Шымкенттегі әскерилерге пәтер кілті табысталды

Бүгін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына 20 жыл толды. Атаулы дата еліміздің түкпір-түкпірінде ерекше аталып өтілді. Шымкентте өткен Әскери шеру мерекенің мерейін асырды. Ел тыныштығын қызғыштай қорғаған қорғаныс саласы қызметкерлерінің жиыны салтанаттың сәнін келтірді.

Әскери шеруге оңтүстіктегі бүкіл гарнизон жиналды. Әскери бөлімдердің сарбаздары, мектеп интернатының тәрбиеленушілері, әскери кафедра тыңдаушылары мен ауған соғысының ардагерлері шеруге арналған формамен сап түзеп Әл-Фараби алаңының ажарын аша түсті.

Сап түзеген әр топ оңтүстіктегі әскерилердің әлін көрсетті. Алаңда адымдаған шерушілердің әр қимылы Қазақстан әскерінің айбындылығын айтпастан-ақ танытты. Мұндай ауқымды шараға алғаш рет қатысып отырған ОҚМФА әскери кафедрасы үшін үлкен мәртебе. Тыңдаушылар офицерлер қатарынан қалмай, кафедрададағы кәсіп меңгергендігін көрсетті.

Бұдан соң әскери техникалардың шеруі басталды. Алаңға шыққан ауыр артиллерия оңүстіктегі әскери базадан әсер қалдырды. Ұрыс қимылдарына қажетті қарудың бірнеше түрлері шеруді тамашалушылардың назарына ұсынылды.

Шерудің соңы Жұмат Шанин атындағы қазақ сазды драма театрындағы салтанатты жиынға ұласты. Мұнда қорғаныс саласының елеулі еңбегі мен қызмет бабында өжеттілігін көрсеткен әскерилер марапатталды. Олардың бірқатарына мемлекеттік орден, қорғаныс министрлігінің грамотасы және облыс әкімінің мадақтамасы берілді. Опиев оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан сарбаз. Бүгін марқұмның атына екінші дәрежелі «Айбын» ордені берілді. Төсбелгі мен марапаттауды сарбаздың әкесі қабыл алды. Бірақ сарбаздың анасының арманы Айбын ордені емес еді.

Ал Жомарт Ысқақов үшін бүгін өміріндегі ең маңызды мереке. Қорғаныс департаменті бастығының орынбасары мерейтойды асыға күткен. Оның үстіне министрліктің мадақтамасын да алды.

Жалпы Қарулы Күштердің 20 жылдық мерейтойы барша әскерилерді қуанышқа бөледі десек артық айтпаспыз. Өйткені Шымкенттегі әскери гарнизонның 60 қызметкеріне осы күні пәтер кілті табысталды.