Шымкентте денсаулық фестивалі өтті

365

Сенбі күні жерлестеріміз Ордабасы алаңына жиналды. Мұнда «Мен, сен және ол — біз салауатты ел» ұранымен «Денсаулық 2012» фестивалі ұйымдастырылды. Қала халқы мен қонақтары осындағы дәрігерлерден кеңес алып, денсаулықтарын тексертуге мүмкіндік алды.

Оқушылар, ұстаздар мен мемлекеттік қызметкерлердің барлығы бұл күні спорттық киім үлгісінде жүр. Бір сәт жұмыс пен сабақтарынан босаған олар «Мен сен және ол — салауатты елміз» деп ұрандатып, Ордабасы алаңына жиналды. Жазғы олимпиада ойындарында 5-ші орыннан көрінген жерлесіміз Біржан Жақыповтың саптаулы сөздері де жиналғандарға рух бергендей. Солардың ішінен 5 отбасы өздерінің шымыр да шыныққан жанұя екендігін байқатты.

Фестиваль аясында қала тұрғындары мен қонақтары осындағы медицина қызметкерлерінен тегін кеңестер алып, тексерулерден өтуге мүмкіндік алды. Бірі қан құрамын анықтаса, енді бірі офтальмологқа көзін тексертті. Әсіресе тіс дәрігерлері мен ультрадыбыстық зерттеу қондырғысының алдында кезек көп.

Қазақтың ұлттық сусындары — қымыз-қымыранның жәрмеңкесі де ұйымдастырылды мұнда.

Алаңның келесі жартысында жеміс-жидектерден жасалған түрлі композициялар көрмесі жайылды. Баклажандар пингвин, болгар бұрышы қызғалдаққа айналып, гүлге оранған бойжеткен де сәнін келтіріп, қонақтарға жылы шырай танытып тұрды.

«Денсаулық» фестивалі осымен 13 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Ұйымдастырушылар осындай жалпыұлттық іс-шара арқылы әр адамның денсаулығы өз қолында екенін ұқтырғысы келеді. Ол үшін өскелең ұрпақ зиынды әрекеттерден аулақ болуы тиіс.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=fT36HKP4Ow0[/youtube]