Úı ANONS Маман: «Алдағы 5-6 жыл құрғақшылық болады»

Маман: «Алдағы 5-6 жыл құрғақшылық болады»

Құрғақшылықтың салдары табиғат пен ауыл шаруашылығына кері әсерін тигізді. Биыл жауын-шашынның аздығы мен жаздағы аптап салдарынан еліміздің бірқатар өңірлерінде құрғақшылық байқалуда. Бұл жағдай тек егіншілікке ғана емес, сондай-ақ жабайы жануарлар мен құстардың тіршілігіне де кері әсерін тигізіп отыр дейді мамандар.

Су көздерінің тартылуы мен өсімдіктердің азаюы аң-құстардың қорек табуын қиындатқан. Мамандардың айтуынша, құрғақшылықтың салдары, экожүйеге ғана әсер етіп қоймай, шөп арасында жұмыртқа басатын құстарға да залалын тигізді.

Ғани Назарбек, «BAYTAQ» жасылдар партиясы саяси кеңесінің мүшесі:  «Сырдарияның таситын уақытында  жайылым өте мол болатын. Аңдардың көбеюі болсын. Шөп бітік шығатын. Шөптердің арасына көптеген құстар ұя салатын.  Мәселен, биыл қырғауыл, секілді басқа құстардың жұмыртқа салуы, балапан ашып шығуы кем болды. Төмен деңгейде. Ол әлбетте ауа-райына байланысты».

Ауыл шаруашылығында да өнім көлемі төмендеп, шаруалар егін мен мал азығына байланысты қиындықтарға тап болуда дейді мамандар. Яғни, табиғи тепе-теңдікті сақтау және экожүйеге түсіп жатқан салмақты азайту бағытында кешенді шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті. Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Жеңісбек Әбдраимовтың айтуынша, биылғы құрғақшылық шаруаларды шығынға батырды деп отыр. Оның айтуынша, бидай, арпа сынды дақылдардан өнім алу 20-30 пайызға азайған. Сонымен қатар, мақта алу деңгейі де төмендеді. Ол аздай, алдағы бес-алты жыл құрғақшылық орыын алады. Бұл тағы да дихандарға кесірін тигізеді».

Жеңісбек Әбдраимов, Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты: «Биылғы жыл өте қиын болды. Неге? Гидромет бойынша 20 мамырдан бастап, құрғақшылық болды. Әсіресе, бидайға, арпаға. Болашаққа 5-6  жыл құрғақшылық болады. Дихандарға дайындалу керек. Арнайы агротеххника жүргізу керек».

Облыстық «Қазсушар» мекемесі, қазіргі уақытта Шардара су қоймасында су шығымы қысқартылып, жоғарыдан келіп түсетін суды  қоймаға сақтап қалу, суды жинау жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады. Ресми мәлімет бойынша,  қазіргі таңда, судың көллемі 2 айда  711 млн метр кубқа жетті. Ал, жалпы Шардара су қоймасының сыйымдылығы 5200 млн метр кубты құрайды.

Нұргүл Жолымбетова