Жанармай құю бекеттерін тонау тыйылмай отыр

Жанармай құю бекеттеріне шабуыл жасау көбейіп барады
Жанармай құю бекеттеріне шабуыл жасау көбейіп барады

ОҚО-дағы жанармай құю бекеттері қарақшылық жасау нысандары болудан айыға алмай келеді.  Жыл басынан бері сұйық отын құятын сегіз бекетке бандылық шабуыл жасалған. Соның бірі таяуда ғана тіркелді. Тонаушылық жасалған кезеңнің көкесі, әсіресе тамыз айында тіркеліпті. Яғни, айтып отырған сегіз қарақшылық шабуылдың төртеуі өткен айда жасалған. Бұл туралы ОҚО ІІД баспасөз қызметі хабарлады.

14 тамыз күні күндіз Түркістан қаласындағы ауруханаға Қызылорда тас жолы бойында орналасқан ЖҚБ-да оператор болып жұмыс істейтін 52 жасар азамат ауыр жағдайда келіп түседі. Ес-түссіз жағдайда болған ер азаматты ондай күйге жеткізген бар болғаны 60 мың теңге.  Әзірге, бұл қылмыстық оқиғаның мән-жайы ашылған жоқ.

Келесі үш оқиға 23,25 және 26 тамызда болған. Қарақшылық топтың алғашқы нысаны ретінде Қараспан ауылындағы ЖҚБ-ны атауға болады. Ұрылар бұл жанармай құю бекетінен 20 мың теңгені үптеп кеткен. Куәгерлердің айтуынша, сол нысанды қарауылдаған екі күзетші ойы тұманды топтың жолын бөгей алмаған.

Бұл кезде Манкенттегі сұйық отын құю нысандары да қылмыстық топтың назарынан тыс қалмапты. Таң сәріден ерте келген екі тонаушы бекеттегі операторды байлап, 95 мың теңгені «олжалап» кеткен. Осы күннің ертеңгі түні Шымкентке қарасты Абай ауданындағы ЖҚБ-ға да шабуыл жасалады. Ұйымдасып келген бесеу бекеттегі заттарды қиратып, 35 мың теңгені ұрлап кеткен.

«Қазір осы қылмыстарды ашу үшін арнайы топ құрылған. Осы қылмыстарды жасаған жалғыз топ деген де күдік бар. Шабуылдар арнайы күзетшілері бар нысандар мен күзетшісі жоқ нысандарға да жасалған,» — деп хабарлады ОҚО ІІД баспасөз жетекшісі Салтанат Қаракөзова.