Сынақтан сүрінгендер көп

Төрт күнге созылған аттестацияға облыс бойынша 254 прокурор қатысса
Төрт күнге созылған аттестацияға облыс бойынша 254 прокурор қатысса

Елбасының 2012 жылдың 8 сәуірінде қабылдаған № 292-ші «Қазақстан Республикасындағы құқық қорғау органдарының қызметкерлерін кезектен тыс аттестациялаудан өткізу туралы Жарлығына сәйкес, еліміздің барлық аумақтарында құқық қорғау саласының қызметкерлері аттестациядан өткізіле бастады. Өз ісін жетік меңгерген сала мамандарының көпшілігі бұл сынақтан сүрінбей, мүдірмей өтіп жатқаны белгілі. Дегенмен атқарып жүрген қызметіне лайық еместері де анықталып, аттестация барысында төмен көрсеткіштер көрсетіп жатқандар да баршылық. Біз бұған дейін де бірнеше рет аттестация қорытындылары туралы газетімізде жазған болатынбыз. Бүгін назарларыңызды тағы да осы мәселеге аударсақ дейміз.

Прокурорлар қалай өтті?

ОҚО прокуратурасы қызметкерлерін аттестациядан өткізу комиссиясы құрамына ҚР Бас прокурорының арнайы бұйрығымен облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, облыстық прокуратура ардагерлер кеңесінің төрағасы Төрегелді Егембердиевтер енгізілді.

Төрт күнге созылған аттестацияға облыс бойынша 254 прокурор қатысса, арнайы комиссия соның 11-не атқаратын лауазымына сәйкес келеді және кадр резервіне қабылдау немесе жоғары тұрған лауазымға жылжытуға ұсынылады деген шешім қабылдады. Сонымен қатар 213 қызметкер өз лауазымына лайық деп танылды. Қызметкерді атқаратын лауазымына сәйкес келмеуіне байланысты басқа қызметке (лауазымға) ауыстыру ұсынылды. 11 прокурордың осындай негізде лауазымын төмендету керектігі айтылды. Ал дәл осынша маман лауазымына сәйкес келмейтіндіктен, құқық қорғау органы қызметінен босатуға ұсынылды.

101 полицей қызметінен босатылады

1342 полицей өз қызметтеріне лайық деп танылды

20 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында өткізілген кезектен тыс аттестациядан ОҚО ІІД-інің 1689 қызметкері өтті. Олардың 42-не өз лауазымына сәйкес келеді және жоғары лауазымға жылжытуға ұсынылады деген шешім қабылданды. 1342 полицей өз қызметтеріне лайық деп танылса, 136 полицейдің қызметтік лауазымынан төмендетуге ұсыныс жасалды. Сонымен қатар 68 полицейді басқа қызметке ауыс-тыру ұсынылып, 101 тәртіп сақшысы ішкі істер саласында қызмет атқарудан босатылған. Олардың ішінде аттестация қорытындысымен келіспейтіндері де бар. ОҚО ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, күдіктілер мен қылмыскерлерді ары-бері тасымалдайтын бұрынғы айдауыл қызметкерлері (конвой) полиция аға сержанттары Бақыт Дүйсенбеков, Қасымхан Мұсабаев, полиция сержанты Болысбек Оралбаев және полиция капитаны Қайыржан Ерімбетовтер бұқаралық ақпарат құралдары арқылы аймақтық аттестациялық комиссия мүшелерін әділетсіздік танытты деп шағымданған. Алайда ІІД-нің мәліметтеріне қарағанда, ішкі істер бөлімінің бұл қызметкерлері қаруды қолдану және физикалық дайындығы ҚР заңнамаларын меңгеру деңгейін көрсететін тест қорытындысы бойынша төмен балл жинаған екен. Бүгінгі таңда полицейлерді аттестациядан өткізу қазанның 15-іне дейін жалғасады.

Жеңісбек Мәуленқұлов, ОҚО ардагерлер кеңесінің төрағасы, аттестациялық комиссия мүшесі:

– Аттестациялық комиссия жұмысы өте жоғары деңгейде, жауапкершілікпен өтті. Комиссия құрамы жақсы жасақталған, сауаттылығына, кәсіби бейімділігіне баса назар аударылған. Сонымен қатар, аттестациядан өтетін сала қызметкерлеріне де өз ойларын еркін айтуға, біліктілігін анықтауға арналған сұрақтарға асықпай жауап беруге жан-жақты толық жағдай жасалған. Осы тұста менің көңіліме қонған жағдай — аттестациялық комиссия мүшелерінің шара барысында түрлі деңгейдегі лауазым иелерінің әке-көкелерінің атақ-мансабына, шен-шекпенінің дәрежесіне назар аудармай, туралықты ту етіп ұстағаны. Бұл да болса заңгерлердің атам қазақ айтпақшы «тура биде туған жоқ» деген бағыттағы жұмысының көрінісі.

Кеденшілерден де өтпегендер бар

ОҚО бойынша Кедендік бақылау департаментінің құқық қорғау блогының 76 қызметкері кезектен тыс аттестациядан өтті. Олар, әсіресе, ҚР заңнамалары бойынша тестілеу, логикалық ойлау, дене шынықтыру, әскери дайындықпен қатар психологиялық сұхбаттасуды сәтті тапсырған.

Департаменттің құқық қорғау блогының 11 қызметкері Орталық аттес-тациялау комиссиясына кезектен тыс аттестация тапсыруы тиіс болатын, кезектен тыс аттестациялау қорытындысы бойынша 2 қызметкер жұмыстан босатылды, 1 қызметкер аттестация тапсырудан бас тартып, өз еркімен жұмыстан босатылған.
Аумақтық аттестациялық комиссияның қорытындысы бойынша Департаменттің 6 қызметкері атқаратын қызметіне сәйкес кадр-лар резервіне енгізуге және жоғары лауазымды қызметке көтеруге лайықты деп танылды, 1 қызметкерді қызметінен төмендетуге, қызметіне сәйкес емес деп танылған 3 қызметкерді жұмыстан босатуға және 1 қызметкерді басқа қызметке ауыстыру туралы ұсыныс жасалды.Кеденшілердің кезектен тыс аттестациялауы жалғасуда.

Құндызай ҚАЛАУОВА