Баспасөзге жеңілдікпен жазылу жүрді

428
"Оңтүстік Рабат", "Рабат" газеттеріне жазылушылар көп болды

9-қазан дүниежүзілік пошта күні. Дәл осы күні пошташылар мен баспасөзге жазылушылар күні аталып өтілді. Жазылушыларымен бетпе-бет кездесетін басылымдар үшін, арнайы жазылу ұйымдастырылды. Мереке күні 10 пайыздық жеңілдікпен «Оңтүстік Рабат», «Рабат» газеттеріне жазылу да жүрді.

«Оңтүстік Рабат», «Рабат» газеттеріне жазылушылар көп болды

Баспасөзге жазылу қоғамдық-саяси маңызы бар іс-шара. Себебі газет пен журнал беттерінде елімізде жүргізіліп жатқан саясат насихатталуда. Ал тәуелсіздері шындықты шырқырата жазып, оқырманның көкірегін оятып, көзін ашуда. Бүгінге мереке барысында ең алғашқы жазылушы атанған Есен Асанов болды. Ол «Оңтүстік Рабат» газетіне жазылыпты.

Есен Асанов, Шымкент қаласының тұрғыны: » Бұл газетті таңдаған себебім, мұнда қаладағы, қала берді облыстағы барлық жаңалықтар жазылады. Отбасымызбен бірге, «Оңтүстік Рабат» газетіне жазылуды ұйғардық. Шынайы ақпарат бәріне керек, ал оны қарапайым тілмен бізге жеткізіп отырған тілшілерге рахмет».

Жұртшылықты қазір руханидан гөрі, материалдық құндылықтар қызықтырады деген пікір шындыққа кереғар. Бұл оймен келіспеген кез келген жан бүгін Қазпоштаның алдына келіп көзін жеткізуге болатын-ды. Сүйікті басылымына жазылған оқырмандардың қызығушылығы бүгін орасан болды.

Нышанбай Жақсанов, Шымкент қаласының тұрғыны: «Сіздердің басылымдарыңыз облыстағы барлық газетті басып озды. Бүгінгі таңда жұртіздеп жүріп оқитын газетке айналды. Мен білемін, «Оңтүстік Рабатта» жас журналистер жұмыс жасайды. Қаламы қарымды жас тілшілерге шабыт тілеймін, бүгінгі мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын».

Акцияда «Оңтүстік Рабат» газетіне жазылушылардың қарасы тым көп болды. Айша Үркінбаева бүгін оқырмандарының аманатын арқалап келіпті. Ол «Оңтүстік Рабат», «Рабат» газеттеріне жазылып, сүйікті басылымынан өңір ақпараттарын шұғыл және анық біліп отыратынына қуанышты.

Айша Үркінбаева, пошта қызметкері: «Менің оқырмандарымның барлығы зейнеткерлер. Өздері бұл акцияға келмеген соң, менен өтінген болатын. Келдім, жазылып, түбіртектерін алып барып беремін. Алғашында бес-ақ газет тарататынмын, қазір олардың саны 200-ге жетті».

Осы күні басылымға жазылған кез келген оқырман «Қазпошта» ұйымдастырған лотореяның заңды қатысушысына айналды. Ал «Оңтүстік Рабат», «Рабат» газеттеріі басылымға жазылған әрбір оқырманын арнайы сыйлықтардан кенде қалдырған жоқ.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=AroHtDoLX6g[/youtube]