Шымкенттіктер Ұлы Абайдың – 167 жылдығын айрықша атап өтті

339
Шымкенттіктер Ұлы Абайдың 167 жылдығын атап өтті
Ақынның өмірдерегінен көрме ұсынылды

Ұлтымыздың Ұлы ақыны Абай Құнанбайұлына – 167 жыл. Көзі тірісінде қазақтың ертеңі үшін еңбек етіп, ұрпақтың саналы тәрбиесіне сеп болар құнды еңбектер жазды. Қара өлеңге қанат бітіріп қана қоймай, қара сөздерімен адамды адамгершілік пен имандылыққа шақырды. Бүгінде көпшілікке өнеге болар өлең-жырларын жұртшылық жаттап, «Көзімнің қарасын» әуелете шырқап жүр. Бұл да болса ақынның данышпандығының дәлелі. 10-тамыз – Хакім Абайдың туған күні. Сондықтан, шымкенттіктер Абай саябағында шоғырланған Хакім Абай мұражайында Ұлы ақынның туған күнін айрықша атап өтті. Әдеби кешті Оңтүстік Қазақстан мәдениет басқармасы ұйымдастырды. Айта өтейік, атаулы шараға облыс әкімінің орынбасары, мәдениет, ішкі саясат, білім, тілдерді дамыту басқармаларының басшылары мен облыстық ардагерлер ұйымының мүшелері, Қазақстан жазушылар одағының мүшелері, облыстық Абай оқулары байқауының жүлдегерлері, жоғарғы оқу орындарының студенттері, белгілі абайтанушылар келіп, кештің мәртебелі өтуіне үлес қосты.

Сабырбек Нұрманұлы, ақын: «Абай дегенде біз ең бірінші қазақтың әдебиетін елестетеміз. Себебі, қазақ әдебиетінде Абайдың орны үлкен. Қазақ поэзиясының маңызын арттырған ақынға қандай құрмет көрсетілсе де ләзім. Ендеше, елінің ертеңін ойлаған ақынның жырларын жатқа оқып, есімін мәңгі есте сақтау – ұрпағына артылған жауапты жүк. Ұлы Абайдың ұлылығын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес деп ойлаймын. Себебі, «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деп жырлаған Абай тұщымды туындыларына мәңгілік тақырыпты арқау етті. Сондықтан болса керек, әлі күнге еңбектері әлем жұртшылығының сұранысына ие. Қай қазақтың баласы болса да, Абайдың әндеріне сусындап өскені дұрыс. Сонда ғана қазақтың болашағына бей-жай қарамайтын азамат болады».

Ақнұр Нұржан. Абайдың «Ескендір» поэмасынан үзінді оқыды

Ақнұр Нұржан, Облыстық «Абай оқулары» байқауының жүлдегері: «Мен бүгін ақынның «Ескендір» поэмасынан үзінді оқыдым. Байқағаным, оқығанда көпшілік ұйып тыңдады. Себебі, ерекше мазмұн мен мәнге ие жырлары тұнып тұрған тарихтан сыр шертеді. Бұл аз десеңіз, әдебиет әлемінің табиғатын танытады. Барша адамзатты адамдық қалыптан айырмауға, тек жақсы қасиеттерге баулитын, сондай-ақ поэзияның парқымды туындыларын сыйлап кетті. Сол себепті, мен әрдайым «Абай оқуларының» деңімпазы екенімді мақтан тұтамын. Қайда және кіммен жүрсем де әрдайым Абай туындыларын дәріптеп, ол адамға да үйретуге тырысамын. Сондай-ақ Абайдың кітаптары әрдайым менің сөмкемнен табылады».

Кеш барысында Абай ескерткішіне жиналған жұртшылық гүл шоқтарын қойды. Ұлы тұлғаны ерекше екпінмен еске алған жыр сүйер қауым сахна төріне шығып, қара сөздері мен өлеңдерін оқыды. Әсіресе, «Абай оқулары» жыр байқауының жеңімпаздары ақын туындыларын ғана емес, ақынға арнау оқуды да ұмытпады. Жастар қауымы Абайдың өлеңдеріне жазылған әндерді де шарықтата шырқады. Абай саябағында, Абай музейінде орындалған әндер қоршаған ортаны әнімен әлдиледі. Сонымен қоса, Абайдың «Айттым сәлем қалам қас» әнін опера және балет театрының әншісі Ғани Бекмұрзаев көпшіліктің жүрегіне жеткізе орындады. Кеш соңында жыр сүйер қауым Хакім Абай музейінің экпонаттарымен танысып, деректі фильмдер мен жас ақындардың өнерін тамашалады.  Сондай-ақ Ұлы Абайдың өмірдерегінен сыр шертетін арнайы кітап көрмесі де ұсынылды көпшілік назарына.