Қарттарға құрмет көрсетілген күн

653
Қарттарға қандай құрмет көрсетсекте жарасады
Қарттарға қандай құрмет көрсетсекте жарасады

Бүгін — Халықаралық қарттар күні. Біріккен ұлттар ұйымының Бас Ассамблеясының қаулысымен 1990 жылдан бері 1-қазан қарттар мерекесі ретінде аталып келеді. Осыған орай облыстық қарттар үйіне қарияларды құттықтай келгендердің қатары қалың болды. Олардың арасында облыс әкімінің орынбасары Әли Бектаев та бар. Айта кетейік, бұл мекемедегі 265 қартқа мемлекет тарапынан қолдау жасалып келеді. Алайда, жылына бір келетін мереке қарияларға перзент қамқорлығының орын толтыра ала ма?

Есенәлі Өндірбайұлы — 66 жаста. Қарттар үйінде тұрып жатқанына екі жылдан асты. Бұрын мемлекеттік қызметте істеген атай өздерінің атаулы күндерін жылда асыға күтеді.

Есенәлі Өндірбайұлы, қарттар үйінің тұрғыны: «Мен төлебилікпін. Зейнетке шыққанша еліме қызмет еттім. Қартайған шағымда осында келдім. Бұл жерді паналауымның себебі айтпаса да белгілі, балам жоқ. Алайда аралас-құрдас достарым бар. Жыл сайын осы мерекеде келіп құттықтап кетеді. Соларды асыға күтіп отырмын».

Қарттарым есен сау жүрші

Алғашында қарттар күні Еуропада басталып, кейіннен бүкіл әлемде аталып жүр. Бұл күні аз қамтамасыз етілген қариялар, жалғызілікті зейнеткерлер мен қарт мүгедектер аз да болса құрметке бөленеді. Биыл оларға көмек көрсетуге келгендер көп. Солардың бірі — Мақтарал аудандық әлеуметтік бағдарламалар бөлімінен келген Ұлбосын Алмағанбетова. Ол осында өмір сүріп жатқан 13 қартты арнайы құттықтай келген.

Ұлбосын Алмағанбетова,Мақтарал аудандық әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің маманы: «Мен мұнда осымен алтыншы рет келіп тұрмын. Өзім осы салада жүріп, қарттармен етене араласып кеткен соң, олар мені іздейді. Аз болса да сыйлығымызды әкелуді ұмытпаймыз. Райхан деген апа бар, жасы 90-нан асып кетсе де, ұмытпай бізді күтіп отырады. Биылдың өзінде бес қартты осында орналастырдым. Міне, бугін мақтаралдық қариялардың құттықтап бір топ болып келдік».

Айта кетейік, мұнда 265 қарт баспана тапқан. Олардың 96-сы 1-2-ші топтағы мүгедектер. Ай сайын сауықтыру орталықтарына 10 адам жіберіліп тұрады.

 Нұргүл Дәрібаева,қарттар үйі директорының орынбасары: «Бізде қарттардың барлық жағдайы жасалған. Дендерінің саулығы үшін спорттық құрылғылар орнаттық. Ай сайын сауықтыру орындарына жіберіп тұрамыз. Қамалған қапасқа ұқсатпай, бөлмелерін де кәдімгі үй сияқты етіп жасап бергенбіз. Былтыр ғимаратымыз жөндеуден өтті. Осындай мерекемен барлық тұрғындарымызды шын жүректен құттықтаймыз».

Қайткенде де, бүгін қарттардың көңілдері көтеріңкі. Ұл-қызына болмаса да, мемлекетке қажет екендерін сезінгендей. Тек көңілге кірбің ұялатқаны — осында қара көз аталар мен әжелердің көбейгені.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=xVg1KTxkcPc[/youtube]