Қарттарға құрмет көрсетілді

538
қарттар күні тойланды

 

қарттар күні тойланды

Қазыналы қарттар күнінде қаламыздағы қариялар да құрметке бөленді. Өңіріміздегі Жұмат Шанин атындағы қазақ драма театрында жергілікті кәсіпкерлер қарттарға арнап арнайы сыйлықтарын табыстады. Әр жылы дәстүрлі түрде өткізілетін шара бұл күні де қарттардың жүзіне қуаныш сыйлады. Сондай-ақ бұл меркелі жиынға келген қарттардың қарасы қалың болды. Ал 75 жасар Әсия Смағұлова театрға арнайы келіпті. Жастардың құрметіне риза болдым дейді ана.

Әсия Смағұлова, зейнеткер: «Елімізге рахметімді айтқым келеді. Бүгінгі кәсіпкерлерге де үлкен алғысымды білдіремін. Себебі, бізге қажетті делінген дәрі-дәрмектерді тарту етуде. Сусындарды да бізге арнап әкеліпті. Бұл да болса бізге деген құрметі ғой енді. Жастар да гүл шоқтарын сыйлап, ерекше ықыластарын бөлуде. Меркемізді осылай атап өткенге не жетсін?! Сондықтан атаулы датаны абыроймен өткізуге үлес қоқандарына ризамын өз басым. Енді қойылым көруге кетіп барамын. Сондай-ақ бізге арнап театр әртістері өнерін көрсетеді екен. Осыған қарап-ақ бүгінгі толқынның тәрбиесін байқауға болады-ау. Ертеңіміздің жарқын боларын сеземін мен. Болашақтың іргесін қалайтын жастардың жұмысы көңілге қонымды ғой».

Гүлмира Мұхамедова, зейнеткер: «Қуанып отырмын бүгін. Әрине, жастардың бізге деген құрмет-ілтипатын көріп, көңілім бір серпіліп қалды ғой. Жүгіріп келіп қолыма сый-сыяпатын табыстап жатыр. Ақ тілектерін айтып, бізді жақсы көретіндерін жеткізді. Міне, қазір қызық қойылым көріп отырмыз. Херрардо деген бойжеткеннің басынан өткен өмірін бізге ұсынып отыр әртістер. Ризамын, мұнда келіп өзімнің қоғамға керек екенімді, сыйлы адам екенімді сезінгендей болдым. Мен кезінде мәдениет саласында 40 жылдай қызмет еткен адаммын. Шәмші Қалдаяқовтың жақын досы болғанмын. Менің ойымша, мен бұл құрметтерге лайықпын. Қалай болғанда да елім мені сыйлайды. Бүгінгі күнімнің қызықты әрі қуанышты өткеніне сене алар емеспін».

Өсер Бақбергенов, ҰОС ардагері: «Бүгін осында жүріңіз деп шақырған соң келген едім. Енді міне қуанып, күліп отырмын. Замандас-достарымды көріп, өткенді еске алудамыз. Ал мынау табыстаған сый-құрметіне де ризмын. Шөп дәрілер, сусын-макарондар беруде. Немерелерім көтеріп алып кетті. Ал мен «спектакль» тамашалап отырмын. Өте қызық өтуде. Әртістердіңрөлдерді сомдағандарын көріп, бұрындары мектеп қабырғасында жүргендегі өзімнің ойнаған кейіпкерлерім түсіп кетті. Шіркін, сол жылдар-ай деймін де. Сондықтан, мерекелік сый жасағандары үшін баршаға алғысымды білдіргім келіп отыр».

Айта өтейік, мерекелік шара театр сахнасындағы тамаша қойылыммен жалғасты. «Қулығы асқан ғашық» қойылымын тамашалаған қарияларға театр әртістері мерекелік көңіл күй сыйлады. Осылайша қарттар қоғамдағы айрықша орнын сезініп, разы болып тарасты.