Тауға шығып түсе алмағандар құтқарылды

328

Оңтүстік Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері екі жасөспірімді құтқарды. Олар Біркөлік шатқалындағы таудың басына шығып алып, қайтып төменге түсе алмаған. Осылайша жарты күнге жуық ашық аспан астында қалып қояды.

Тау басында жоғалып кеткендер жайлы суыт хабар ТЖД-нің кезекші бөліміне 18-маусым күні күндізгі сағат 3-тер кезінде түскен. Оқиға орнына, яғни Біркөлікке 4 адамдық құтқару тобы шұғыл аттанады. Хабар берушілер жастардың тау басына жеңіл-желпі, ас-сусыз шығып кеткендерін айтқан.

Құтқару жұмыстары бірнеше сағатқа созылып, соңында жолы болмаған тауға өрмелеушілер құтқарылды. Сәті түскенде, аздап қорқып қалғаны болмаса, олар ешқандай ауыр жарақат алмаған.

Құтқарушылар табиғат аясына демалуға шығатын адамдардың ТЖД-не өздерінің бағыттары мен уақыттары жайлы ақпарат тастап кетулерін тағы да ескертеді. Бұл — келеңсіз жағдайлар барысында құтқару жұмыстарын жеңілдетуге сеп болады.