып, қымқырғандар қолға түсті. Ары қарай не шара көрмекшісіздер?

— Біз ОҚО әкімінің орынбасарына арнайы хат жолдадық. Қаладағы құдықтардың қақпақтарын ұрлау фактілерінің жиілегенін біле тұра, ұрлық фактісіне қатысы бар кәсіпкерлердің лицензияларын алып тастау турасында өтініш жасадық. Тағы да қала тұрғындары мен әрбір тұтынушыға айтарым, осы дендеген ұрлықпен бірлесе күресуісміз қажет. Аулаңыздағы құдықтың қақпағын ұрлап датқанын байқасаңыз, шет қалмай, бірден тиісті орындарға хабарласыңыз. Мүмкіндікті пайдаланып, барлық оңтүстікқазақстандықтарды 1-ші Мамыр-Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен құттықтаймын! Мықты денсаулық, отбасыларына амандық, береке тілеймін. Ең бастысы, «су ішкен құдығыңа түкірме» деген халық даналығын жадыңыздан шығармаңыз.

«Су ресурстары маркетингі» ЖШС-нің байланыс тел: қабылдау бөлімі: 32-11-95, 32-11-94, 32-11-90; орталық диспетчерлік қызмет: 32-12-74, 32-35-74; «жедел желі» – 32-12-75. Тұрғындардың су балансы инспекциясы – 32-11-80. Жөндеу шеберханасы: 52-71-57, 52-82-74. Факс – 32-25-44. E-mail: water_shm@mail.ru