Жиде гүлдегенде жүйкеге салмақ түседі

Расында да жиде гүлдегенде адамдар арасында психикалық ауытқулар болуы мүмкін бе? Бұл медицинада дәлелденген бе? Қазақта «жиде ағашы гүлдегенде» деген сөз тіркесі бар. Бұл әдетте көктемде қозатын ауруларға қатысты айтылып жатады. Шымкент қаласында орналасқан «Облыстық жүйке аурулар диспансері» мемлекеттік мекемесіне жауап іздетіп бізді жетелеген сұрақтар осы болды.

Дәрігерлер көп аурудың көктемде қозатындығын растайды. Кейбір психологиялық ауытқушылықтар да жылдың дәл осы кезеңінде бас көтереді екен. Диспансерде 30 мыңға жуық азамат жүйке ауруына шалдыққан науқас ретінде тіркелген. 660 орынға арналған аурухана науқасқа лық толы. Олай дейтініміз, белгіленген орыннан бөлек, ем алушылардың қатары 10 %-ға артық. Науқастардың басым бөлігі – созылмалы дертке ұшырағандар.

Бүгінде жүйкесінде «жүгі» жоқ адамды кездестіру мүмкін емес сияқты. Күнделікті күйбең тірліктің қамымен жүйкенің қалай жұқарғанын да білмей қаламыз. Арпалысқа, күреске толы өмірдің асау белестерін «бағындырып» жүріп, бағытынан жаңылатындар да басым. Осы қалпын асқындырып алатындар, аталған диспансердің емін алуға мәжбүр.

Психотерапевт дәрігерлер адамдардың 90 %-ын невроз ауруына шалдыққандар деп есептейді. Олар өз жүйкесінде ауытқушылық бар екенін өздері білмей, басқа дәрігерлердің есігін тоздыратын көрінеді. Осындайда терапевтердің жаттанды «барлығы да нервтен» деген сөзі еріксіз ойға оралады. Расында да жүйкенің жұқаруы түрлі ауруларды қоздырып, тіпті мүгедектікке де алып келеді.

Жүйке ауруына шалдыққан адамдардың саны жөнiнен Оңтүстiк Қазақстан облысы республикада алдыңғы орындардың бiрiнде. Дәлiрек айтсақ, Оңтүстiкте 32 мыңнан аса жан психикалық науқас ретiнде есепке алынған. Ал тіркелмегені қаншама? Ал, әлем бойынша жыл сайын 10-15 миллионға жуық адам өзiн өзi өлтiруге әрекет жасайтын көрiнедi. Мамандар «соның 1 миллионнан астамы өледі» дейдi. Бұл жүйкенiң қалыпты емес жағдайынан туындайтын немесе атадан балаға қанмен берiлетiн дерттiң түрi болып есептеледi.

Бүгiнде экономикалық, рухани дағдарыстың салдарынан көп отбасы ұрыс-керiстің ошағына айналды. Қу жетіспеушіліктің кесiрiнен тұрмыстарын түзеймiз деп, банктерден несие алып, салдарынан қарызға белшесiнен батып қалғандар да бар. Осы сияқты тіршіліктің түйткілдерін уайымдап, жүйкелерiн жұқартқан азаматтар соңында саулығының қалайша сыр бергендігін және психикалық ауытқушылыққа шалдыққанын байқамай да қалады. Жүйкесі жұқарғандардың қатары осылайша күн сайын толығып жатыр…

Диспансердің жоғары санатты дәрігер-психиатры Нұрлыбек Байболғановтың айтуынша, ауруды дер кезiнде аңғарып, тиiстi сала мамандарына көмекке жүгiне бiлсе, бұл дерттен айығуға болады. Себебi, қазiр медицина өте қарқынды дамып келедi. Жүйке аурулары диспансерi өздерiнiң бұрынғы ескi емдеу әдiстерiн толықтай дерлiк жаңа технологиялармен алмастырған. Ал, егер де науқас уақтылы ем қабылдамай, дертiн асқындырып алса, ол созылмалы және жазылуы екiталай ауруға айналып кету қаупi бар.

Қазiргi таңда облыстық жүйке аурулары диспансерiндегi ең көп кездесетiн ауру – жүйкеге шамадан тыс салмақ түсуден, яғни түрлi «стрестерден» невроздар пайда болады екен. Осы дертке шалдыққан адамдардың 25 пайызы ғана психотерапевтке келiп қаралатын көрiнедi. Ал, қалған бөлiгi ауруын елемей жүрудің кесірінен дерттің екінші түріне «психозға» өтеді. Психоз-жүйкенің толықтай ауытқуы. Қарапайым тілмен айтсақ-жындану. Жынданудың алдын алу үшін стресс, депрессия деген психологиялық құбылыстарды жеңе білу керек. Ал мұндайда, «мен жынды емеспін» деп психологтарға үрке қарайтындар көп. Шын мәнінде психологтың кеңесін алғанда тұрған ештеңе жоқ.

Жалпы, психология дегенiмiз -адамның жанын, оның психикасын тану болып табылады. Психолог- күйзелiске ұшыраған адамның мiнез-құлқындағы өзгерiстердi зерттей отырып, оған тығырықтан шығуға психологиялық кеңес беретiн маман. Психологқа жүгiнген адамдар клиникалық сау адамдар болып есептеледi. Ал, психотерапевт -адамның жүйке жүйесiндегi психологиялық ауытқулары асқынып, белгiлi себептерге байланысты клиникалық өзгерiстерден бөлек, науқастық деңгейге жеткендерге емдiк көмек көрсететiн маман.

Ал енді жүйкесі тозғандардың жас ерекшеліктерін екшейтін болсақ, бұл дертке шалыдққандар арасында бозбала-бойжеткендерден бастап, қарттарға дейін бар. Әсіресе, Тіпті мектеп жасындағы балалардың арасында да ақыл-есінің ауытқушылығы барлар жиі кездесе бастаған. Мұндай балалар көбіне құрдастарының ауыр сөзін немесе сын ескертпелерді көтере алмай, күйгелектеніп, жасаған іс-әрекетіне жауап бере алмай жатады. Аурудың көбеюіне әсер ететін факторлар көп. Бірақ, негізгісі- отбасылық мәселелер. Балаға ата-анасының арасындағы нашар қарым-қатынас әсер ететін болса, бұл себеп орта жастағы адамдардың да психикасына әсер ететін негіз болып саналады. Сондай-ақ, жүйке ауруына көбiнесе нашақорлар мен токсикомандар шалдығады. Бұл-аурудың ең ауыр түрi. Жалпы, жүйке ауруына ұшыраған адамның жүрек ауруына шалдығу қаупi сау адаммен салыстырғанда екi есе жоғары болады. Себебi, жүрек жүйкемен тығыз байланыста. Қазiр күйзелiске ұшырап, өз-өзiне қол жұмсап жатқандарды есепке алмағанда, жүйкесi жұқарудың салдарынан түрлi дерттерге ұшырап, өмiрден озғандардың саны қант диабетi және жүрек ауруымен ауырып, өмiрмен қоштасып жатқандардың санымен бiрдей екендiгi дәлелденген. Ескеретін жәйт, әрбiр адам өзiнiң өмiрiнде мiндеттi түрде психикалық аурудың әйтеуiр бiр түрiмен ауырады екен. Одан медициналық әдістер арқылы немесе жақындарының көмегімен шығып кетуі мүмкін. Ал депрессия мен стресс аталатын әпкелі-сіңлілі екеуді ұдайы жанына серік етіп жүре бере беретін болса, «жындыхана» кереуетіне таңылуы ғажап емес.

Айтпақшы бұл дертпен көбіне әйелдер ауырады екен. Себебі күйзеліске бейім әрі уайымшыл келетін нәзік жандылар ішкі күйзелісін басқаларға айтуға жасқанып жататыны бар. Жүйке жүйесінде ауытқушылығы басталған адамның көңіл-күйі жиі бұзылып, тез шаршайды. Бойды әлсіздік билеп, ашушаңдық билейді. Тіпті асқа тәбет болмай, ұйқы қашады. Егер бұл өзгерістер екі аптаға созылса, онда уақыт оздырмай дәрігерге қаралған дұрыс. Өйтпесе адам ауыр күйзеліске ұшырап, өмірге деген қызығушылығын жоғалтып алуы әбден мүмкін.

Нұрлыбек Байболғанов, Облыстық жүйке аурулар диспансерінің 1-ерлер бөлімінің меңгерушісі, жоғары санатты психиатр: «Мемлекеттік мекеме қызметінің мақсаты- жүйке ауруларымен зардап шегуші тұлғаларға амбулаторлық және стационарлық жағдайда мамандандырылған жоғары білікті консультативтік, емдеу-диагностикалық және әлеуметтік оңалту жәрдемін көрсету болып табылады. Қазіргі таңда диспансерде түрлі себептермен келген науқастар ем алуда. Соңғы кездері алаяқтарға алданған немесе кредиттен «күйген», отбасындағы ұрыс-керіс сияқты жағдайлардан соң өз-өзіне қол жұмсап, о дүниеге аттанып кетіп жатқандар көбейіп барады. Бiздiң бiлетiнiмiз өз-өзiне тек жүйкесi әлсiз, психикасы бұзылған және галлюцинацияға ұшыраған адамдар ғана қол жұмсайды. Ал, жүйке жүйесi қалыпты адам кез келген жағдайда тығырықтан шығудың жолын iздестiредi және өлiм туралы мүлде ойламайды. Психикалық аурулардың түрi бүгiнгi таңда өте көп. Мәселен, жүйке жүйесi аурулары органикалық, экзогендiк және эндогендiк болып бөлiнедi. Органикалық топқа көбiне «стреске» ұшыраған науқастар жатады. Экзогендiк- сырттан келген ауруларға байланысты психикалық үзiлiстер. Оған мәселен, инсульт ауруын жатқызуға болады Ал, эндогендiк топқа адамның iшкi өзiндiк ұғымдарынан туатын жүйке аурулары, оның iшiнде тұқым қуалаушылық жолымен берiлетiн дерттердiң түрi кiредi. Жалпы алғанда психологиялық ауытқушылыққа шалыдққан науқастар толықтай тегін ем алады».

Депрессия кезінде көмектесетін бірнеше амалдар:

1. Ақтарыла сөйлесіңіз.
2. Хат жазыңыз (белгілі бір мекенжайды көрсетудің қажеттілігі жоқ)
3. Өзіңізге сыйлық жасаңыз.
4. Өзгеге жақсылық жасап, көмектесіңіз.
5.Аяқ астындағы жерді сезініңіз.
6.Қайғыны ойыңыздан жуып-шайып тастаңыз да, қайтып еске алмаңыз.
7. Жақсылық пен жамандық қатар жүретіндігін ұмытпаңыз.
8. Қағаз бен қаламға тек жақсы нәрселерді жазып, сол жақсылықтарды орындауға тырысыңыз.

Артық болмас білгенің…

1. Соңғы деректер бойынша әлемде 200 миллионнан астам адам әр түрлі жүйке ауруларына шалдыққан.

2. Жүйкенің жұқаруы адамды жүрек ауруларына шалдықтырып, өмірін қысқартады. Жүйкесі сыр берген адам тез қартаяды.

3. Күн нұрының жетіспеуі де жүйке ауруларына соқ­тыруы мүмкін.

4.Ағзада қажетті дәрумендер мен минерал заттардың жетіспеуі жүйкеге әсер етеді.

5. Өзін үнемі өзгеден кем санап, қор көріп жүретін адамдар-психологиялық дерттің бір түріне шалдыққан.
6. Дүниежүзiлiк Денсаулық Сақтау Ұйымының деректерi бойынша әлемде 450 миллионнан аса адам түрлi жүйке ауруларымен ауыратын көрiнедi. Оның үш жүз мыңға жуығы Қазақстанда тұрады екен.