Қылмыс жасаған жасөспірімдердің ата-анасы немесе заңды өкілі баласының қылмыс жасауға жол бергені үшін төмендегідей әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
ҚР Қылмыстық кодексінің 137-бабына сай, кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамау тиісті жауапкершілікке әкеп соқтырады. Атап айтқанда, кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi ата-анасының немесе өзiне осы мiндеттер жүктелген өзге адамның, сол сияқты кәмелетке толмаған баланы қадағалауды жүзеге асыруға мiндеттi педагогтiң, оқу, тәрбие беру, емдеу немесе өзге мекеменiң басқа қызметкерiнiң орындамауы, тиiстi дәрежеде орындамауы, егер бұл әрекет кәмелетке толмаған балаға қатал қараумен ұштасса — елу айлық есептiк көрсеткiштен жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, сондай-ақ, жүз сағаттан екi жүз сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не екi жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына, не үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру жазасы қарастырылады. Кей жағдайда екi жыл мерзiмге дейiн бас бостандығын шектеуге жазаланады.
Сонымен қатар, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 111-бабына сәйкес, ата-аналардың немесе басқа да заңды өкілдерінің балаларды тәрбиелеу жөніндегі мiндеттердi орындамауына байланысты төмендегідей әкімшілік жауапкершілікке тарту да қарастырылған:
1. Ата-аналардың немесе басқа да заңды өкілдерінің кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу және оқыту жөніндегі мiндеттердi дәлелдi себептерсіз орындамауы — айлық есептiк көрсеткiштiң бестен онға дейінгі мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Осы баптың бірiншi бөлiгiнде аталған, кәмелетке толмағандардың алкогольдік iшiмдiктердi, есiрткi құралдарын және психотроптық заттарды ұдайы қолдануына, не қаңғыбастықпен немесе қайыршылықпен айналысуына әкеп соққан iс-әрекеттер, сол сияқты олардың қылмыс немесе қасақана әкiмшiлiк құқық бұзушылық белгiлерi бар әрекеттер жасауы — ата-аналарға немесе басқа да заңды өкілдеріне жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
Бала қылмыстық жауапкершілікке қай жастан бастап тартылады?
Қылмыс жасаған кезде 16 жасқа толған адам қылмыстық жауапқа тартылады. Кейбір қылмыстар бойынша жасөспірімдердің жауапкершілігі 14 жастан көзделген. Атап айтқанда, кісі өлтіргені, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені, қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіргені, зорлағаны, ұрлық, тонау, қарақшылық, қорқытып алғаны, автокөлікті немесе көлік құралын заңсыз иемденуі, бұзақылық және басқа да қылмыстар жасағаны үшін 14 жасқа толғандар жауапкершілікке тартылады.