Шымкентте сыйға тартылған заттардан жиналған мұражай-кафе жұмыс істейді

216
20-дан астам спорттық атрибутика бар

«Штанга» жанкүйерлер орталығының сыртқы көрінісіне қарап, бұл футбол орталығы екенін аңғармайсыз да. Қарапайым кафе секілді. Алайда, ішіне кіре мұндағы спорттық атрибутикаларға көз жүгіртсеңіз орталықтың қожайыны «Ордабасы» командасының нағыз жанкүйері екеніне көз жеткізесіз. Мұндағы әрбір затты Ғалымжан Әбдіраманов жылдар бойы жинаған. Осыдан үш жыл бұрын алғаш рет «Штанганың» маңдайшасына ұлттық құраманың сол кездегі футболшысы Фархадбек Ирисметовтың жейдесін іліпті. Содан бері бұл іс Ғалымжанның әуес ісіне айналған.

– Әрине, сүйікті команданың әрбір ойынын жібермейміз, тіпті жаттығуларына да барып тұруға тырысамыз. Міне, сондай матчтардан кейін бас қосып, ойынды талқылайтын орын іздеп әлек болатынбыз. Сондай кездесудің бірінде мачтан соң бас қосатын өз орталығымызды неге ашпасқа деген ой келді. Үш жыл бұрын «ордабасылықтардың» жолы болмай-ақ жүрген кезі ғой. Ондай уақытта жанкүйерлердің жүйкесі тозып, неге бұлай болды екен деп басы қатады. Осындай сәттерде көкейде жүрген сауалды бірлесе талқылау әрбірімізге қажет-ақ. Осы орталық сондай кезде таптырмас орынға айналды. Алғашында мұнда қабырғалар бос болатын. Алайда уақыт өте спорттық атрибутикаға толып келеді. Бүгінде жиырмадан астам зат бар. Мүмкін одан да көп болар, санағаным жоқ. Жолдастарым немесе футболдағы таныстарым спорттық жәдігерлерді сыйға тарту етеді, алып келіп іліп қоямын.

– Мұнда футболға қатысы жоқ заттарды да көзіміз шалғандай?

– Негізгі бағыт – футбол. Алайда өзге спорт түрлерінің өкілдері жейдесін немесе өзге затын сыйға тартып жатса не себепті орталықтан оған орын тауып бермеске?! Мәселен, «Барыс» хоккейшісінің жейдесін елордалық жолдастарым сыйға тартты. Ойыннан кейін елімізге танымал хоккейшілер өз қолтаңбасын қойып, арнайы бізге беріп жіберіпті. Мұндай азаматтарға алғысым шексіз. Сондай-ақ, волейбол жанкүйерлерінен де тосын сыйға ие болдық. Астаналық таныстарым волейболдан ұлттық құраманың ойыншысының жейдесін алып келіп қуантты. Шымқалада осындай спорттық орталық бар, жанкүйерлер жиналып тұрады дегенді естісе керек: «Біздің де спорттық формамызға орын табылар»- деген сәлемдемесімен елордалық қонақтар орталыққа жейдені өзімен ала келіпті. Орын таптық, «Штанганың» төріне іліп қойдық.

-Кейде өзіңіз де қаражат жұмсап, сатып алатын кезіңіз де болатын шығар?

– Жоқ, сатып алмаймын. Біздің принцип солай. Тек спортшылардың өздері сыйға тартқан немесе оқиға орнынан алып келінген заттарды ғана орталықтың қабырғасына ілеміз. Әйтпесе, сауда орындарынан сатып алып, бұл жерді спорттық затқа толтырып тастауға да болар еді. Алайда, бұл орталықтың мәні кетіп қалады деп ойлаймын. Өйткені, мұндағы әр бір заттың өз тарихы және сыры болуы тиіс деп есептеймін. Сол себепті де тек сыйға берілгенді ғана ілемін. Мәселен, Нұрбол Жұмасқалиевтің жейдесін ұлттық құраманың ойыншысының өзі «Қазақстан-Армения» ойынынан кейін табыстаған болатын. Біз жанкүйерлер болып матчты тамашалап, отандастарымызды қолдауға тырысқан едік. Ал, осыдан үш жыл бұрын Таразда өткен «Ордабасы-Тобыл» ойынынан кейін Фархадбек Ирисметов өз жейдесін біздің орталыққа сыйлады. Азат Нұрғалиевтің де формасы осында. Ордабасылық Эндрю де жейдесін сыйлады. Мұның барлығы да футболшылармен жанкүйерлердің арасындағы қарым-қатынастың бар екенін айқындай түседі. Кейде жиналып, пікір алмасып та тұрамыз.

– Мына бір жалғыз бутсы кімдікі?

– Бұны Олег Воскобойников сыйлаған. Оның айтуынша бұл бутсыды киіп ол ұлттық құраманың сапында өнер көрсеткен екен. Сәттілік алып келсін деп біз оны өз орталығымызға қойдық. Біз де ырымға сенеміз ғой. Оның үстіне суреттеріміз де жетерлік. Келген әрбір қонақпен суретке түсуге тырысамыз. Өйткені, ол да тарих қой. Кейін еске алып, орталықтың мұражайына қоямыз. Әрине, алдағы кезде жанкүйерлермен футболшылардың ресми жиындарын өткізу жоспарда бар. Әзірге, мұнда тек таныстар ғана келіп тұрады. Аптасына бір рет жиналып, дастархан басында футбол жайында әңгіме қозғаймыз. Көкейімізде көптен бері жүрген бір ой Көкейімде көптен бергі жүрген бір ой «Ордабасының» ойыны кезінде ешқандай бір атрибутикалық зат сатылмайтындығы неге? Бұл да болса біздің заман ағымынан қалып жатқанымыздың айғағы. Оған көп қаражат немесе уақыт та қажет емес деп ойлаймын. Бұл жанкүйерлер үшін қажет. Сүйікті командамыздың белгі заттары сатылса, оны сатып алып, естелікке сақтасақ қандай ғанибет болар еді. Мүмкін алдағы уақытта бұл мәселе де қаралып, қажетті жағдай жасалар деп үміттенемін.

-Орталықты кеңейту жоспарыңызда бар шығар?

– Әрине, бар. Алайда негізгі жұмысым көп кезде, бұл әуесіме уақыт болмайды. Сол себепті де, әзірге, осының өзін медет тұта тұрамыз. Жанкүйерлер болып жиналып осы орталықта футбол көреміз, бірлесе шет алаңдағы ойындарға барып тұруға тырысамыз. Өйткені, бұл біздің команда ғой. Оңтүстік өңірінің мақтанышы.

– Жоспарыңызды іске асыруда сәттілік тілейміз, сұхбатыңызға рахмет.