Солтүстіктегі алып көршіміз 17 жыл зарыға күткен межесіне ақыры жетіп тынды. Кедендік Одақ бойынша серіктесіміз Ресей енді ДСҰ-ның (Дүниежүзілік сауда ұйымы) ресми мүшесі. Ал Ресеймен Бірыңғай экономикалық масштабқа ұмтылған Қазақстанның тауар өндірушілері мен кәсіпкерлерінің тағдыры алаңдатады бізді. Қазір елдегі бизнес өкілдері әрі-сәрі күйде. ДСҰ-ның босағасында сығалап тұрған еліміздің кәсіпкерлерін не күтіп тұр?

Ресми деректерді сөйлетсек, бүгінде ұйымның құрамында 150-ге таяу ел бар. Посткеңестік елдерден Литва, Латвия, Эстония, Грузия, Армения, Молдова, Қырғызстан, Украина белді ұйымның қатарында. Әзірге, біздің елімізді қосқанда 30-ға жуық ел осы ұйымға кіруге ниетті. Ал ұйымға мүше елдердің үлесі әлемдік тауар айналымның 95%-ын құрайды. Біздің де аталған ұйымның есігін сығалағанымызға біраз болды. Алайда, әзірге ешбір нәтиже көзге көрінбейді. Биылдың соңына дейін деп жоспарлағанымызбен, бұл әрекетімізден түк шықпайтын түрі бар. Көңілде келесі жылдың ортасына қарай кіреміз деген жұбату ғана.
Хош, әлемдік экономикада өзіндік орны бар Ресей мен Қазақстанның экономистері мен қаржыгерлері өз болжамдарымен әуре. Бірі ДСҰ Ресейді ұшпаққа шығарып, елімізді тығырыққа тірейтінін айтса, енді бір сақа сарапшы бұған қарыс уәжін алға тартады. Расында, көршіміздің ДСҰ-ның табалдырығынан аттауы бізге қандай пайда, зиян әкелмек? Көптеген сарапшылар елдегі кәсіпкерлердің ахуалына алаңдап, дәл қазір ашық саудаға, бәсекелестікке дайын еместігімізді алға тартады. Сонымен қоса, жеңіл және ауылшаруашылығы саласында жүргендердің 40 пайызы екі қолға бір күрек таппай сандалуы мүмкін. Баға саясатында да Ресей өз тарапынан қысым көрсетуі кәдік дейді бір сарапшылар. Түптің түбінде еліміздің кәсіпорындары бәсекеге қабілетті, сапалы тауар шығаруы тиіс. Ертеңгі күні ДСҰ-ға кірген соң да бұл мәселе алдымыздан көлбеңдеп шығары белгілі. Бір анығы, Ресейдің ДСҰ-ға өтуі бізге келетін азық-түлік, киім-кешек тауарларының құны біршама арзандауына мүмкіндік бермек. Импорт тауарлардан жаңа көліктердің бағасы -25, ет өнімдерінің- 40 пайызға құны түседі. Бәлкім, сол жағынан аз да болса пайда көруіміз ықтимал. Сонымен, бізге тиімді тұсы қайсы? Бұл орайда кейбір саясаттанушылар мен экономистердің пікірі екіге жарылады. Белгілі саясаттанушы Расул Жұмалы Кедендік Одақпен салыстырғанда бұл жерде айтарлықтай ұтылар тұстарымыз жоқ деген пікірде. «Егер ДСҰ-ға толыққанды мүше болып енетін болсақ, жағымды тұстары басым. Бұл дүниежүзілік ұйымға 150-ден астам мемлекет еніп отыр. Ұйымның басты мақсаты – мүше елдердің арасындағы сауда мәселелерін жеңілдету, кедендік кедергілерді алып тастау. Бұл дегеніміз – Қазақстанға бұдан былай келетін тауарлардың бағасы біршама төмендейді деген сөз. Себебі, бәсекелестік күшейеді. Бәсекелелестікке сай болатын болса, күштілер өз жұмысын сақтап қала алады, әлсіздер кетуге мәжбүр болады»,- дейді Р.Жұмалы. Ал экономика ғылымдарының докторы, профессор Атамұрат Шәменовтің ойынша, ДСҰ-ға Қазақ­станның өзі толық кірсе, біздің ұтарымыз көп. – Дүние­жүзілік сауда ұйымына кіру ең әуелі өзіміздің кем-кетігімізді түзе­тіп алуға итермелеуі тиіс. Алдымен біз өз өндірісіміздегі кемшіліктерді дұрыстап алуымыз қажет. Демек, бәсекеге қабілетті өнім шығару жағынан бізде алға ілгерілеу бола­ды деген сөз.
Байқағанымыздай ДСҰ-ға ену бізге үлкен міндет жүктейді. Атаулы мәселе Елбасының назарынан тыс қалған емес. Президент Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Парламентінің бесінші шақырылымының екінші сессиясының ашылуы барысында сөйлеген сөзінде осы жағдайға мән берді. Мемлекет басшысы Үкіметке еліміздің ДСҰ-ға кіруі барысында қабылдайтын міндеттемелерін ратификациялау бойынша арнайы заң жобаларын әзірлеуді тапсырды. Оның атап өтуінше, елдегі тиімді экономикалық қарым-қатынасты қалыптастыру арқылы алдағы ауқымды ұйымға кіре аламыз.
Қорыта айтқанда, Ресей ДСҰ-на енгенімен, қос елде ғажайып өмір орнайды деуден аулақ болған жөн. Экономикалық қарым-қабілетіміз әсте-әсте дамиды дегенге сенгіміз келеді. Ал болашақты ойласақ, сапалы тауар шығарып, бәсекеге төтеп берудің жайын қарастырғанымыз абзал.

Мадина БЕЙСЕНОВА, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің «Маркетинг» кафедрасының меңгерушісі, э.ғ.д., профессор.

– Ресейдің ДСҰ-ға кіруінен ұтпасақ ұтылмаймыз. Мұның ең бір тиімді жағы, бағаның тұтынушыларға қолайлығы. Соншалықты баға саясаты өзгеріп кетеді дей алмаймын. Ең басты ұтарымыз, біздің тауарлардың Ресейден келетін өнімдермен бәсекеге түсіп, сапасы артар еді. Осылайша, тауарымыздың сапасы артса, өзіміз де ДСҰ-ға тезірек кірер едік.

 

Жанболат МЕЛДЕШЕВ, ОҚО кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы бастығының орынбасары.
– Әлемдік беделді ұйымға мүше болу оңай емес. Ал орыстар осы ұйымға енсе, онда біздің де ДСҰ-ға кіргеніміз болып есептеледі. Себебі, Кедендік Одақ шеңберінде кәсіпкерлердің тауары ешбір кедергісіз, баж салығынсыз экспортқа шығар еді. Бұл бізге өте тиімді. Мәселен, біздің облыстағы «Карданвал» ЖШС-і өз өнімдерін Беларуссияға экспортқа шығаруда. Ендігі кезекте, тауарымызды шетелге шығару бұрынғыдан да оңайырақ болады.