Жақында бір құрбым қолыма күнделік ұстатты. Айтуы бойынша, оны өзі тұратын үй ауласында орналасқан сәкіден тауып алыпты. Оқып шығып, мистикалық жазбалардан денесі түршіккенін айтады. Алып, оқып шықтым. Күнделік иесінің бар жазбасы пәтерімен байланысты екен. Өз үйінің иесі туралы толғаныстарын назарыңызға ұсынып отырмын. Бәлкім, ой қосарсыз?
Ләйлә өзі тұратын пәтерін сатуға бел буды ақыры. 12 жыл тұрған баспанасын қимаса да, жалғыздықтан жабыққан болар, ауылға, анасының жанына барып тұруды ұйғарды. Оның үстіне бұрынғыдай жас емес. 42-ге толды.
«Пәтер сатылады» деген жарнаманы газетке де, радиоға да берді. Хабарласушылар тым көп. Бағасын келісіп, жолығамыз деп шешкен күні, неге екені белгісіз, сатып алушы келмей қалады. Тіпті байланыс телефон нөміріне хабарласып та береке таппайды. Тұтқаның ар жағынан гуіл де естілмейді. Бір емес, барлық байланыс осылай… Қызық. Не де болса, пәтер сатылмай тұр. Жарнама берген күннен бері екі апта өтті.
Әдеттегінше, жұмыстан үйге қарай бет алып келе жатқан еді. Қалта телефоны шыр ете қалды. «Бастық шығар» деген оймен, асығыс қоңырау нөміріне көз тікті. Жоқ. Нөмір бөтен.
– Ия, – деп үн қатып еді, тұтқаның ар жағынан бейтаныс әйел адамның сәлемдескен үнін естіді.
– Сәлеметсіз… Ия, мен боламын. Ия, хабарландыру бергенмін. Жарайды. Мен 10 минутта үйде болам, күте тұрыңыз. Бұл пәтер бойынша хабарласып тұрған кезекті «клиент» екен. Бәлкім, осы жолы сатылып қалар, жаңа жұмыс орным да күтіп қалды ғой деген оймен аяғын асығыс басып, үйіне қарай бет алды. Пәтеріне кірген бойда, ежелгі әдетінше «Сәлем,қожайын!» деп аяқ киімін шешіп, әндетіп төргі бөлмеге өтті. Пәтердің қожайыны өзі болса-дағы, осы бір сөзді айту әдетіне айналған. Үйден шығарда да «үйіме еге бол» деп күбірлейтіні бар. Кейде өзінің осы қылығына іштей күлетін. «Жалғыздығым жынды ететін шығар» деп басын шайқап, күрсінетін де қоятын.
Есік қоңырауы без ете қалды. Ләйлә үйді реттеп жүрген еді, қолындағы шүберегін кір машинасының ішіне тастай салды да, есікке қарай асығыс жүрді. Алдымен ауыр бірінші есікті ашып, екінші есіктің кілтін салды. Есік ашылмайды. Кілтін ары да, бері де бұрап, біраз әуре болды. Тыста тұрған «пәтер көруші» де көмектескісі келіп, кеңес айтты.
– Кілтіңіз майысқан шығар, тісі кертілсе солай болып қалады. Суырып, қайта салып көріңізші, – дейді бейтаныс әйел сыртта тұрып. Ләйләнің әбігерге түскені сонша, терлеп кетті. Ақыры ашылды-ау есік құрғыр. Тыста тұрған келіншек есік ашыла салысымен, қуанып кетті. Ләйлә «ішке кіріңіз» дегені сол-ақ екен, әлгі келіншек табалдырықтан аттай сала мелшиіп тұрып қалды. Екі көзі алақандай, түсі боп-боз… Ләйлә оның мына түріне қарап аң-таң. «Кіріңіз, не болды, бір жеріңіз ауырып тұр ма?» деген сөзін әлгі келіншектің есітпегені анық, атып шығып, қаша жөнелді.
Апай, тұра тұрыңыз, Сізге не болды, тоқтаңыз деймін – деген Ләйлә да келіншектің артынан жүгірді. Тысқа шығып еді, әлгі әйел алды-артына қарамай жүгіріп барады.
– Апа-а-а-ай,тоқтаңыз деп, артынан қуа жөнелді. Бірақ, әлгі келіншек кәлимасын айтып, безілдеп барады…
Қуып жете алмаған күйі, үйіне оралды. Баспалдақпен көтеріліп келе жатып, есігінің ашық қалғаны есіне түсті. Жылдам басып келіп еді, есігі жабық тұр. Тұтқадан ұстап тартып еді әдеттегідей сырт етіп ашылды. Ішке еніп, екі бөлмені де мұқият қарап шықты. Ешкім жоқ. Қорқатын ештеңе жоқ. Әлгі әйел неге қашты, неге «сақтай гөр құдайлап» ентігіп барады? Осы сұрақтарға жауап іздеп, түнімен кірпік қақпады. Таңертең жұмысқа жиналып жатып, бір ой сап ете қалады. «Үйді молдаға оқыту керек» Осы ойымен кешті әрең батырып, жақын маңдағы мешіттің бір молдасына жолығып, жұма күні үйді аластауға келіседі. Жұма да жетті. Молда келісілген уақытта келіп, дұға оқып, кіреберіс тұсқа тұмар тағып кетті.
Үй сатылатын емес. Ауылдан тапқан жұмыс орнынан да қол үзіп қалды. Енді сатылмайтын шығар деген оймен, Ләйлә бұл жоспардан күдер үзе бастады. Әдетінше пәтеріне кірерде сәлем беріп, шығарда ие болуын сұрап жүр…
Жаңа жылдың қарсаңы болатын. Өзі ұнататын ер кісіні қонаққа шақырып, дастархан жайды. Бар дәмді тағамын дайындап, шаштаразға барып, ең әдемі көйлегін киіп, көңілді жүр. Сағат сегізде асыға күткен адамы келу керек. Көңіл қосып жатсам, ол қалаған үйде тұрармыз деген ойы бар-ды. Оң жақта отырып қалған қыздың бұдан былайғы ойы да, арманы да, мақсаты да отау құрып, шаңырақ көтеру еді.
Міне, сағат тілі 8-ді соқты. Жүрегі жас қыздарша алып-ұшып барады. Есік қоңырауы басылды. Сыпайы ғана ашты. Іштей, есігім ашылмай қалмаса игі еді деген абыржулы ойы да бар. Кілт тісі екі бұралып ашылды. Ішке енген ер азаматтың қолында бір құшақ гүл. Төргі бөлмеге өтіп, дастархан басына жайғасты. Ләйлә ас бөлмеге жүгіріп, шай дайындамақ болды. Асханада әндетіп, анасы дайындайтындай қою қара сүтті шайды баптап жүр.
Менің шайым ерекше, бір кеседен кейін бас тарта алмайсыз, – деп қонақ бөлмеге енген Ләйлә кесесін ұсынғаны сол еді, әлгі кісі мелшиіп, мұның бетіне қарап қалды. Қолына ұсынған кесесі дастархан үстіне түсіп кетті. Бірақ оны елейтін ол емес. Ләйләнің артқы тұсына қарап, қатып қалған. Орнынан ыршып тұрды да сыртқа қарай тұра жүгірді. Тіпті, сыртқы киіміне де қараған жоқ. Ләйлә шықпады. Есіктің бергі жағында қалып қойды. Есік қатты екпінмен тарс етіп жабылды. Мүлгіген тыныштық. Кіреберіс тұста тұрған бойы айналасын үрейлі көзімен сүзіп шықты. Ешкім, ештеңе жоқ.
Таң атты. Ұнаттым деген еркегіне қайта қоңырау шалды. Тұтқасын көтермейді. Арада сан сұрақтармен үрейленіп, үрпиіп жүрген Ләйлаға әлгі азаматтың өзі қоңырау шалды. Мән-жайды сұраса келе, сол кеште Ләйләнің артқы тұсында бет-әлпеті жоқ, зіңгіттей ер азамат тұрыпты… Екі қолын көтеріп, Ләйләнің иығын қысып, басын шайқайды. Осыны айтқанда ол не сенерін, не сенбесін білмейді. Сенбейін десе, кәлимаға тіл келтіре қаша жөнелген баяғы бейтаныс әйел есінде. Бірақ ол адам ешқашан залалын тигізген емес қой? Неге өзінің көзіне көрінбейді?
Молдалардан кеңес алып, үйді тағы да аластайды. Сынамақ болып, үйіне бірнеше рет қонақ шақырды. Бірі үйге енбей жатып үрке қашады, бірі жайғасып отырып, әңгіме барысында екі көзі тостағандай болып, тіл қата алмай есікке тұра ұмтылады. Ләйлә бұған үйреніп те қалды. Тіпті, кейде онымен сөйлеседі де. Өзіне зияны тимегендіктен, «үй егесімен» бірге тұрып жатыр. Бұрынғыша сәлем беріп, тысқа шығарда ие болуын өтінеді. Ләйләға анасы да келмейтін болды. Оның да көзіне бейтаныс ер көрініп, үйден кетуін өтініпті…
Назым Төрегелді.