Тіліміз тұғырына қонсын десек…

22 қыркүйек – Қазақстан халқының тілдері күні мерекесі
22 қыркүйек – Қазақстан халқының тілдері күні мерекесі

Ұлтымыздың баға жетпес байлығы — ана тіліміз. Ол ғасырдан ғасырға жалғап келе жатқан алтын көпір іспеттес. Мінеки, ананың ақ сүтінен дарыған төл тіліміздің төрге озғанына да 23 жыл толып отыр.

Айбынды ана тіліміз айрықша қасиеттерге ие. Кешегі қоғам қайраткері Нұртас Оңдасынов туған тілімізді былайша әспеттеген екен. «Қазақ тілі – аса бай тіл, икемді тіл. Қалай исең, солай иіле береді. Орамын, бұрамын тауып, қисынын, орайын келтіріп пайдалансаң, бұл тілмен сурет салуға, тас қашап, ағаш, текемет оюға болады-ау. Ғашықпын қазақ тіліне. Осындай майда, сұлу тілді қалай өгейсітуге болады».

Қазақ елі – көпұлтты, әрi сол этностар бiрлiгiнiң берiктiгiмен әлемге әйгілі. Әрине, өзге тілдерді өзекке теппей, өз тілімізді, ділімізді өгейсітпеу басты міндетіміз. Мойындау керек, әлемдік саясатта тәуелсіз, іргесі берік, әлеуетті ел болдық дегенімізбен, қайран ақ еділ тіліміздің дамуы баяу. Биік-биік мінберлерде басшылардың қазақша кібіртіктей сөйлеуі, аузынан ана сүті кеппеген жасөспірімдердің өзге тілде шүлдірлеуі күнделікті көріп жүрген жағдай. Өзекті өртейтіндей-ақ. Болашақтан үмітсіз емеспіз. Күтуге тура келеді.

Алайда, көңіл шіркін іштегі шерін ақтарғысы келіп тұрады. Қиыны сол, өз тілімізге өзгелердің өзеурей қарайтыны жанымызды жабырқатып-ақ тұр. Құрғақ қасық ауыз жыртады десеңіз, айтайық. Таяуда ғана Abai.kz ақпараттық порталы жаға ұстатар жағымсыз хабар таратты. Құлақ түрсек, «Свобода слова» газетінің бас редакторы Евгений Рахымжанов қыжыртпа мақаласында мемлекеттік тілді екінші сортты тілдің қатарына жатқызған екен. Екінші бір даудың басы Петр Своиктің мәлімдемесі болып тұр. Оның айтуына қарағанда, орыс тілі – әлемдік тіл, ол тілсіз қазақ елінің мемлекеттік басқару ісі әлсірейді-міс. Жә, қоғамда қисық сөйлеп, танылған тұлғалар көп-ақ.

Нақты мәлімдемелерімен сусындатар статистер не дейді? Енді ресми деректерге шолу жасасақ. Статис­тика агенттігі жүргізген 2009-шы жылғы халық санағы бойынша, елдегі қазақтардың үлес салмағы 63,1%-ды құраса, қалған 36,7%-ы басқа ұлттардың еншісінде. Тағы бір дерек, орыстардың 25,3%-ы, украиндардың 21,5%-ы, поляктардың 20,9%-ы, беларустардың 19%-ы, немістердің 24,7%-ы қазақ тілін түсінеміз депті. Яғни, 1065264 еуропалық ұлт өкілі ана тілімізден там-тұмдап болса да хабары бар.

Сондай-ақ, санақ барысында 7,9% немістер, 6,6% поляктар, 6,3% орыстар, 5,2% украиндар, 4,8% беларустар қазақ тілінде оқи алатынын және жаза алатындығын айтқан. Ал түркі халықтарының 63%-ы қазақша оқуға, жазуға қабілеті бар. Өз қандастарымыздың 98,4%-ы қазақ тілін еркін түсінемін десе, олардың 93,2%-ы ана тілімізде оқып, жаза аламын деп жауап беріпті. Әрине, бұл көрсеткіштерге көңіл тояды дей алмаймыз.

Ұлттың жайын сөйлегенде ұлысымыздың ұйытқысы, алтын құрсақты Оңтүстiк өңірінің тілдік ахуалын сөз ете кетсек. Облыстағы 2 628,9 мың халықтың 70,8%-ын – қазақ, 17,2%-ын – өзбек, 5,9%-ын – орыс, ал 6,1%-ын – өзге ұлт өкiлдерi құрайды. Біздегі бас ауыртар, басты мәселенің бірі – ономастика жайы. Елді мекендерге, әлеуметтік-мәдени мекемелерге, көшелерге ат беру бірізділікті қажет етеді. Бүгiнде облыста 190 ауылдық округ, 875 елдi мекен, 9929 көше бар. Әр жиында көше атауларын өзгерту жайы сөз болып жүр.

Мәлім болғандай, қазір 9929 көшенiң 96-сына атын өзгерту қажет етiлсе, 212 көшенің тiптi атауы да жоқ. Барлық аудан-қалаларда елдi мекендер мен көше атауларының қайталануы жиi кездеседi. Ең сорақысы, бір көшеде екі адамның аты ілулі тұрған жәйттер жетерлік. Бұл туралы газетімізде дүркін-дүркін фотоайыптаулар жарияланып та жүр. Осыны естір құлақ, көретін көз болса. Сонымен бірге, көшелердегі маңдайша, жарнама жазулардың ақсақтығы, дүдәмалдығы хақында аз айтылып жүрген жоқ. Облыс бойынша 8381 коммерциялық құрылым бар болса, оның ішінде 8089 нысанның маңдайша, жарнама жазулары заң талаптарына сәйкес. Ал заңға сәйкес келмейтін 292 нысанның басшыларына түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, ескерту хаттары таратылған

. Нәтижесінде, 261-інің жарнама жазулары ретке келтірілді. Қалған 31 нысанның басшыларымен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Кеңсе тілі толықтай қазақшаланды деп алақанымызды ысқылағанымызбен, тіл саясатында ономастиканың халі мүшкіл екені анық. Тіл, тіл деп жанымыз шығардай шырылдағанымыз осы болса, болашақ ұрпақтың халі не болмақ. Ұлттық мүдденің жайына келгенде неге самарқаумыз? «Қазақ тілі түрлі тілдердің ішіндегі ең таза, әрі бай тілге жатады. Қазақтар шешен, әрі әдемі сөйлеудің үлкен шебері» деген Бауыржан Момышұлының ұлағатты сөзі әрбір қазақтың көкейінде жаңғырып тұрса.

Қазір әлемде 8 мыңға жуық тіл бар десек, әрбір ұлт өзінің айшықты тілін алға сүйреумен әуре. Өйткені, жаһандану дәуірінде ұлттық мүдденің жұтылып кету қаупі бар. Айта кетейік, әлемде ай сайын екі тіл жойылады екен. 8 мыңға таяу тілдің 100-і мемлекеттік деген статусқа ие болса, қазақ тілінің осы қатардан көрінуі қуанышты жәйт, әрине. Алайда, ана тіліміздің көкжиегін кеңейтуде өзге елдерден үйренеріміз көп.

Алысқа көз салмай-ақ, оңтүстігімізде өзбек, батысымызда әзірбайжан мен түрікмен, күнгейімізде қоңсы қонған қырғыздар тілін, ділін дәріптеуде алдарына жан салмайды. Ұлттық рухы мықты. Өзгеге қарап жалтақтамайды. Өз тілінде сөйлейді. Олар өз ана тілдерін 1-ші орынға қояды. Өкінішке қарай, экономикалық тұрғыда біраз табыстарға жетсек те, көрші елдердің істегенін біз жасай алмай отырмыз. Бұл ретте күншығыс халқының өжеттілігіне қайран қаласың.

Жапон халқы ана тілін дамытуды мемлекеттік деңгейде шешіп, әлемді аузына қаратып отыр. Олардың тілдегі саяси ұстанымы – жаһан халқын жапонша сөйлету. Осы мақсатта елдің сыртқы істер министрлігі шет мемлекеттерде жапон тілін оқытатын 105 орталық ашып, оны арнайы мамандандырылған мұғалімдермен, әдістемелік оқу құралдарымен және аударма сөздіктермен қамтамасыз етіп қойған. Міне, ұлттық мүдденің жолға қойылуы осылай болса керек.

Аңғарғанымыздай, бізде халықтың рухы, сана-сезімі ұйқылы-ояу күйде. Тіл туралы заңның қабылданғанына 23 жыл толды десек те, атқарар шаруа шаш-етектен. Ұлттық намысты оятатын бір ғана төте жол – қазақ тілінің мәртебесін биіктетуді ұмытпасақ екен. Тілімізді тұғырға қондыру үшін мемлекеттік деңгейде реформа жасалу керек-ақ. Мәселен, тіл саясатын жаңа инновациялық жолға қоятын ғылыми зерттеу орталықтары ашылса. Сол арқылы мемлекеттік тілді дамытудың технологиялар жүйесін, әдісін жетілдіре түсер едік. Рас, қазақ тілін мемлекеттік мәртебесіне лайық деңгейге келтіруге әбден болады. Ол үшін елдегі барлық ұлт өкіліне ана тілімізді меңгеру керектігі жөнінде қатаң талап қоя білсек.

Тағабай ҚАСЫМ

  • Сіз не дейсіз?

Әмір МҰСАҚҰЛОВ, ОҚМПИ-дің профессоры, ф.ғ.к.

– Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу отбасыдан басталу керек. Бар мәселені Тіл комитетіне тапсыра салып, бейқам жатудың реті жоқ. Ұлттың жайы әрбірімізді толғандыруы тиіс. Бізде немқұрайдылық басымдау. Одан кейін мемлекеттік әкімшілік органдарында, әлеуметтік мекемелерде кеңінен насихатталса. «Балық басынан шіриді» деген сөз бар ғой. Биліктегі басшылар өскелең ұрпаққа үлгі болса ұтарымыз көп еді. Меніңше, ұлттық мүдденің бұқаралық ақпарат құралдарында ұлықталуы баяу. Тек мереке кезінде ғана емес, жыл бойы күн тәртібінен түспесе екен деймін.

Дана ҚАБЫЛБЕКОВА, ОҚО Тілдерді дамыту басқармасы Ономастика бөлімінің бастығы

– Қазір мораторийге байланысты елді мекен, көше атаулары өзгертіліп жатқан жоқ. Алайда ономастика саласында атқарылып жатқан тірліктер баршылық. Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімімен бірлесе, қаладағы ретсіз атауларды жөнге келтіру бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Білесіздер, бүгінде «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне ономастика мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заң жобасы Парламенттің талқылауында жатыр. Егер осы заң қабылданар болса, ономастиканың барлық мәселесі өз шешімін табады деп күтілуде.