Тұтынған судың ақысы толық төленбей жатыр! «Су ресурстары — Маркетинг» ЖШС-нің мамандары осылай деп дабыл қағады. Нақты айтқанда, көпқабатты үйлердегі жертөлелерге кіріп, өлшегішті қарау мүмкін емес. Себебі, кейбіреулерін су басқан.
Асанбай Асқаров көшесіндегі №43 үйдің жертөлесінің жағдайы мынау. Мұндағы су есептегіштегі көрсеткішті есепке алмақ түгілі, маңына жақындау мүмкін емес. Өйткені, ағын су толып қалған.
Меруерт Нұрланқызы, Асқаров көшесіндегі №43 үйдің тұрғыны: «Астының бәрі шылқып жатыр, нам. Үйімнің артынан көрсем, мусор, таракандар шығып жатыр. Сасық иіс шығады бізден. Міне осы мәселені шешіп берсе деймін.Өзіміз де көмектесеміз.»
Қалада су мекемесінің бас ауруына айналған 10 үй бар. Солардың ішіндегі жағдайы ең қиыны — осы үй болып отыр. Өйткені мұндағылардың 70 пайызы пәтер жалдаушылар. Ал олар өз үйі болмағандықтан, кәріз шайындысын тазалауға ақша жинамайды не болмаса пәтер иесі кім екенін де айтпайды дейді, үй төрайымы Назира Сайфуллина.
Назира Сайфуллина, Асқаров көшесіндегі №43 үйдің төрайымы:«Жақында кәріз құбыры жарылып кетті. Жөндеуге тұрғындардан ақша жинадық. Алайда 70 пайызы пәтер жалдайтындар болғандықтан, есігін ашпайды да. Ал біз сол пәтерлердің иелерін танымаймыз. 30 пайызы ғана тұрақты тұрғындар. Кімге барарымызды білмейміз, әкімшіліктегілер өздерің шешіңдер дейді. Тек қана «Су ресурстары — маркетинг» серіктестігі көмектеседі. Оларға рахмет.»
Ал мекеме өкілдері жертөледегі су есептегіштің көрсеткішін көрмей жүргендеріне 2-3 жыл болғанын айтады. Сол себепті тұрғындармен арнайы кездесіп, жертөлені тазалауға шақырып отыр. Егер оң шешім табылмаса, қалалық тұрғын үй инспекциясына шағымданамыз деп отыр.
Әшірімбет Әсеттулла, «Су ресурстары — Маркетинг» ЖШС инспекция бөлімінің бастығы: «Бұның астындағы кәріз және су құбырларының барлығы жарамсыз күйге түскен. Ертең сол су тоқтап қалып, болмаса біржерден жарылып ішіне кәріз суы кетсе, халық инфекцияға ұшырайды. Бұл жер инфекцияның ошағы болады. Сонда біз неге жауап беруіміз керек? СЭС-ті де шақырдық осы жиналысқа, келген жоқ. Абай аудандық СЭС-не хабарлама берілген.Келген жоқ.»
Тұрғындарға 3 күн уақыт берілді. Егер олар бір шешімге келмесе, тұрғын үй инспекциясы арқылы су беруді тоқтатуға тура келеді.