«Нұртастың» жайы жырға айналды

«Нұртастың» жайы неге жырға айналды? Арнамыз бен сайтымызға шағымданып келген шағынауданның тұрғындары енді ешкімнің сөзіне сенбейміз деп отыр. Өйткені, сәуір айында қосылады деген мемлекеттік жарықтың жыры арада 2 ай өтсе де шешілмей келеді. Естеріңізде болса, «Нұртас» шағынауданына ауызсу, жарық, жол мәселесімен арнамыздың тілшілері бұған дейін де бірнеше рет барып келген болатын.

Уәделі уақыттың өткеніне 2 айдың жүзі болды. Ал Нұртастықтар бәз-баяғыша жекенің құзырындағы жарық қуатын тұтынуда. Жаңа трансформаторлар болса, осы күнге дейін іске қосылар емес. Электр қуатының әр киловаты үшін 20 теңге көлемінде төлеп жүрген мұндағы ағайын ұрланған жарық үшін тағы да қалтасын қағуға мәжбүр.

Баян апай, «Нұртас» шағынауданының тұрғыны: «Ай сайын 70-80 мың теңге жарық үшін ауыл болып қарызданып қала береміз. Осы бір мәселе бізді әбден мезі етті. Мемлекеттік трансформатор қойғанын қайтейін. Әлі күнге дейін оны іске қоспаса! Сол ток таратқыш құрылғыны осы жылдың сәуірінде қосамыз деген. Сәуіріңіз түгіл, міне мамыр өтті. Маусым да жақын күндері аяқталады. Біздің болса сапасыз жарықпен отырғанымыз мынау. Ай сайын 4-5 күн электр жарығынсыз қаламыз. Үйде кішкентай бала-шаға бар. Бізге өте қиын. 21 ғасырда емес, құдды бір орта ғасырда ғұмыр кешіп жатқандаймыз».

Елдімекендегі халайықпен кездесуге аудан басшысы тағы келді. Ашуға булыққан тұрғындар бар өкпесін әкімге артып әлек. Ал істің кешеуілдеуіне негізгі себепті ол бюджеттің жетіспеушілігінен көреді. Және «Нұртастағы» 2 мың түтіннің жарығы мен суы — бұл кезең-кезеңімен шешілетін мәселе екенін айтады.

Еңбекші ауданының әкімі Бақытжан Әшірбековтің сөзінше, нақты осы мәселе, бұйыртса, келесі сәрсенбіде шешілетін болады. Сол кезде мемлекеттік жарыққа қосыла алмай келе жатқан ауылдағы 800-дей отбасында үкіметтің жарығы жарқырамақ.

Бірақ қалған 1200 шаңырақтың коммуналдық қажеттілікке қашан қол жеткізері белгісіз.

Бақытжан ӘШІРБЕКОВ, Еңбекші ауданының әкімі: «14 маусым күні қалалық мәслихаттың сессиясында «Нұртас» шағынаудандағы қалған 1200 отбасының мәселесіне байланысты бюджеттен 1,5 млн. теңге бөлінді. Енді сол қаржыға ауылға келетін жарық пен ауыз судың жобалық сметалық құжаты әзірленетін болады. Әрине, қаржы аздау. Жетпеуі мүмкін. Сондықтан қалған үйлердің электр қуаты мен ауыз суы ретімен шешілетін болады».

Жаңақұрылысты елдімекендегі көше мен газ жәйінің де жолға қойылар күні тұманды. Көңілге бір демеу боларлығы сол, таяуда ауылға таза ауызсу келді. Бірақ оның өзі толық берілмейді дейді тұрғындар.