Шымкент-Түркістан қалалары арасында енді жаңа автобус қатынайтын болды. Оның басқа автобустардан ерекшелігі сол — рельспен жүреді. Еліміздің аумағында мұндай жолаушылар көлігі бұрын-соңды болмаған.
Шымкент-Түркістан арасында қатынайтын рельсті автобус Қазақстан түгілі Орта Азияда тұңғыш рет Оңтүстікте қолға алынып отыр. Жолаушылар үшін жаңалығы көп көлік алғашқы сапарына дайын тұр. Қарлығаш Бекбауова балаларымен бірге Түркістанға жол жүріп барады. Туыстарына қонаққа бара жатқан ол рельсті автобустың ыңғайлылығын айтады.
Облыс үшін үлкен маңызға ие бұл автобус рейсін ашу үшін облыстық бюджеттен 134 миллион теңге бөлінген. Жолкіре Түркістанға жол тартқан туристермен қоса жергілікті жолаушылардың да қалтасына тиімді — 280 теңге.
Көлік аптасына 3 рет қатынайтын болады. Әлі жол жүру кестесі нақтыланбаған. Желдеткіш жүйесі бар, ал вагондардағы бейнебақылау сынды жағымды жаңалықтар қарастырылған рельсті автобустың өзге де бағыттарда қатынауын биліктегілер алдағы уақытта қолға алмақшы.