Ұстаздардың қолдауы – көпке үлгі

Мұғалімдер 15 балаға қол ұшын созды
Ұстаздар ісі өзгелерге үлгі болғай

«Кең болсаң, кем болмайсың!». Жер-жерде тұрмысы  төмен оқушыларды сабаққа қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету мақсатында «Мектепке жол » қамқорлық акциясы өтіп жатыр. Дәл осындай іс-шара қаламыздағы №77 Асанбай Асқаров атындағы жалпы орта мектепте де ұйымдастырылды. Бұл жолы мектептің ұстаздары  үздік оқитын, үлгілі тәртібімен көзге түскен 15-балаға  көмек қолдарын созды. Енді мұғалімдер қыркүйекке дейін тағы 10 оқушыны киім-кешекпен қамтамасыз етпек.

Мақаев Ильяс, мектеп директоры: «Бұл акцияны біз жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырамыз. Ұстаздар мен ата-аналар комитеті бірігіп, қаржы жинап, көмекке мұқтаж отбасылардың балаларына аз да болса қолдау көрсетеміз. Балалар осы арқылы өздеріне деген  мейірімділікті, сенімділікті сезінеді.Оқуға деген ықыластары артады»,-дейді.

Мұғалімдер 15 балаға қол ұшын созды

9-сынып оқушысы Есенбек Жұмәділ көмекке ие болған 15-оқушының бірі. Анасынан жастай айырылған ол әпкесінің қамқорлығында екен. Мектеп ұстаздарының жанашырлығына дән риза болған әпкесі «бұл қаржы бір жыртығымды жамауға сеп болатын болды» деп қуануда.

Иә, тиынды тиынға қосып, күн ұзақ перзентінің қамымен күйбеңдеп жүрген ата-ана үшін бұл қолдау – үлкен көмек болғаны сөзсіз.

Қасиетті айдағы ұстаздардың осындай игілікті істері басқаларға да үлгі болса екен.