ОҚО-да мемлекеттік сатып алу байқауы электронды нұсқада өтуде

324

ҚР Үкіметінің 15-мамырдағы қаулысына сәйкес енді мемлекеттік сатып алу конкурсы тек электронды нұсқада өткізіледі. Осыған орай облыста мемлекеттік сатып алу байқаулары жаңа талаптарға сай жүргізіле бастады. Бұл жаңалықтың берері қандай?

Қатталған қалың қағаз бумаларын қолтықтау енді артта қалды,-дейді облыстық ішкі саясат басқармасының бас маманы Жанар Бектаева. Бұл – мемлекеттік сатып алу байқауының электронды нұсқасының жалғыз артықшылығы емес.

Жанар Бектаева, ОҚО ішкі саясат басқармасының бас маманы: «Мемлекттік сатып алуға қатысушылар өз өтінімдерін ұсынып, белгіленген мерзім біткенде портал автоматты түрде жабылады. Оны өзгертуге, қайта жасауға ешкімнің мүмкіндігі болмайды».

Құрылыс саласы бойынша мемлекеттік сатып алу байқауына тұрақты қатысып жүргендердің бірі – Сайфулла Юсупов. Ол өз ұжымымен бірге электронды нұсқаның ерекшеліктерін електен өткізіп отыр. Негізінен күрделі жөндеу жұмыстарымен айналысатын мамандар бұл жаңалықты көптен күткенін айтады.

Сайфулла ЮСУПОВ, «Шымкентгаз» ЖШС-нің директоры: «Мемлекеттік сатып алу бақауларының электронды түрде өткізілуі ең алдымен жемқорлықтың алдын алады деп айтуға болады. Тапсырыс беруші мен оны орындаушының тікелей тілдесуі жоқ, тек порталда автоматты түрде тіркеліп, ары қарай жұмыс жасай аласың. Порталға кірудің бар ережесі арнайы нұсқаулықта көрсетілген. Сондықтан бұл ешқвандай қиындық тудырмаса керек».

«Собкор» ЖШС-і де облыстық ішкі саясат басқармасы өткізетін мемлекеттік сатып алудың байқауына қатысуда. Алғаш рет қолға алынған электронды нұсқаның өміршеңдігі даусыз, тек жүре түзелер кемшін тұстары да бар емес дейді директордың орынбасары Вячеслав ШВАРЦ.

Вячеслав Шварц, «Собкор» ЖШС директорының орынбасары: «Мемлекеттік сатып алудың электронды нұсқада өтуі керек дүние. Тек әлі де ұштай түсер тұстары көп. Уақыт өте келе қағазбастылықтан толық құтылып, байқаулардың әділ өтеріне сенімдімін».

Жаңалықтың жақсылығы аз емес, ал келешекте кемелдене түседі деп сенеді жауапты орынның мамандары.

«Бұрында қағаздардың кейбірі жоғалып кетті немесе түгел емес деп бізді кінәлап жататын. Қазір бәрі электронды түрде, деректерді өзгертуге ешкімнің құқы да, мүмкіндігі де жоқ»,-дейді облыстық ішкі саясат басқармасының бас маманы Жанар Бектаева.

Қалай десек те, қордаланған қағазбастылықты азайтқан мемлекеттік сатып алу байқауларының электронды нұсқасы ашықтық пен дәлдікке ертері сөзсіз.