Жүздеген миллиард теңге тиімсіз жаратылған. Бүгін Мәжілісте Жоғары аудиторлық палатаның есебі тыңдалды. Онда кәсіпкерлерге жасалған мемлекеттік қолдау шараларының қаншалықты тиімді болғаны айтылды.
Палата төрағасы Әлихан Смайыловтың сөзінше, мемлекеттік қолдау шараларының бұлыңғыр болып кеткені соншалық, қазір 14 материал құқық қорғау органдарының тексеруіне берілгелі жатыр. Ал мемлекет қаражатына тікелей жауапты Ұлттық экономика министрлігі мен салалық органдар арасында үйлесімді жұмыс жоқ.
Ә.Смайылов Мәжіліске келген сайын бюджет қаражатының қалай рәсуа болып жатқанын жайып салады. Бұл жолы да 15 минутқа жетпейтін баяндамасы жүздеген миллиардтың бұрмаланып кеткенін әшкерелеп берді. Мәселен, бір ғана жоба бойынша құны дұрыс есептелмегендіктен, 20 млрд. теңге игерілмей қалған. Ал мемлекеттік қолдауға арқа сүйеген кейбір бизнес шамасына қарамай, қожайындарына дивидендтер төлеп отырған. Осындай жайттар жетіп артылады.
Әлихан Смайылов, Жоғары аудиторлық палата төрағасы: «Мемлекеттік қолдау шараларын алушылар үшін қарсы міндеттемелер белгіленуі тиіс. Олар орындалмаған жағдайда қаражат қайтарылуы қажет. Алайда мұндай міндеттемелер барлық жерде көзделмеген. Нәтижесінде, мысалы, Павлодарда іс жүзінде жоқ зауытқа 2,4 млрд. теңгеге инженерлік желілер тартылған».
Кейде тіпті мемлекеттің қояр талабы тым оңайлатылған. Мысалы, 37 млрд. теңге алған бір жобада жұмысшы штатын бір-ақ адамға ұлғайтса жеткілікті болған. Әсіресе, өңірлердегі әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары батпақтан шыға алмай-ақ қойды. Мәселен, соңғы 5 жылда өңірлік 13 корпорацияға несие беруге 288,6 млрд теңге бөлінген. Соның 138 млрд теңгесінен қаржылық олқылық анықталған.
Нұртай Сабильянов, Мәжіліс депутаты: «Мемлекет 13 корпорацияның жарғылық капиталын толықтыру үшін 596 млрд. теңге бөлді. Бірақ соған қарамастан, олардың шығындылығы мәселесі сақталуда. 2024 жылдың соңында 13 корпорацияның 8-інің жабылмаған шығыны 290 млрд. теңгені құрады».
Осы корпорацияларға қатысты бір мәселе — олардың негізгі мақсаты инвестиция тарту және өңірлік даму бағыттары болуы еді. Алайда олар бюджеттен алған ақшаны депозитке салып немесе несиеге беріп, пайда табуды әдетке айналдырған. 2024 жылғы есеп бойынша, корпорациялардың үштен бірі осылай пайдаға кенелген.
Анас Баққожа, Мәжіліс депутаты: «Мен бір мысал келтірейін. Ақтөбе корпорациясының 2 млрд. теңге тапқан ақшасының 1,7 млрд. теңгесі депозиттен түскен пайда. Яғни, өзінің кірісі жоқ деген сөз. «Алма піс, аузыма түс» деген саясат қашан доғарылады? Осы депозитті қашан доғарамыз, несиелеуді қашан тоқтатамыз?».
Сайып келгенде, Смайыловтың есебі бойынша бюджеттің 133 млрд. теңгесі тиімсіз жоспарланып, жаратылған. Сонымен қатар, 132 млрд. теңгенің қаржылық есебі бұрмаланған. Осы жайттар бойынша бүгінде 14 материал құқық қорғау органдарына жіберілсе, тағы 105 материал әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін жолданған.
Ербол Тұрымбет






