Қайнарбұлақта балабақша жоқ

420
қабылдауда адам көп болды

Шымкенттегі Қайнарбұлақ саяжайында  балабақша жоқ. Бүгін балалардың құқығын қорғау департаментінің көшпелі қоғамдық қабылдауында қайнарбұлақтықтар осылай деп шағымданды. Қаланың сыртындағы шағынауданда қорланған мәселе көптігінен болар, қабылдауға келгендердің қатары қалың болды.

«Достықтан» арнайы ат артып келген Дильбар Самбеталиева мектепте әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балалары көп екенін айтады. Сол себепті «Мектепке жол» акциясы барысында осыларға көңіл бөлінсе дейді.

Дильбар Самбеталиева, тұрғын: «Біздің мектепте 2,5 мыңдай бала оқиды. Олардың тең жартысының жағдайы төмен. Ал жыл сайын мектепке жол акциясында 100 мың ғана бөлінеді. Ол ары кетсе он баланың жоғын жамай алады. Қалғандары қол созған күйінше қалады. Осыған көңіл бөлінсе деймін.

Қоғамдық қабылдау мүшелері бұл сұраққа алдағы уақытта мән беретінін жеткізді. Айта өтейік, қабылдауға келген азаматшылардың басым бөлігі балабақшаның жоқтығын алға тартты.

Ғалия Жүнісова, облыстық балалардың құқығын қорғау департаментінің директоры: «Біздің мәліметіміз бойынша, елдімекенде 50 мыңға жуық тұрғын тұрады. Оның белгілі бір бөлігін мектепке дейінгі балалар құрайды. Сонда олар бақшаға қайда барады? Достыққа ма? Ол ұзақ. Сондықтан осы мәселені көтеру керек. Шешіп береміз дей алмаймын, бірақ қала басшылығына сұраныспен шығамыз, осы мәселе төңірегінде жұмыс жасаймыз».

Қабылдауда кезегін күткендер көп болды. Бәрінің діттегені бала-шаға қамы. Оларға саябақ керек, бақша керек. Әсіресе, заңгерлік көмек, дәрігерлік кеңес қажет. Міне, осындай мәселелердің барлығына қанық болған мамандар алдағы уақытта заңды түрде шешімін тауып беруге уәде етті.