Перзентханада тағы да сәби шетінеді

323
туыстары наразы

Оңтүстікте ана мен бала өлімін қайтсек азайтамыз деп жатқанда, тағы да шу шықты. Қаламыздағы №2 перзентханада жаңа туған нәресте шетінеген. Ол жөнінде бізге әйелдің туыстары жеткізді. Осы оқиғаның анық-қанығына жету үшін облыстық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан құрылған арнайы комиссия іске кірісті. Апалы-сіңлілі Ақбердиевалар қайғылы оқиғаны естігелі бері абыр-сабыр күй кешуде. Осыдан үш күн бұрын босануға келген кіші сіңілісінің сәбиі шетінеп кеткен.

Айжан Ақбердиева, әпкесі: «Бізге сағат 4:00-де хабар берді. Жинап алып, баланың өлі туылғанын хабарлайды. Себебі неде десек, басы мен бір иығы шықты, біз тартып ала алмай қалдық дейді. Нәрестенің денесі үлкен болыпты. Бұл себеп емес, қазір біздің медицина саласы дамып жатқан да, осы себеп бола алады ма?»

39 жастағы келіншектің бұл 4-ші перзенті. Салмағы 4 келі 300 грамм болып туған. Екі ұлынан соң қыз сүйгісі келген ананың қуанышы ұзағынан болмады, деп күйінеді бауырлары.

Айжамал Ақбердиева, әпкесі: «Осыдан 14 жыл бұрын қыз туғанда, дәл осы перзентханада шетінеп кеткен. Біз ашуланбас едік, ал екі баласын өзге перзентханаларда аман-есен босанған.  Міне, төртінші қызы тағы да шетінеп беріп отыр.»

Ал перзентхана дәрігерлерінің айтуынша, бала босану кезінде көз жұмған. Олардың басты мақсаты ананы аман алып қалу болған.

Гулбану Сыздықова, Шымкент қалалық №2 перзентхананың бас дәрігері:«Бала өлі туылды. Босану кезінде иығымен келіп, ауырлық туған. Анық-қанығын сараптама жұмыстары аяқталған соң ғана айта аламын. Егер дәрігерлер кінәлі болса, тиісті шара қолданылатын болады.»

Бас дәрігер келтірген цифрларға сүйенсек, дәл осы перзентханада былтырғы жылы 7 бала шетінепті, биылғы жылғы бес айдың өзінде 5 бала жарық дүниені көре алмай көз жұмған. Ал соңғы сәби өлімі бойынша, бүгіннен перзентханада қызметтік тексеру басталды.