Шымкентте «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның бұрынғы төрағасы Жандар Омаровқа қатысты тергеу жүргізілуде. Оған қызметтік бабын асыра пайдалана отырып, бюджет қаражатын иемденді деген айып тағылып отыр. Ол туыстары мен таныстарының атын жамылып, қаражатты қалтасына басқан көрінеді.
Қаржы мониторингі агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті ұсынған тергеу деректеріне сәйкес, ол алма бақтарын салуға бөлінген бюджет қаражатын иемденді деген күдікке ілінген. Тіпті, шенеунік өз ойын жүзеге асыру үшін, жалған компания ашқан.
Ернар Тайжан, ҚР ҚМА ресми өкілі: «Қызметтік өкілеттігін пайдалана отырып, жұмыстар мен жабдықтардың құнын негізсіз арттыру арқылы ұрлық жасаған. Бұл мақсатта ол өзімен байланысы бар «Green Mart Kazakhstan» ЖШС басшысын тартқан. Күдіктілер бағдарлама қатысушысы ретінде көріну үшін достары мен туыстарының атына 20 жалған компания тіркеген. Аталған тұлғалар шын мәнінде ешқандай қызмет атқармаған және жобаға қатыспаған».
Осылайша бюджет қаражатына көз тіккен азамат, жалған құжаттар негізінде қалтасын қампайтқан. Нәтижесінде, қорға 1,4 млрд. теңге көлемінде лизинг алу туралы өтінімдер ұсынып, ол қор тарапынан мақұлданған. Айта кетейік, тергеу мәліметінше, мемлекетке келтірілген залалдың жалпы сомасы 430 млн. теңгеден асқан.
Ернар Тайжан, ҚР ҚМА ресми өкілі: «Байқау рәсімдерін өткізбестен жеткізуші ретінде бір ғана қатысушы — «Green Mart Kazakhstan» ЖШС таңдалған. Қаражат аударылғаннан кейін оның бір бөлігі өзге кәсіпорындардың есепшоттарына жіберіліп, қолма-қол ақшаға айналдырылған. Сонымен қатар, жабдықтар қымбат бағамен жеткізілген, ал кейбір жұмыстар мүлде орындалмаған. Бұған қоса, осы іс аясында Қордың бұрынғы басқарушы директоры М.К. Искаков пен «Green Mart Kazakhstan» ЖШС басшысы Р.Б. Сазынбек кінәлі деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды, сондай-ақ олардың төрт автокөлігі тәркіленді».
Қазіргі таңда «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның бұрынғы төрағасы екі ай мерзімге қамауға алынды.
Нұргүл Жолымбетова







