Қылмыс 60 % — ға көбейді

215

Таяуда Шымкент қалалық әкімшілігінде қала әкімі Қ. Молдасейітовтың төрағалық етуімен Шымкент қаласындағы құқық бұзушылықтың профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның ағымдағы жылдың 7 айын қорытындылау бойынша кезекті отырысы өтті.

Жиынға «Нұр Отан» ХДП-ның қалалық филиалының төрағасы Ө.Мелдеханов, Шымкент қалалық мәслихатының депутаттары, комиссия мүшелері Р. Пак, Ж.Омаров, А.Пайзахметов, Абай ауданының прокуроры М.Әлімбеков, Еңбекші ауданының прокурорының міндетін атқарушысы А.Сейітов, Әл-Фараби ауданының прокуроры Е.Қожабеков, ОҚО балалар құқығын қорғау департаментінің қызметкері М.Маханов, ОҚО қылмыстық атқару жүйесі департаментінің бастығы Т.Жәнібеков, ОҚО денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Ғ.Әбіш, Шымкент қалалық ІІБ-ның бастығы С.Сапарбеков, Шымкент қалалық ІІБ-ның аудандық полиция бөлімдерінің басшылары, Шымкент қаласы әкімдігінің құрылымдық бөлім басшылары мен аудан әкімдері қатысты.

Күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша баяндама жасаған Шымкент қаласы әкімі аппараты заң бөлімінің меңгерушісі Марат Шәріпов Шымкентте, әсіресе, сағаттап жалға берілетін пәтерлер маңында тұратын қала тұрғындарының наразылықтарын жеткізді. Қалада тән саудасының қызып тұрғанын, мұның бәрінің жас ұрпақ тәрбиесіне кері әсері тиіп жатқанын да тілге тиек етті. Мұның барлығы да, яғни қаладағы қылмыстың өршуі Шымкент қаласының рейтингісінің төмендеуіне ықпал етіп жатқандығын жасырмады.

Шымкент қаласындағы қылмыстық ахуал жөнінде баяндама жасаған Сейітжан Сапарбаев та 2012 жылдың 7 айында атқарған жұмыстары жөнінде есеп бере отырып, қаладағы 14 полиция бекетінің жағдайын да тілге тиек етті. Әсіресе кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдер арасындағы қылмыстың өршуі тәртіп сақшыларын қатты алаңдатып отыр. Бұл мәселеде мектеп инспекторларының жұмыстары көңіл көншітерлік емес екенін жоққа шығармады. Өйткені мектеп инспекторларының 33 % — ы аттестациядан өтпей қалған. Қылмыстық жағдай Шымкент қаласындағы Абай ауданында тым көбейіп кеткені де назардан тыс қалмады. Осы орайда Шымкент қаласы бойынша 148 полиция қызметкерінің өз жұмысына лайық емес екендігі де кезектен тыс аттестациялау кезінде белгілі болған. Оның ішінде Абай аудандық ІІБ-ның бастығы да бар екені айтылды.Нәтижесінде Абай аудандық ІІБ-ның бастығы жұмыстан босатылған. Абай аудандық ІІБ бойынша ағымдағы жылдың 7 айында тіркелген 3 мыңнан астам қылмыстың 2 мыңға жуығы ұрлық екені де мәлім болған.

С.Сапарбаев аталған кемшіліктерді жою үшін өз ұсыныстарын да айтқан болатын. Ол көлік иелерінің көліктерін қараусыз қалдырмауы керектігін, мүмкіндігінше көліктерді ұрылардан қорғайтын дабылқаққыштармен қамтамасыз ету керектігін, тұрғын үйлерге домофондар орнатып, подъездерге кез-келген адамның кіруіне тосқауыл болатын арнайы құрылғылар орнату қажеттігін, ал жеке кәсіпкерлердің өз мүлкін сақтау үшін жекеменшік күзет қызметтерінің қызметтерін қолдануы керектігі туралы өз ұсынысын айтқан еді. Алайда Шымкент қаласының әкімі Қ. Молдасейітов бұл ұсыныстың ақылға сыйымсыз екенін атап өтті. «Сонда тәртіп сақшылары қолдарын қусырып бос отырмақ па?», — деп бұл ұсынысты сынға алды.

Жалпы, алқалы жиында Шымкент қаласының тәртіп сақшыларының жұмысы көңіл көншітерлік емес. Бұл орайда баяндама жасаған Абай ауданының прокуроры М. Әлімбеков те жасөспірімдер арасындағы қылмыстың өршіп отырғанын айта отырып, учаскелік полицейлердің де жарытып жұмыс жасамайтынын сынға алды. Мысалы, Абай ауданы бойынша бір адам 42 рет қылмыс жасаған. Сонда осынша рет қылмыс жасатып қойып, учаскелік полицейлердің не қарап отырған? Осы сияқты көптеген мысалдар келтірген аудан прокуроры тәртіп сақшылары алдағы уақытта жұмысын жандандырмаса, қылмыс жасаушылар саны бұдан да арта түсетінін тілге тиек етті. Аудан прокурорының мәліметіне қарағанда, жалпы, жеті айда өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда қылмыс саны 60 % — ға өсіпті.

Жиында «Нұр Отан» ХДП-ның қалалық филиалының төрағасы Ө.Мелдеханов, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты, комиссия мүшесі Р. Пак та өз пікірлерін білдірді.

Қатысушылар жұмылған жұдырықтай бірігіп жұмыс атқармаса, қылмыс санының азаймасына көз жеткізді.

Құндызай ҚАЛАУОВА