Кез келген ата-ана өзінің мұрагерін қатарынан қалдырмай өсіріп жетілдіруге тырысады. Бала тәрбиелеуде жұлдызшылардың кеңесі мүмкін сізге қажет болып қалар. Оқып көріңіз.
Тоқты. Тоқтыбалаларын мақтан тұтады. Ұл-қызының жасына қарамастан бірден жүрегін жаулап алады. Перзенттеріне сенім артып, олармен дос болуға тырысады. Бірақ кейде тоқтылар шамадан тыс қатал. Мәселен, бұл белгіде туылған әкелер баласы ауырған кезде шыдамсыздық танытып, жылаған дауыстан ығыры шығады. Ал әйелдер қатал болғанымен перзенттеріне еркіндік береді. Балалар дұрыс шешім шығаруды анасынан үйренеді. Дегенмен тоқты ата-аналар перзенттері үшін үлгілі бола алады.
Торпақ. Торпақбелгісінде туылған ата-аналар көбіне балалардың барлық әрекетіне көнеді. Бірақ кейде тұрмыстағы тіршілікке беріліп кетіп, ұл-қыздарының тәрбиесі назарынан тыс қалатыны бар. Дегенмен балаларын өте жақсы көреді. Тоқтылар табиғатты аса ұнататындықтан саяхатқа жиі шығуға тырысады. Баланың ой-өрісін ойындар арқылы дамытуды жөн санайды. Бұл оның тез ойлауына әсерін тигізері сөзсіз. Торпақ-әкелер бос уақытын балаларына арнайды. Оларды жан-жақты етіп тәрбиелеуге тырысады. Перзенттерінен ақшасын аямайды. Ересектеріне қатал болатын торпақ-аналар баланың сәби күнін аса жақсы көреді.
Егіздер. Егіздер балаларының тілін тез түсінеді. Бірге ойын ойнап, олардың көп нәрсені үйренуі үшін әрекет етеді. Олар бала тәрбиесіне келгенде жүректен гөрі ақылға ерік береді. Сондықтан перзенттері жылулықты аз алады. Ата-аналарының өзі жастық көзқарастан арыла алмағандықтан, әрбір күнін бала секілді қуанышты сәттен бастауға дайын болады. Ұл-қыздары жаңашылдыққа құмар егіздер есте сақтау қабілетінің мықтылығымен мақтануына болады. Бұл белгіде туылған ата-аналар өте шыдамды, жұмсақ келеді. Әйелдер әрдайым отбасында жылылық ұялатады. Бірақ тым жұмсақтығы өзіне кейін таяқ болып тиеді. Балалары айтқанын жасаған сайын шектен шығып кетеді.
Шаян. Шаяндар баласына көп назар аударады. Уақытының басым бөлігін жұмсауға дайын. Оның айтқанын тыңдайды. Еркелігін көтереді. Бірақ тым шектен шығып бара жатқанда айқайлайды, қол жұмсауға дейін барады. Бірақ мұндай жанұяда өскен балалар болашақта қиындыққа аса шыдай бермейді. Өйткені, осыған дейінгі оқта-тектегі қаталдық және әрдайым көрсетілген қамқорлыққа әбден үйреніп қалған. Балаға деген махаббатыңды білдіру оның тілегін әрдайым орындау деп ұғынатын шаяндар әйтеуір бір есі кірер деп жүріп, уақытты өткізіп алғанын байқамай да қалады. Шаян-әкелер баланы тым еркелетпейді.
Арыстан. Арыстандар бала тәрбиесі алғашқы күнінен-ақ маңызды рөл атқаратынын жақсы білетіндіктен, жауапкершілікті өзіне алады. Оның ой-өрісінің дамуы үшін аянбай еңбектенеді. Балаларымен бірге ойын ойнап, кино, концертке бірге барып, сабағына барынша көмектесуге тырысады. Әйел — арыстандар үнемі қамқорлық көрсетіп жүреді. Кез-келген жағдайда көмек көрсетуге дайын. Мұндай әйелдер тек жанұяның ұйытқысы болуымен қатар, жұмыста да табысты, биік белестерді бағындыра алады. Арыстан ата-аналар көпбалалы бола бермейді.
Бикеш. Бикештер бауыр еті баласының өзінен көмек, махаббат, назарды талап ететінін жақсы біледі. Сондықтан кішкентай кезінен құнарлы тамақтануына мән беріп және ой-өріс дамуына ықпал ететін түрлі ойындарды үйретеді. Барлық сұрақтарына жауап беруге тырысады. Сондай-ақ бикеш белгісінде туылғандар баланы тазалыққа, тәртіпке үйретудің нағыз шебері. Мұнымен қоймай оның нәтижесін талап етеді. Бикештер баласының бет-бейнесі көрікті болғанын қалайды. Сондықтан ойын алаңшасында жүрген бүлдіршінінің жазатайым құлап қалмауын қатаң қадағалайды. Киімінің және қолының да таза жүруі үшін ана бикеш оны назарынан тыс қалдырмауға тырысады. Қатал әрі талабы мықты бикештің отбасында тәрбиеленген бала әрдайым мектеп тапсырмасын орындап, жүктелген міндеттерді уақытында іске асырады. Бұл белгіде туылған әйелдер үшін баланың саны емес, оны жақсы тәрбиелеп өсіру маңызды. Бикеш жұлдызнамасындағы әкелер баланың айқайына көп шыдай алмайды.
Таразы. Таразылар өзге белгілермен салыстырғанда ең таңдаулы ата-аналар. Балаларына тәрбие беруде қателікке көп бой ұра бермейді. Олармен дос, құрдасқа айнала алады. Әрдайым әділдікке үйретіп отырады. Таразы белгісінде туылған ата-аналар баланың тілін тез табу арқылы өзгелерді сыйлауға, кішіпейіл болуға оңай дағдыландырады. Білім беруге де аса мән беріп, кішкентай күнінен құлағына құйып отырады. Бірақ нәтижесін көргенде оған өзінің үлкен еңбегі сіңгенін ойына да алмай, ұмытып кетуі ғажап емес. Таразылар баланың айтқанын қажетті жағдайда ғана тыңдайды. Мұндай әрекетін білдірмеуге тырысады. Перзенттерінің әрекетіне дұрыс баға бере алады. Бұл дегеніңіз олар балаларына үлкен құрметпен қарайды деген сөз. Ұрыс-керісті ұнатпайды. Балаларының өзінікін дәлелдеуге тырысқанын қаламайды.
Сарышаян. Сарышаян белгісінде туылған ата-аналар баласының әрекетсіз жүргенін қаламайды. Оған үнемі жұмыс тауып береді. Бірақ сарышаяндар баланы дұрыс тәрбиелеуге бағыттайтын әрекеттердің барлығын меңгермеген. Кейде олар шыдамсыз, ашуланшақ, тым талапшыл болып кетеді. Мұндай кезде балаларын өте жақсы көретін сарышаяндар керемет махаббатын оларға дәлелдей алмай әлекке түседі. Бұл белгіде туылған әйелдер ақылды болғанымен, бала тәрбиесінде сылбырлау. Өз ойын тәжірибеде іске асыра алмайды. Бұл балаларының тәуекелге бара бермейтін, мінезсіз, өз ойын айта алмайтын болып өсуіне ықпал етеді. Әйел-сарышаяндар өзгелердің көзінше ешқашан баласының кемшілігін айтпайды. Болашақта оларға көп арқа сүйейді. Ал ерлер өзінің үлкендігін үнемі еске салып отырады. Балаларының жалқау, ақылсыз, ата-анаға масыл болғанын қаламайды. Сондықтан бастысы еңбекке баулиды.
Мерген. Мергендер өз балаларының болашағының сәтті болатынына сенеді. Ол үшін еңбектенеді. Мектептегі үлгерімінен бастап талаптарды күшейтеді. Мерген белгісінде туылған әйелдер балаларымен ойын ойнап, саяхатқа шығып, сұрақтарына шын жауап береді. Әлемді тануға зор ықпалын тигізеді. Ал ерлер бала тәрбиесіне немқұрайлы болып келеді. Бұған оның шыдамсыздығы басты себеп. Көп жағдайда мерген ата-аналар балаларын ата-әжелерінің тәрбиесіне бергенді дұрыс санайды. Мерген-әке қызынан гөрі ұлына жақын болады. Балаларынан шыншыл болуды талап етеді. Ал аналары жұмсақ болады. Мергендердің отбасы әрдайым достарға, қонаққа толы.
Тауешкі. Тәртіпке басты мән беретін Тауешкілер бала тәрбиесінде көбінесе жақсы нәтиже беретін ескі әдістерді қолданады. Бұл бағытта ол жаңашылдыққа тәуекел етпейді. Баланың аса еркін, әрі ерке болып өскенін қаламайды. Жанұяда кішілер үлкенді тыңдауы тиіс деп санайды. Тәжірибеде бұл әдіс оң нәтижесін бергенімен, көп жағдайда мұндай отбасының балалары ата-ана тарапынан жылулыққа зәру келеді. Тауешкі-аналар әкеге қарағанда жұмсақ болып келеді. Балаларына үнемі көз қиығымен қарап, олардың мектептегі үлгеріміне үнемі көңілі толмай жүреді. Сондықтан талапты уақыт өткен сайын жоғарылата береді. Баланы жеткен жетістігі үшін мақтауды артық деп санайды. Тауешкі белгісінде туылған ерлер әке ретінде өте қатал және талабы жоғары. Балаларының жас ерекшелігіне сөйлесіп әрекет етуді жөн санамайды.
Суқұйғыш. Суқұйғыш ата-аналар балаларына айғайсыз мықты жетекшілік ете алады. Сонымен қатар мәселенің түйінін табуға нақты шешімін айтады. Суқұйғыш белгісінде туылған ата-анасы бар балалар үлкендердің кез-келген жағдайда көмектесе алатынын білгендіктен алаңсыз жүреді. Бала тәрбиесінде достықты бірінші кезекке қоятын бұл жұлдызнама белгісі көп жағдайда ұтады. Олар ұл-қыздарына тек түсіндіріп қана қоймай, оны іске асыру керектігін ұғындырады. Балаларына ешқашан өздерінің үлкен екендіктерін еске салмайды. Жетістігі үшін мақтап отырады. Суқұйғыш белгісіндегі ата-аналар балалары жан-жақты болып өсуі үшін қолдан келгеннің барлығын жасайды. Суқұйғыш — ана алғашқы сәбиінің тәрбиесінде аздап қиналады. Дегенмен өзіне талап қоя алатындығының арқасында бәрін жеңеді. Алдымен перзентіне өзгелерді бағалауды үйретеді.
Балықтар. Балықтардың балаларға деген қарым-қатынасы өзгеше. Олар бала күнінде қолы жетпегенді ұл-қыздарына беруге тырысады. Еркіндікке үйреткенімен қаталдықтары басым. Бала тәрбиесіне аса мән бермейтін балықтар да жиі кездеседі. Бірақ бір қызығы өзгенің баласына қамқорлықты аямайды. Балық-аналар бала туылғаннан көңіл бөледі. Перзенті дүниеге келгеннен оның денінің саулығы үшін бәрін жасайды. Мінезі жұмсақ ананың балалары тәртіпті болып өспейді. Өмірдегі қиындықтарға шыдай алмайды. Балық-әке ұл-қызын өзінің қатарындай көреді. Сондықтан олармен бірге ойын ойнап, сәйкесінше ауыр жұмыстарды атқарып жүре береді.
Дайындаған — Ғалия Қылышбаева
span style=»color: #000000″