Айт намазы Шымкентте 26-қазан күні, сағат: 8.30-да оқылады

Айт намаздан кешігіп қалмаңыз
Айт намаздан кешігіп қалмаңыз

Исі мұсылман асыға күткен Құрбан айт мерекесінің алғашқы күні 26-шы қазан болып белгіленді. Ол Мұсылман күнтізбесі бойынша ұлық мейрам Зүл-Хижжа айының 10-шы күні басталатыны белгілі.

Бұл туралы Абдулхами Қаттани мешітінде облыстың бас имамы Бейбіт қажы Мырзагелдиев журналистермен өткізген арнайы жиында мәлімдеді.

Құрбан айт намазы 26-шы қазан күні таңғы сағат 8.30-да облысымыздағы барлық мішеттерде бір мезгілде оқылады. Содан кейін ғана құрбан шалуға болады. Айта кету керек, 85 грамм алтынға, яғни 400 мың теңгесі бар азаматтардың құрбан шалуы уәжіп.

Бейбіт қажының айтуынша, Құрбан айт мерекесінде барлық амал-шарттарды ұстанған жөн. Құрбан шалу кезінде де шариаттағы талаптардан ауытқымаған дұрыс.

Бейбіт қажы Мырзагелдиев, облыстың бас имамы: «Негізі біздің Оңтүстікте көптеген азаматтар өздерінің үйлерінде құрбан шалады. Құрбандықты қайда шалса да, бола береді. Тек оның тиісті талаптарын сақтаса болғаны. Кейбір азаматтар көпқабатты үйлерде тұрады. Олар ауласында құрбан шалуға қиналса, мешітке келіп, ниетін атқара беруіне болады. Облыстағы барлық мешіттерде құрбан шалу үшін қажетті жағдай жасалады».