Желге ұшқан қайран миллиардтар

Соңғы кездері халық қалаулылары түрлі әлеуметтік бағдарламаларға Үкіметтен бөліген мемлекет қаржысының бей-берекет ысырап болғандығы хақында сауалдарды үдетті. Таяуда ғана мәжілісмен Мұхтар Тінікеев Есеп комитетінің төрағасы Омархан Өксікбаевтың есебін тыңдап болып, «надоело уже» деп үстелін тоқпақтаған еді. Өксікбаев не айтты дейсіз ғой, оның аузынан шыққан сандар естіген адамды мең-зең күйге түсіретіні анық.

Рас, Үкімет бюджеттен жырып, әлеуметтік салаға мемлекеттің қаржысын аяусыз бөліп-ақ жатыр. Түрлі әлеуметтік бағдарламалар қолға алынып, жоталы жұмыстар іске асырылуда. Дұрыс-ақ. Алайда әттеген-ай деп, бармағымызды шайнайтын тұстары баршылық. Бөлінген қомақты қаражаттың дұрыс жұмсалмауына кімді кінәлаймыз? Төрағаның мәлімдеуінше, қарапайым халық қаржыдан қысылып жатқанда әлеуметтік ахуалдың жайын көтеру үшін бөлінген 42 млрд теңге құмға сіңген судай жоғалған. Ресми мәліметтерге көз жүгіртер болсақ, өткен жылы игерілмей қалған қаржының көлемі 15 % – ға бір-ақ секіріпті. Бюджеттің бүйірін тескен миллиардтар бағытталған нысанаға дөп тимей, кімнің қалтасына құйылып жатқаны тағы белгісіз. Ресми дереккөздерге сүйенсек, қаржыны ең көп желге шашқан (11,8 млрд.теңге) құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі екен. Талайдан бері депуттардың «сүйкімді» сауалына айналған «Таза су» бағдарламасының «әләулалайы» әлі бітер емес. Бұл айта-айта әбден жауыр болып, сіңірі созылған мәселе. Бірақ түйіні шешілмей келеді. Өткен жылы осы бағдарламаға бөлінген 5 млрд теңге қаржы ұшты-күйлі жоғалған. Былтыр пайдалануға берілуі тиіс болған 1522 инвестициялық жобаның соңы сұйылып кеткеніне көпшілік аң-таң. Мұндай жағдайдан кейін Үкімет отставкаға кетуі тиіс деген депуттардың мәлімдемесінен де құлағдармыз. Бірақ Үкімет үйінде сең қозғалғанын байқамадық.
Расын айтқанда, Оңтүстікте де аталған жәйтке қатысты бас ауыртар мәселе көп. Бюджеттің қаржысына қол салып, мемлекетке едәуір шығын келтіріп жатқан пысықайлардың жосықсыз әрекетіне тыйым болмай тұр. Қайта өршелене түсуде. ОҚО прокуратура мамандарының келтірген мәліметінше, «Жол картасы», «Таза су» бағдарламасына қатысты әлеуметтік мәселелелер баршылық. Әсіресе, Шымкент қаласы, Мақтарал, Сайрам, Сарыағаш, Созақ аудандарындағы әлеуметтік нысандар мен коммуналдық жүйелердің құрылысына бөлінген қаражат оңды-солды жұмсалған. Жуырда ғана Мақтарал ауданындағы фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысына аударылған 7 миллионға жуық қаражаттың топалаңы шығып, нәтижесінде денсаулық сақтау нысанының құлағалы тұрғанын жазғанбыз. Сондай-ақ, газетіміздің № 24 санында салғырт істің кесірінен темірландық тұрғындардың шайла астында жан бағып жатқанын ашына айтқанбыз. Түсіне білгенге, ой салар, балтыр сыздататын-ақ жағдай. Осындайда арық-атыздарды тазалап, табиғи нысандарды қорғау үшін бөлінген 11 миллиард теңгені облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы қайда жұмсағанына көпшілік аң-таң. Осылайша мемлекет қаржысына бейқам қарайтындардың кесірінен күннің астындағы қарапайым тұрғындар өлместің күйін кеше бермек пе?
Жалпы, естіген жұрттың есін алатын халық қазынасының дұрыс игерілмеуіне не себеп? Бұл шен-шекпенділердің дәрменсіздігінен бе, әлде Үкімет тарапынан бақылаудың жоқтығынан ба? Сауал көп, жауап жұтаң.
Игерілмеген миллиардтар

Былтыр 264 нысанның 42-не бақылау жүргізіліп, нәтижесінде, жалпы 272 млрд.теңге шығын келтірген.
Өткен жылы игерілмеген қаражат көлемі 42 349 911,3 мың теңге.
Білім және ғылым министрлігі – 11 млрд.теңге,
Қаржы министрлігі – 10,0 млрд. теңге (2010 жылы – 9,3 млрд. теңге)
Ұлттық қауіпсіздік комитеті – 9,8 млрд. теңге (2010 жылы – 4,7 млрд. теңге)
Көлік және коммуникация министрлігі – 9,5 млрд.теңге.
Төтенше жағдайлар министрлігі – 6,5 млрд. теңге (2010 жылы – 1,2 млрд. теңге)
Денсаулық сақтау министрлігі – 3,1 млрд. теңге (2010 жылы – 2,9 млрд. теңге)
Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі – 2,8 млрд. теңге (2010 жылы – 1,2 млрд. теңге)

Аймақтардағы индустриялық-инновациялық даму, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және әлеуметтік нысандарды салуға қарастырылған жалпы құны 154 млрд.теңгені құрайтын 167 жоба жүзеге аспаған.

 


Нұрлан БЕКНАЗАРОВ, қалалық мәслихат хатшысы

– Расында, қаржының дұрыс игерілмеуі жайлы жиі-жиі айтылып жүр. Оның негізгі себептерінің бірі бөлінген қаражаттың дұрыс жоспарланбауына байланысты. Мердігер компаниялардың техникалық әлеуетінің де кемшін түсіп жататыны бар. Негізінен, қаражатты бөлуден алдын жоспарлы нысанды толық зерттеп, зерделеп алуымыз керек. Біз осы жағына салғырттық танытамыз. Тағы бір айта кетерлігі, мемлекеттік сатып алу тетігінің жетілдірілмеуі де негізгі себептердің санатында. Қаламызда да осы мәселе жөнінде көптеген кемшіліктер бар. Әсіресе, су, жол, газ құбырларын тарту мәселесіне назар аударсақ. «Таза су» бағдарламасында орын алып отырған келеңсіз жағдайлар жетерлік.

 

Айдос САРЫМ, саясаттанушы:

– Бюджеттен бөлінген қаржыны игере алмау шенеуніктің кәсіби білімі мен деңгейінің жоқтығын көрсетеді. Қазір әлеуметтік, инфрақұрылымдық жобаларға көп көңіл бөлу керек сияқты. Басты мәселе сол қаражаттың пайдалануына, жүзеге асырылуына қоғамдық бақылау орнату керек. Шенеуніктер әрбір тиын үшін жұрт алдында, депутаттар алдында тоқсан сайын есеп беріп отыруы тиіс. Сонда, бәлкім, жемқорлықтың аясы тарылар еді.