«Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды…» Нұрлан Өнербаевтың орындауындағы осы әнді тыңдаған сайын, оны қартайтпайтын анасы қандай екен деген сұрақ тұратын кеудеде. Неге екенін қайдам, көзіме жалғыз баласын жолға шығарып салып тұрған, ақ самайлы, әжімді, жанары мұңға толы ана елестейтін. Міне, енді, Нұрлан ағаның әніне арқау болған сол асыл ананы көрудің, сұхбаттасудың сәті түсіп, ол тұратын құтты мекен Төлеби ауданына қарасты Қазақстан ауылына жолға шықтық. Мен елестеткен әзиз ананың нақ өзі. Бірақ жанары мұңға емес, қуанышқа, аналық бақытқа толы. «Айналайындап» қарсы алды бізді.
Қазақстан ауылы жан-жағы ерте көктемнен сонау қара күз келгенше жасыл желекке оранып тұратын құтты қоныс. Бұл елді мекен өзінің асқар таудай азаматтарымен де аты шыққан. Сондай ағаларымыздың қатарына Нұрлан Өнербаевты да қосар едім. Осында туып, өскен елдің әншісінің ата-анасы Әлтай мен Жанаттың шұрайлы өлкені мекен еткелі қашан.
Әлтай Өнербайұлы. Жергілікті жамағат бұл кісіні Әлтай көке атайды. Елге сыйлы, абыройлы, ақылгөй ақсақал. Мұны жолай жөн сұраған адамдардан естідік. Бізді келді дегеннен балаша қуанып қалды. Арнайы іздеп келгенімізді айтқанымда Жанат апа да жаулығы желбіреп мәре-сәре күйге түсті. Ақ адал пейілдерімен бар жақсысын алдымызға тосып әлек. Бірден байқағаным, Әлтай ақсақал әзіл-қалжыңға жақын, жаны жайсаң адам екен. Тіпті бұрыннан таныс адамдарша шүйіркелесіп кеттік. Ол кісінің бет-пішінін, көзқарасын Нұрлан ағаға ұқсаттым. Дәлірегі Нұрлан аға Әлтай көкеме ұқсайды екен. Анасы Жанат апамның да келбетінен Өнербаевтың әдемі жүзі байқалады. «Анашымды» тыңдағанда көз алдыма елестей кететін абзал ана әлдеқайда келбетті және бір ғана перзенттің емес, он баланың асылы да ардақтысы екен.
Қазақ әйеліне тән қасиетпен көп сөйлей бермейді Жанат апа. Әлтай көкем жарының бұл мінезін бізге түсіндіріп жатыр.
– Апаларың қыз күнінен осындай, көп сөйлемейді. Жас күнімде ауылына сөз салуға барам. Үйленгелі жүрген қызым болғандықтан шешем қандай қыз екенін білгісі келетін шығар, «Әй, әлгі қыз не дейді?»-деп сұрайды менен.
– Үндемейді апа, – деймін. Бұл жауабым бір емес, бірнеше рет айтылған. Бір күні апам марқұм шыдай алмай кетті білем, «Әй, ол қыз неге үндемейді, мылқау ма екен?!» – деп зілсіз ашуланып қоюшы еді. Міне, сол апаларыңмен 50 жылдан аса жұп жазбай келеміз. Құдайдың мұнысына да шүкір – деп, Жанат апаға нұрлана қарады. Бар денесімен селкілдей күлген апам да, қара шалының бұл әзіліне «сөздің бәрін саған бердік қой» – деп жарасымды әзілімен жауап қатты.
Әлтай көке зейнеткерлікке шыққанша жүргізуші болып, еңбек етіпті. Ғұмырында өзгелерге осындай мамандықпен де үлкен абыройға кенеліп, қалың жұртшылықтың арасында ерекше құрметке бөленуге болатындығын әбден дәлелдеді.
Ал Жанат апа бар ғұмырын отбасына арнаған абзал жан. Қоғамдық еңбекке де араласты. Бірақ, үйдегі шеттей бала-шағаны да қараусыз қалдыра алмайсың. 34 жасында-ақ,он баланың анасы атанды.
– Келін болып, Әлекеңнің шаңырағының отанасы атанғалы, енем марқұм ақылшым болды. Қай шаруаның басын ұстасам да, керекті кеңесін айтып, балаларымды бағып-қақты. Тұла бойы тұңғышымыз Әлжан мен Нұрланды ерекше жақсы көретін. Ән мен күйге, өнерге деген ықыласы күшті еді апамның. Үнемі Алматының мәдени өміріне құлағы елеңдеп отырушы еді. Жиі барып тұратын. Қайным сол қалада тұрушы еді. Тіпті, қолына ауылдық әкімшіліктен бір жапырақ қағаз жаздырып алып, ұшақпен, пойызбен екі немересін ертіп, Алматыға кетіп қалатын.
Сонда қайда барады десейші? Театрға, балетке, түрлі концерттерге барып, екі балаға қаланы аралатып қайтады екен ғой. Содан болар Әлжаным мен Нұрланым өнерге өте жақын болып өсті. Нұрланды әкесі «осы бала балетке барады-ау» дейтін. Өйткені ойнағанда, Нұрлан екі аяғының ұшымен жүруші еді. Барлығы да әжелеріне еркелеп өсті. Құдайға шүкір, балаларымыздың барлығы жерге қаратпады. Білім-ғылымға құмар, өнерге деген ықыластары жоғары болды, – деп өткен күндерін сағынышпен еске алды бүгінде өзі де әже атанып отырған Жанат апа.
Әлтай ата мен Жанат апа небәрі 7-8 сыныпты бітірген жандар. Бірақ ақыл-парасаты, таным-түйсігі мол. Өйткені олар өмір университетінен өтті. Көп жайды тоқыды. Кезінде өздері ауылдан алысқа ұзап, тиянақты білім алмаса да, жұбайы екеуі ұл мен қыздарының талабын қолдап, оларды оқытуға барын салды. Қазір енді перзенттері соның жемісін беріп жүр.
Отағасы бұл күндері 76-ға келіп қалса да, үйде қарап отыруды жаны қаламайды. Сондықтан зейнеткерлікке шыққалы бері де шама-шарқы келгенше балаларына ақылшы болып, қолынан келген жұмыспен айналысады. Өз халқының салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, мәдениетін бір кісідей құрметтеп, оған барынша ден қоятын Жанат апа өмірден түйгендерін ұлдары мен қыздарына айтып отырудан еш жалыққан емес. Әсіресе келіндеріне айтары көп.
– Менің жолымды қуыңдар, көп бала тапсаңдар өз ырыстарың дегенді келіндеріме айтамын-ақ. Бірақ, қазір бала бағатын уақыттары жоқ. Барлығы да қызметте. 2-3 баладан артығын таппайды. Бірақ, қолыма су құйып отырған келінімнің қазір 5 перзенті бар. Осы келінім ғана көбейтті. Оған қуанамыз. Қазір сегіз ұл, екі қызымнан 31 немере, 5 шөбере сүйіп отырмыз.
Жанат апаның бойындағы кейінгі жастарға үлгі боларлық тағы бір ерекше қыры – қазақтың өнері мен мәдениетін қастерлейтіндігі. Ол әсіресе, ұлтымыздың ежелден келе жатқан дәстүрлі әндерін сүйіп тыңдайды. Шығармашылықпен айналысатын адамдарға құрметпен қарайды. Ұлы Нұрланның «Анашым» әні өзіне арналып орындалатындығын ойлағанда кеудесін қуаныш пен мақтаныштың қатар билейтіні анық. Бар ғұмырын балаларына арнаған ана бұл күні өзін расында да бақытты санайды. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірген ұл-қыздары сенімдерін ақтады.
Өнербаевтар шаңырағының тұңғышы – Әлжан қазір Астанада, жеке кәсіпкер. Ата-анасының қамқоршысы. Әулеттегі Нұрлан да кішкентайынан еңбекқор болып өсті. Күнделікті естіп, көріп жүргеніміздей ол кісінің шаруалары көп. Хабарласып тұрғанымен, ауылға жылына бір-ақ рет келеді екен. Ол ата-анасының туған күні. Айтпақшы, Әлтай ата мен Жанат апа бір күнде туыпты. 15 сәуір қос қарияның туылған күндері. Алыстағы ұл-қыздар екі рет келіп, әуре болмайды деп қуанады бұған қос қария.
Өсірген ұл-қызының арасында үшінші перзенті Ерлан бар еді. Өкінішке қарай,бақилық болған. Бірақ, артында ата-әжесіне көзқуаныш болып бір қыз қалды. Қазір шет елде білім алып жүр. Шаңырақтағы ұлдардың бірі Марат ағалары секілді елге елеулі жан. Ұшқыштықты таңдаған ол бұл күндері ел мүддесі үшін қызмет атқарады. Өмірде барлығы да адал еңбекпен келетіндігін жете ұққан ол тыным тапқан емес. Еңбегі де жанды. Қазір оның есімі сол аймаққа белгілі. Кейінгі жастар осы ағаларына еліктейді. Қанат ауруханада еңбек етсе, Бахтияр сот саласының үздігі. Жетінші ұл Жеңіс әке жолын қуыпты.
Ауылдық отбасылық емханада жедел-жәрдем көлігін жүргізеді. Қазір әке-шешесімен бірге тұрады. Оның жұбайы да сол ауылдық емханада медбике. Ол да ата-енесінің алдында бәйек болып, үлкен кісілерді сыйлап жүргені. Сегізінші ұл Еркін кәсіпкерлік саласында жүр. Айнұр мен Гүлнұр бұл киелі шаңырақтың иелері Әлтай ата мен Жанат апамыз алақандарына салып, аялап өсірген қыздары. Ұстаздық жолына түскен қос қарлығашы да бұл күндері қияға қонып, бір-бір отбасының отанасы атанған. Олардың жұбайлары да сыйлы азаматтар.
Қазақтың «бір қой туса, бір түп жусан артық өседі» деген даналығы бар. Алла тағала әр баланы өз несібесімен жарататыны да белгілі. Балағынан бала тамған алтын құрсақ аналарымыздың өнегелі өмірі қазіргі әйелдерге үлгі болып ел сүйсінер бала өсіріп жатса, аналық мұраттың орындалғаны шығар.
Ақмарал Алтынбекқызы
- Керек дерек
Қазақстанда көпбалалы 110 мыңнан астам ана бар. ОҚО-да дүниеге 4 баладан көп перзент әкелген, оларды 8 жасқа дейін тәрбиелеген 66873 ана тұрады