«Әйелдер не дейді?»
Кешегі аптада есімі елге белгілі азамат, ҚР Мәдениет министрі Дархан Мыңбай «Қыз ұзату» тойын Шымкентте, «Екі жұлдыз» тойханасында өткізді. Тойдың болғанынан боладысы қызық екені рас. Сол боладысында той егелері Дархан мен Қорлан қыздары Үнзиланың ұзатылу тойына шақыра отырып, қонақтарға кешікпей келуін, әрі тойдан асығып кетіп қалмауын алдын ала ескерткен-ді. Мұнысы тектен-тек емес екен. Дүрілдеп өткен той туралы ел арасында гу-гу әңгіме әзір басылмай тұр. Әсіресе, бұл тойдың өзге тойлардан ерекшелігі сол, қонақтарды жалықтырып жіберетін көп тілек айтушылардың болмауы, сонымен бірге той иесі Дархан Қамзабекұлының өзі ән шырқағаны көпшілікке жақсы әсер сыйлағанға ұқсайды. Министр мырза тойдан тобықтай деп сыйлық беруді де ұмытпапты. Оның өзін өзгеше жасатыпты. «Тойбастар» деп аталатын CD- дискіге «Махабат туралы керемет әндер» топтастырыпты.
Қазақ емеспіз бе, тойдан соң өкпелейтін азаматтардың да табылатыны үйреншікті жәйт қой. «Тым еуропашыл той болды» деушілер де, «бұрын тәп-тәуір қызметтес болып едік, тойға шақырмапты мені» деушілер де табылуда. Не десек те, Шымкентте өзгеге үлгі боларлықтай дәрежеде той өткені анық.
Баба есімі берілген даңғыл бойынан Шымкент қаласында Бәйдібек баба ескерткіші бой көтермек. Ол «Тұлпар» демалыс аймағы аумағындағы бұрынғы «Ұшақ» ескерткіші тұрған маңға орнатылады деп күтілуде. Ескерткіштің өзі баба ұрпақтарының демеушілігімен бой көтергенімен, аумағын көркейту, көріктендіру үшін Шымкент қалалық бюджетінен 30 млн. теңге бөлінетін көрінеді. Мұны естіген ел арасында «сонда гүл мен тал-терекке осыншама қаржы жұмсалады ма?» деген таңданысқа толы сауал кезіп жүр. Естеріңізде болса, Тәуелсіздік саябағын көріктендіруге, гүл егуге 50 млн. теңге бюджеттен бөлінгені белгілі. Сол теңгенің қаншалықты мақсатты жұмсалғанын анықтай алмай жүргендер енді бір ғана ескерткіштің айналасына гүл егуге 30 млн. теңге бөлінгелі жатқанына аң-таң.
Кешегі аптада Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Өскеменде Қазақстандағы ірі мешіттердің бірінің ашылу салтанатын өткізді. Сондай-ақ, Олимпиада жүлдегерлері үшін де кешегі аптада үлкен той-думан ұйымдастырды. Неге екенін кім білсін, осынау айтулы іс-шараларға біздің облыстан да арнайы делегаттарды шақыртыпты. Белгілі азаматтар бар топты облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов бастап «жақсыны көрмек үшін» деп барып келгенге ұқсайды. Бұл бәлкім жұрт айтып жүргендей «күзде Үкімет жетекшісі К. Мәсімов қызметтен кетіп, облыс әкімдері ауысады-мыс. Бізге қайтадан әкім болып Б. Сапарбаев келеді екен» деген әңгімеге негіз шығар, кім білсін? Дегенмен, Сапарбаевтан гөрі «Оңтүстікке» әкім болады екен» деушілердің тізімінде Асылжан Мамытбековтың, Серік Үмбетовтың, Ұласбек Сәдібековтың салмағы «ауыр» болып тұр.