Денсаулықтың мықты болуына спорттың ықпалы мол. Демалыс күндері зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығының мамандары қағаз қалам мен костюм шалбарды спорттық киім мен допқа алмастырды. Биыл мекеменің құрылғанына 15 жыл. Осы мерейлі датаға орай мемлекет қызметкерлері шағын футболдан жарыс ұйымдастырды. Аудан-қалалардан барлығы 16 команда құралып, екі күн бойына өзара мықтыны анықтауға тәуекел еткен.
Бір сәт жұмыстан босап, спортпен шұғылдануды дәстүрге айналдырған департамент мамандары жасыл алаңда шебер екендіктерін байқатты.
Шағын футболдан бұл жыл сайын ұйымдастырылатын ойын болғандықтан, сайыс тартысты өтті. Керемет ойын өрнегін көрсете білген Сарыағаш командасы ақтық кездесуде Төлеби бөлімшесінің аяқдопшыларын 3 те 2 есебімен жеңіп, чемпион атанды. Ал үшінші орынға бақылау және халықты әлеуметтік қорғау департаментінің футболшылары табан тіреді.