25-қазанға дейін тіркеуден өтпеген діни бірлестіктер жабылады

310
29 наурыз 2013 жыл. Бас муфти Шымкентке келді
Діни бірлестіктер тіркеуден өтуі тиіс

 

Еліміздегі барлық діни бірлестіктер мен мешіттер 25-ші қазанға дейін тіркеуден өтуі тиіс. Бірақ бұған дін өкілдері асығар емес. Әділет департаменті мен Дін істері жөніндегі департамент басшылары осылай дабыл қағуда. Бүгін осы сала өкілдері журналистермен баспасөз мәслихатын өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуге көмек беруін сұранды.

Бүгінде Әділет департаментіне 28 діни бірлестіктен қайта тіркеуден өту жөнінде өтініш келіп түскен. Оның 10-ын есепке алудан бас тартылыпты. Өйткені тиісті құжаттары түгел емес. Ал қалған 18-і қаралу үстінде. Айта кетейік, биылдыққа 30 діни бірлестік өз жұмысын тоқтатып, жабылған. Ал облыста бұрынғы есеп бойынша 140 діни бірлестік барын ескерсек, олар ертеңгі күні мерзім жақындаған тұста тіркеуден кешігіп қалуы әбден мүмкін. Өйткені оларды есепке алуда арнайы сараптама жүргізуге бір ай уақыт кететін көрінеді.

Бұдан бөлек, қазір мешіттерді де есептік тіркеуден өткізу науқаны жүріп жатыр. Бірақ олардың да қарқыны баяу. Мешіттерге бір айлық сараптама жүргізілмегенмен, олардың саны әлдеқайда көп. Қазір облысымызда 727 Алланың ақ үйі бар болса, Соның 331-і ғана құжаттарын өткізген. Соның тек 182-сі ғана есептік тіркеуден өтіп үлгеріпті.

Айта кетейік, есептік тіркеу кезінде мешіттердің атауын өзгерту жағы заңда ескерілмепті. Бірақ бас имамдар мен құрылтайшыларға ұсыныс жасалған. Қазір олардың бірқатары бұл ұсынысты қабыл алыпты да.

Есепке алу өтініштері халыққа қызмет көрсету орталықтарында қабылданады. Бұған дейін тиісті сала қызметкерлері діни бірлестіктер мен мешіттерге қайта тіркелуі жайлы ескерту берілген. Егер 25-ші қазанға дейін діни бірлестіктер мен мешіттер түрлі себептермен есепке алынбай қалса, онда сот шешімімен жабылатын болады. Мамандардың қойған нүктесі осы.