Қарты бар үйдің қазынасы бар. Даналығы мен өмірде жиған тәжірибесін өскелең ұрпаққа өсиет,ақылын айтып отыратын қарияларымыздың 1 қазан төл мерекесі. Осыған орай Шымкент қаласында ақ сақалды аталарымыз бен ақ жаулықты әжелерімізге арналған мерекелі іс-шара өтті. Салтанатты шарада өңірдің зейнет жасындағы тұрғындары қуана ән айтып,би биледі.
Қарттар күні қарсаңында Арбатта мерекелік концерт ұйымдастырылды. Мұнда зейнеткерлер жиналып, көңілді атмосферада сүйікті әндерін айтып, би билеп, өмірден ләззат алды.
Қарттар үшін мұндай іс-шаралар тек демалыс қана емес, қоғамның назарын және қамқорлығын сезіну мүмкіндігі. Мерекелік бағдарламаға қаланың әр аудандарынан келген зейнеткерлер жиналды. Әрбір келуші жан уақытын пайдалы әрі жақсы көңіл-күймен өткізу үшін келді.
«Мен өткен жылы ғана зейнеткерлікке шықтым, 61 жастамын. Мен әлі жас зейнеткермін, бүгінгі іс-шара зейнеткерлер күніне арналған. Бізге әлеуметтік қорғау бөлімінде әр екі жылда бір рет санаторийге жолдама беріледі, түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Қарттар күніне біржолғы жәрдемақы да тағайындалады».
«Қарттар күні жасай берсін. Әрқашанда. Бізге істеген жақсылықтары көп. Көп нәрсе көріп жатырмын.Рақмет. Көңіл күйіміз жақсы».
Қазір Шымкентте төрт белсенді ұзақ өмір сүру орталығы жұмыс істейді. Мұнда тек қолөнермен айналысып қана қоймай, шахмат, үстел теннисі, жүзу сияқты іс-шараларға қатысуға, медициналық тексеруден өтуге, денсаулықты нығайтуға, йога және ән сабақтарына қатысуға болады. Бұл қызметтердің барлығы зейнеткерлер үшін толықтай тегін.
Мауия Алданазарова, Белсенді ұзақ өмір орталығының директоры: «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы 36 қызмет түрін көрсетеді: медициналық тексеру, йога, музыка, психологиялық тренингтер, тұз, еңбек терапиясы. Зейнеткерлеріміз негізіне таңертеңмен келеді. Немесе қалауынша түстен кейін де қатыса алады».
Күнделікті мұндай орталықтарға жүздеген қарттар келеді. Кейбіреулер үшін бұл бос уақытты белсенді өткізу жолы болса, басқалар үшін шығармашылық қабілетін ашып, жаңа қызығушылықтар табуға жол ашады.
«Осындай белсенді өмір сүру орталығына тоқтамай келіп жүрмін. Өте керемет. Өкінбеймін келгеніме. Бізде барлығы да бар. Жағдай жасалған».
«Мен барып тұрамын. Зейнеткерлерге жақсы қарайды. Ән айтып, йога жасаймыз, шахмат, дойбы клубтары бар, барлық зейнеткерлерге керемет қарайды».
Шымкентте 99 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Ұйымдастырушылар, мұндай іс-шаралардың мақсаты – тек зейнеткерлерге мереке сыйлау емес, қоғамға қарт буынға қамқорлық көрсетудің қаншалықты маңызды екенін еске салу дейді.
Ботакөз Әнуар






