Құрғақшылық құртпай ма?

Дәл қазір еліміздің бидай еккен диқандары алаңдаулы. Өйткені, республиканы биыл құрғақшылық жайлап тұр. Бұрын-соңды болмаған аптап ыстықтың салдарынан астық көп егілетін аймақтар – Ақтөбе мен Қостанайдағы бидай да қуаңшылықтан күйіп барады. Астықты алқаптың алаңдаулы ахуалы жайлы дүйсенбі күні министр Асылжан Мамытбеков те Президентке баяндады. «Биылғы ауылшаруашылық жылы құрғақшылық жағдайында өтуде. Бұл бізде ғана емес Ресейде, Америка мен Еуропада да орын алуда. Былтыр астықтың рекордты көлемін жинадық, бірақ биылғы жыл ауылшаруашылығы үшін оңай болмайды»,- деді Мемлекет басшысы.

Иә, биыл бидай еккен барша диқанға оңай соқпайын деп тұр. Астықтың отаны саналатын Қостанайда былтырғыға қарағанда биыл бидай 40 мың гектарға аз егіліпті. Яғни, былтыр Қостанай облысы бойынша 4 млн. 338 мың гектар алқапқа дән себілсе, соның биыл 3 млн. 900 мың гектарында бидай жатыр. Ақтөбедегі жағдай да мәз емес. Ауа райының тосын мінезінен жүрексінген Оңтүстіктің шаруалары да жеткілікті. Былтыр 180 мың гектарға бидай егіп, қағанағымыз қарқ, сағанағымыз сарқ болғаны бар. Әр гектардан 13,6 центнерден өнім алып, жалпы 235 мың тонна астық жинап едік. Биыл бұл көлем 158 мың 500 гектарға түсіп кетті. 22 мың гектардай алқапта бүгінгі күні жоңышқа, мақсары секілді майлы дақылдар өсіріліп жатыр екен. 55-60 мың гектардай жерге жаздық бидай егу болжамдалғанымен, қыстың қиын өтуінің кесірінен бұл жоспар да іске асырылмай қалыпты. Себебі, дәнді себетін дәл мерзімде 35-40 күндей жерге тамшы тамбай, шаруаны абыржытқан.

Солтүстік диқандарының сепкені бос кетіп, алажаздай еңбегіне қауіп төніп жатқанда Оңтүстіктің ауылшаруашылығына жауапты мамандары бұл жағдайда қорқатын рет жоқ деп отыр. Өйткені, ортақ қамбадағы астық қоры жеткілікті көрінеді. Жалпы республика халқына жыл сайын 2 млн. тонна астық жеткілікті деп саналса, ол қор өткен жылы-ақ толықтырылып қойған екен. Шетелге сатылатын 2 млн. тонна астық пен тұқым ретінде сақталатын 1 млн. тонна бидайдың мәселесі – бұл баяғыда шешілген әңгіме дейді басқарма бастығының орынбасары Низамиддин Пірманов.

Әрине, биылғы егістікке ауа райының кері әсері болатыны рас. Сол үшін өнім көлемін 174 мың тонна жинаймыз деген болжам бар. Бұл дегеніңіз, әр гектардың түсімі шамамен 10 центнерден болады деген сөз. Бүгінге дейін облыстағы Сарыағаш, Мақтарал, Түркістан, Ордабасы, Қазығұрт аудандарындағы барша алқаптың 46%-на (75800 га) орақ түсіп, 71 мың 300 тонна астық жиналды. Ал еккені текке кеткен егін көлемі 5,5-6 мың гектарды құрап отыр. Астығын күйік шалған өңірлердің көшбасында Сарыағаш ауданы тұр. Мамандар жоғарыда атап өткен Мақтарал мен Ордабасыда бүгінгі таңға астық ору науқаны аяқталды дейді. Дәнді жинау ісі қазір Қазығұрт, Сайрам, Түлкібас және Төлеби сынды таулы өлкелерде ғана атқарылып жатыр екен. Ондағы науқан тамыздың 20-на бітеді деп болжанып отыр.

«Негізінен Оңтүстік өңіріне жыл сайын орылған астық жетіспейді. Сондықтан, әдеттегі дәстүріміз бойынша биыл да солтүстік облыстардан бидай сатып алып, облыс халқын қанағаттандыратын боламыз», – дейді Низамиддин Шалаұлы. Мамандар бүгіннің өзінде тамыз айына есеп жасап, азық-түлік корпорациясынан 66 мың тонна бидай сатып алуға тапсырыс жасап қойыпты. Ал жалпы, күз айлары үшін еліміздің ауылшаруашылығы министрлігі мен азық-түлік корпорациясы және біздің облыстың мамандары бірігіп, 100-150 мың тонна астық алуға келісімшарт жасамақ жоспары бар. Облыстық ауылшаруашылығы басқармасындағы жетекшілер енді бидайды тиімді жеткізіп беретін оператор таңдаса болғаны, әйтпесе, істің бәрі «нанға жаққан майдай» екен.

Низамиддин ПІРМАНОВ облыстық ауылшаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары
– Мойындау керек, биыл былтырғыға қарағанда қуаңшылық бар. Бірақ, құрғақшылық болды екен деп алаңдаудың қажеті жоқ. Республикадағы жалпы қорда бидай көлемі жеткілікті. Яғни, биыл да ұннан таршылық көрмейтін боламыз. Нан бағасы да қымбаттамайды. Әрине, табиғаттың тосын мінезіне ешкім төтеп бере алмасы анық. Десе де, егістік мерзімін жіберіп алмасақ қана, нәтижелі жетістіктерге жетеріміз анық.