Олар үнемі көше торуылдап, ұрынарға қара таппай жүретін. Ыңғайы келсе біреудің дүние-мүлкін тонап, қарақшылық жасауға әбден әдеттенген. Суыт жүрістерінің соңы опық жегізетінін білсе де білмегенсіп, теріс тірлікке еттері үйренгендей. Жиырманың маңайындағы жұғымсыз үш дос білдей жоғары оқу орнының шәкірттері болса да жалған дүниені жалпағынан басып, өзгенің ақысын жеуге құныққан.
Қара жер ұйқыдан оянып, қыбыр-қыбыр тіршілік басталған наурыздың орта тұсы еді. Топтың «жетекшісі» болып жүрген Нұржан сыбайлас достары Нұрбек пен Маратты Шымкенттегі «Тәуелсіздік саябағына» кездеспекке шақырады. Осы жерде кезекті олжасын құрығына түсіру үшін өзара кеңесіп алу керек-тұғын. Оңай олжаға құныққандар уәдеден таймай, саябақта бастары қосыла кетті. Өзара шүйіркелесіп, келесі «жемтігін» қақпанға түсіру үшін жоспар түзеді. Ендігі тірліктері — такси тонау. Іздегенге сұраған, Асқаров көшесінде тұратын Нұржанның туыс ағасы Мейірбек көмек қолын созуға ниет танытады. Олар ұрлықы дүниені Мейірбектің үйіне жасыруға келіседі. Үшеуінің көңілі тоқ. Көлденең табысты жұрт көзінен тасада ұстайтын орынның табылғанына қуанған кейіпте. Бәрі де жорыққа сақадай-сай. Ендігісі түзілген «планды» іске асыру ғана. Әуелі №8 шағынаудандағы «Мадина» дүкенінен жол-жөнекей қажетке жарайтын 2 тандыр нан, 1,5 литрлік «Фанта» сусынын сатып алу керек. Сонымен қоса, телефонын кепілдікке қалдырып, ең керегі ас үй пышағын алуды ұмытқан жоқ. Қылмыстық істі ойдағыдай іске асыру үшін суық қару керектігін де жақсы біледі. Содан үшеуі дүкеннен шыға бере нан мен сусынды ішіп, қарынның қамын өтеп алады. «Жоспар жүйелі. Әрекетке тас-түйін дайынбыз. Енді не тұрыс. Кеттік»,- деп Нұржан сұйық тірлікке өзі бастайды. Серттескен үшеу қарсыласқанды жайратып салуға әлеуетті. Тығырықтан алып шығар асхана пышағын Нұрлан оң қолының жеңінен сүңгітіп жіберді.
Қандықол қылмыскерлер жарты млн. теңге өзгеге залал келтірген. Мәйітті малша бауыздағаны аздай, енді қатарға Мейірбек қосылып, үшеуі көлікті сату үшін «Автонұр» базарына тұраққа қойыпты.
Түнгі сағат 1-ге таяу қаніпезерлер Түркістан және Байтұрсынов көшелерінің қиылысында орналасқан «Сәт» кафесінің маңына жиылады. Бұл орын жоспарды мүлтіксіз орындауға оңтайлы аймақ. Кезекті олжасын ұзақ күтпей-ақ, сыбайластардың көзіне «ВАЗ-21099» маркалы такси көлігі оттай басылған. Жорта келіп, басбұзар Нұржан автокөлік иесін сөзге тартып, 600 теңгеге елсіз Сайрам көпіріне дейін апарып тастауды өтінеді. Онсыз да клиент күтіп тұрған Ермектің қаперінде ештеңе жоқ. Уағдаласқан жерге зырылдап жүріп кетті. Попова мен Сайрам көшесінің қиылысына жеткен тұста қарақшылық топтың өкілі Марат одан әріге жүрегі дауаламай осы жерде көліктен түсіп қалады. Ал көзі қарауытқан әлгі екеудің жоспарды бұзғысы жоқ. Төтенше табыс әу дем жерде. Қымбат көлік пен жүргізушінің бар дүниесін тінтіп, қарпып қалуды сәті түскен. Қараңғы қапаста жүйткіп келе жатқан көлік Сайрам көшесінің маңайына жете бере Нұржан осы жерде жүргізушіге көлікті тоқтатуды бұйырады. Ештеңеден бейхабар Ермек қипақтағанымен, қолындағы пышақтың жүзін мойнына тақаған Нұрланның айтқанын орындамасқа амалы жоқ еді. Бұзақы топтың қармағына түскен «таксист жігіт» қалтасындағы 2000 теңгесімен бірге, «Pathword» және «LG», «NOKIA-1300» маркалы ұялы телефонын көше кезгендерге тапсырады. Мұнысымен қоймай, әлгі екеу бірлесе көлік иесіне күш қолданып, оны автокөліктің жүк салғышына салып алады. Кездейсоқ көліктің иесі болып шыға келген Нұржан ендігі кезекте Ленгір тас жолына қарай бағыт алып, Сайрам ауданындағы ТЭЦ-3 маңайына таяй бере көлікті тоқтатады. Бұл мезетте көлігі өзгенің «меншігіне» өткен Ермектің жүзі сұп-сұр болып кеткен. Жан дәрменімен жүк салғышты теуіп ашып, қаша жөнеледі. Алайда шабысы ұзаққа созылған жоқ. Нұрдәулет пен Нұрлан соңынан қуып жетеді. Әрі қарай не боларын ойлағанда біреу төбесінен мұздай су құйып жібергендей еді. Кеудесін керген көрсоқырлар ақыры діттегеніе жетіп, жүргізушіні азаптап қинайды. Автокөліктің жанына байлап кетпекші болғанда, жәбірленуші де қарап қалмай жұдырық сілтескен. Мұнысы соңында өзіне сор болып жабысатынын білмесе керек-ті. Ызаланған басбұзарлардың ендігі әрекеті тым қорқынышты еді. Әрі қарай айтуға ауыз бармайтындай. Ермекті ұрып-соғып, тепкілеп, денесін көгерткенімен қоймай, пышақты мойын тұсынан мал бауыздағандай оңды-солды сілтеген. Одан әрісі белгілі емес пе, мойын тамырлары, кеңірдегі, бұлшық еттері жараланған Талғат сол сәтте көз жұмады. Денені тілім-тілім еткен Нұржан мен Нұрбек мәйітті көзден жасыру үшін айуандықпен суы арқырап ағып жатқан каналға тастап жібереді. Осылайша, кісі өліміне себепкер болған қандықол қылмыскерлер жарты млн. теңге өзгеге залал келтірген. Мәйітті малша бауыздағаны аздай, енді қатарға Мейірбек қосылып, үшеуі көлікті сату үшін «Автонұр» базарына тұраққа қойыпты.
Заңды белшесінен басқан қылмыскерлер бәрібір жазасыз қалған жоқ. «Асқанға тосқан» деген мәтелді естерінен шығарса керек. Кісі өлтіріп, бөтеннің мүлкіне көпе-көрнеу қол сұққан үшеуі сот залында кінәларын толық мойындады. Күнәлары үшін әрбіріне 18 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Тағабай ҚАСЫМ
PS: Белгілі себептермен кейіпкерлердің аты-жөні өзгертілді. Оқиға орын алған мекенжайлар нақты деректер бойынша сақталды. Деректер ОҚО бойынша қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Райымхан Заппаров пен облыстық соттың баспасөз хатшысы Қабыл Дүйсенбидің көмегімен алынды.