Жамалбек Шәріпбек: «Нұр Отанға» келіп түскен арыз-шағымның 60-70 пайызы шешіледі

Өткен жұмада «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы коммуналдық мәселелерге қатысты азаматтарды қабылдады. Ауыз су, жылу, тұтынған жарық үшін артық төлем, жол мәселелері мен жекелеген сұрақтарға Оңтүстіктегі жауапты мамандар жауап беруге тырысты.

Бұл жолғы қабылдау жыры бітсе де, сыны таусылмайтын, айта-айта жауыр болған коммуналдық мәселелерге қатысты болды. Қоғамдық қабылдауға жазылғандардың бірі пәтеріне көршісінің су ағызатынын айтып шағымданса, келесісі заңсыз құрылыстың құрсауында қалғанын айтты. Ал ауызсудың әлегімен келгендер тіпті көп.

Оның бірі «Самал-3» шағынауданының тұрғыны Бибіайша апай. Ауылға таза ауызсу 2012 жылы барады дегенді есіткен келіншек оның белгісіз себептермен келесі жылға қалатынын естіп, мән-жайды анықтауға келіпті. Келген бетте сұрағына жауап бере кеткен облыстық коммуналды шаруашылық басқармасы бастығының орынбасары Батырша Маханов ауызсудың мәселесі осы жылдың қазан айына дейін толық шешілетініне уәде етті.

Әділдік іздеп жүрген жанның бірі Бақтыгүл Шалабаева. Ол қоғамдық қабылдауға «Энергопоток» ЖШС қызметкерлерінің үстінен шағым айта келіпті. Түсіндіруінше, отбасы электр қуаты үшін ай сайын артық ақша төлеуге мәжбүр. Жақпаған жарықты жақты деп түбіртекке жазып қойғаннан ерлі-зайыптылар әбден шаршадық дейді. Дегенмен, оның сауалына да қабылдауда жауап табыла кетіп, мәселе жылы күйінде жабыла кетті.

29 маусым күні ұйымдастырылған қабылдауға жазылған 14 адамның біреуі келе алған жоқ. Шағымын арқалай келгендерге комиссия мүшелері мәселесі бір ай ішінде қарастырылатынына уәде етті.

Шәріпбек ЖАМАЛБЕК, «Нұр Отан» ХДП ОҚОФ Партиялық бақылау бекетінің төрағасы: «Бізге келіп түскен арыз-шағымның 60-70 пайызы шешіледі деп айта аламын. Өйткені, мұныбіз өз қадағалауымызда ұстап отырамыз. Әрине, шешілмейтін жағдаяттар да кездеседі. Ол, әсіресе, құқық саласына қатысты мәселеде, сот дауына байланысты кикілжіңдерде ұзаққа созылып кетеді. Осыдан барып біздің партияға деген ала көзқарас пайда болып жатқан жағдайлар бар. Кейде, тиісті мамандардың қоғамдық қабылдауға келмей қалуы да өз кезегінде кедергісін тигізеді».

Келесі қабылдау шілде айының 13-нде болады. Астананың туған күніне байланысты бұл жұмада демаламыз дейді комиссия мүшелері. Көкейіңізді мазалаған сұрақтарыңызбен партияның қабылдауына осы күннен бастап жазылыңыз. Келесі жұмада құқықбұзушылық тақырыбына қатысты шағымыңызды жеткізе аласыз.