Біз ұмыт қалдық! Химфарм зауыты маңында тұратын халық осылай деп шырылдайды. Линейный көшесі екі жылда үш рет қазылып, аяқсыз қалып кеткен. Бірақ, қазіргі таңда ата-аналарды бұл емес, теміржолды кесіп өтіп, мектепке баратын балаларының тағдыры уайымдатып отыр. Ұзындығы 1 шақырымға жуық көшеде тұратын үш мыңға жуық тұрғынның жайын бізде көрдік.
Шаң басқан көшенің тұрғындарынан маза қашқалы қашан?! Мұндағы оқушыларының көбісі №22 мектепте оқиды. Білім ордасына бару үшін мұғалім де, шәкірт те мына теміржолдан өтуге мәжбүр. 20 жылдан бері ұстаздық етіп жүрген Шарипа Есназарова бұл өткелдің қауіпті жолға айналғанын айтады. Бірде-бір белгі орнатылмаған теміржолдан қарлы, жаңбырлы кезде балалар сырғанап түседі. Ал ересектер қайтпек дейді ол.
Шарипа Есназарова, № 22 мектептің мұғалімі: «Балалардың қолынан жетектеп әкелеміз, ата-ана жеткізеді. Әупірімдеп жүрміз.Бұрын мына жердебір белгі болатын еді. Ол да қалды. Қауіпті жолға айналды. Қыста сырғанайды, лайға құлап келеді балалар. Ал бізге тіптпен қиын, жас келген сайын жолдан өту қиындап барады».
Соңғы 2 жыл ішінде көше табиғи газ бен су құбырын жүргізу үшін 3 рет қазылған. Болмаған соң қалай болса солай жабылған шұңқырлардың бетін тұрғындардың өздері тегістеп алыпты. Бірақ, топырағы бетіне шығып,жазда шаң, күзде батпаққа айналдырып отыр.
Ирина Бузина, Линейный көшесінің тұрғыны: «Теміржолда жөндеу жұмыстары жүрсе, барлық майда тас бізге қарай үйіледі. Соңғы жылдары ең ұмыт қалған ауыл біз болдық. Шаң тозаң да бізде, лай батпақта бізде. Аяғына целлофан қалта киген балалар лаймен жүрмейміз деп пойыз жолмен жүреді. Қазіргі жастарды білесіз. Құлағына тығынын тығып алып, пойыздың келе жатқанын сезбейді де. Өткен жылы осылай бір баланы пойыз басып кете жаздады».
Соңғы рет бұл аймақта газ құбырын «Қаржантау» мекемесі жүргізген. Олардың жұмысы бір жылға созылыпты. Учаске бастығының айтуынша, соңында жолды тегістеуге қажетті тасты төгіп те кеткен. Бірақ, шөгілген жерден тасты таппадық. Алда жауын-шашын маусымы. Сол кезде батпақтап теміржолды кесіп өтетін мұндағы халықтың қайтері белгісіз. Қалай болғанда, баяғы жартас сол жартас күйінде қалмаса болғаны.