«Рахат-Шымкент» ЖШС қаланың шетінде үйлердің арасында орналасқан. Үлкен жазуы болмаса, мұнда шымкенттіктердің мақтанышына айналған кәсіпорын барын байқамайсың да.
Кәсіпорын қызметкерлері 4 қабатты мекеменің тыныс-тіршілігімен жергілікті БАҚ өкілдерін таныстырды.Тіл үйірер кәмпит, вафли, печенье, зефир жасап шығаратын мекемеге саяхат жүргізбес бұрын журналисттерге ақ халат пен орамал берілді.
Бұл кәсіпорын қосымша өндіріс алаңын ұйымдастыру мақсатында 2000 жылы Шымкент қ. «Рахат-Шымкент» ЖШС құрылған болатын. Кәсіпорын 30 дан астам атауы бар 4 түрлі: карамель, зефир, печенье және вафли өндіреді. Ол — диабетпен ауыратын адамдарға арнап арнайы өнім шығаруды меңгерген Қазақстандағы жалғыз кәсіпорын. Мәселен, мына бисквит цехі сағатына 9000 келі, тәулігіне 24 тонна өнім дайындайды. Бұрын өлшеп сатылатын өнiмдер көп болатын. Бүгінде қағазға орап шығарылатын печеньелер дайындау қолға алынған екен.
«Рахат Шымкент» АҚ-да 600-ге тарта адам жұмыс жасайды. Жұмыс үш ауысымда ұйымдастырылған. Барлығы автоматты жүйеде. Бір жерде қамыр иленіп, бірінде печенье кесіліп, вафлиге крем құйылуда.
Вафли өндiру жұмысымен де таныстық. Мұнда сағатына 360 келi өнiм шығарылады. 18 адам жұмыс iстейдi, қасында бiр слесарі бар. Кәсіпорында 4 бригада 3 ауысыммен қызмет атқарып, тәулігіне 24 тонна өнім шығарады.
Екінші қабатта түрлі-түсті, шоколадты кәмпиттер жасалуда. Карамельдің 14 түрі өндіріледі: жеміс-жидекті, глазурлі кәмпиттердің сағатына 465-580 келісі өндіріледі.
Көздің жауын алар зефир дайындайтын цехта ақ-қазыл, шоколадты зефирдің екі түрі дайындалады. Бұл цех қыркүйекте енді іске қосылыпты. Өнім жаз айларында еріп кететіндіктен тек салқында ғана өндіріледі.
«Рахат-Шымкент» ЖШС-нің өз қоймасы бар. Оған 100 тонна дайын өнім сақтауға болады. Фабрика былтыр 14 мың тонна кондитерлік өнім шығарған.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=0UvMKugyNJU[/youtube]