Көпбалалы ананың зарын кім тыңдайды?!

Ауыл әкімі бұл жайлы журналистерден біліп отыр
Ауыл әкімі бұл жайлы журналистерден біліп отыр

Алды 12-ге, кенжесі 1 жасқа енді толған, алты баласын аштан қалдырмаймын деп тырмысқан Татьяна Култышева Шымкентке 2004 жылы көшіп келген. Әйелінің жетінші балаға аяғы ауыр екенін естіген күйеуі, онсыз да шаруасы шатқаяқтаған шаңырағын шырғалаңға тастап кетіп қалған. Қиындықтан қорыққан. Жығылғанға жұдырық осы болса керек. Алайда алты баласын етегінен ұстатып, қара нан мен қара су берсе де далаға қаңғытпай отырған ана «бұл қиын күніміз де өтер, кетер» деп алдағы күннен үмітін үзер емес. Тек балалары әкеміздің болғанынан болмағаны жақсы дейді. «Неге? Іше ме?» дейміз, мәселені білмек болып. «Жоқ, мен де күйеуім де арақ ішкен емеспіз. Балаларыма да түзу тәрбие беріп отырған жанмын. Тек ішерге асымыз, киерге киіміміз болмаған соң, мына түрімізді көреді де, әкімшіліктегілер «алқаш әйел» деп қарайды. Көмек сұрай барсам, жөнін айтып жолатқысы келмейді…» Татьянаның етегі жасқа толды. Еңкілдеген ананы жұбату қиынға түсті.

Татьяна Култышева, көпбалалы ана

– Құжаттарымды түгелдейін, маған қанша жәрдемақы тиесілі екенін білейін деп қайда барсам да  барлығы «білмейміз» деп жауап береді. Ана жаққа бір, мына жаққа бір жұмсап әуре етеді. Балаларыңды «детдомға» өткіз дейтіндер де табылады. Балаларымнан айырылғым келмейді. Солардың тоқ болып, аман-есен қасымда жүргенін қалаймын. Бұрын Шардарада тұрғанымда үш балама 6500 алатынмын. Содан бері алты балалы болдым. Енді қалған үшеуіне жәрдемақыға құжат өткізейін десем, зарымды ешкім тыңдамайды. Тым болмағанда жол сілтесе, жөн көрсетіп жіберсе болады ғой. Мына үйді жалға алғанымда үй иесінің әйелі тегін тұра бер деген болатын. Енді күйеуі келіп, айына 7 мың теңгеден төле деп отыр. Ақшаң жоқ болса, балаларыңды ал да, кет дейді. Маған баспана керек. Тым болмаса темір вагон болса да… Алдым қыс. Бала-шағаммен қайда барып күнелтемін?

Биліктегі кейбір дөрекі қызметкерлердің жүгенсіздігінен үйелмелі-сүйелмелі баласы бар ана далада қалып отыр. Не құжаттарын түгендей алмайды. Не балаларын мектепке жібере алмайды. Қатігез қоғамға айналдық.

Біз барған күні көршісі екі нан әкеліпті. Татьянаның алты баласы мәз. Дастарқанда қытайдың ащы аджигасы. Майонез. Балақайлар соны жаңағы нанға жағып жеп, «тамақ ішіп» отыр. Бізге «келіңіздер, тамақтан ауыз тиіңіздер» деп қояды, бейкүнә балақайлар көздері жәутеңдеп. Ішіміз қан жылап тұр. Бұл олардың ең дәмді, тойып жеген асы екен. Жұмыссыз, жалғызбасты анаға 12 жасар қызы қолқанат. Өзге балалары әлі кішкентай. Сондықтан да оларды жалғыз тастап кете алмайды. Мемлекеттен жәрдемақы алмайтын отбасы қара нанға да ақша таба алмай қиналады. Құжаттарын арқалап бармаған жері де қалмапты. Не жарығы, не ауызсуы жоқ қора іспеттес үйде тұрып жатқандарына екі ай болған. «Кімсіңдер, қайдан келдіңдер? Неге зарсыңдар?» деген ауылдың әкімі жоқ (осындайда ойлайсың, ауыл әкімдерінің міндеті не өзі? Ауылында кім тұрып жатқанын білмесе, оған көмек қолын созбаса, ауылдың әкімі деген не үшін қажет?).

Екатерина Култышева, 12 жаста

– Менің де құрбыларым секілді сабақ оқығым келеді. Бірақ мектепке қалай барамын. Киетін киімім жоқ. Құжаттарың дұрыс емес деп мектептен де шығарып жіберді. Қатарымнан қалғым келмейді. Өзіміздің үйіміз болса деп армандаймын. Өскенде аспаз боламын. Бауырларымның қарны тоқ болу үшін барлық тәттілерді пісіріп беремін.

Екатерина айтады: «мен қандай болса да анама ризамын. Бізді тастап кетпей жетелеп жүргеніне…». Бойжетіп келе жатқан қыздың көзі жасқа толы. Мөлт-мөлт еткен жасын жасырып әуреге түсті бізден. Татьянаның кейде балаларынан жасырынып шығып кетіп, нанға ақша табу үшін қайыр да сұрап келетін күндері аз емес. Өмірі осылай өріліп жатса да «ішімдегі баланы алдыртпаймын. Туамын. Күйеуім осы үшін тастап кетсе де, мен тас-тамаймын балдарымды. Ертең бұлар үлкен азамат боп өсетініне сенемін. Сол кезде бүгінгі қиыншылықтар ұмытылады. Балаларым бауырмашыл» дейді егіліп.

Біз Култышевтардың тағдыры туралы хабарды «Отырар» арнасынан кешегі аптада көрсеткен болатынбыз. Эфирден көрген жолмарт жандар көмектесе бастағаны көңілімізді марқайтты.

Алдымен облыстық балалар құқығын қорғау департаментінің мамандары хабарласты. «Барсақ, көрсек, қолымыздан келген көмекті берсек» деді. Ертіп апардық. Көрді. Көмектесуге уәде берді. Осы кезде Сайрам аудандық Тассай ауылдық округі әкімдігінің мамандары да табыла кетті. Жалғызбасты ананың жағдайын өз көздерімен көріп, олар да көмектесеміз деп кетті.

Нұржан Асанов, облыстық балалардың құқығын қорғау департаментінің бөлім бастығы

– Бұл жерде Тассай ауыл округінің әкімдігі дұрыс жұмыс істемеген деп ойлаймын. Елді мекенде жаңа құрылыс көп. Күніге көшіп келетіндер бар. Соларды тіркеп, қанша бала бар, қаншасы мектепке барады, қаншасына балабақша керек деген сауал бойынша жұмыс істемеген. Енді біз бұл отбасыны жіті назарға алып, керекті органдарға хат жолдап, қолдан келген көмегімізді аямаймыз.

Айтпақшы,бұған дейін Кутышевалар Шымкент қаласының іргесіндегі Қайнарбұлақ саяжайында тұрған. Балалары осындағы №82 мектепте оқыған екен. Үстіміздегі жылдың қаңтарынан бастап, қатаң қадағаланатын балалардың тізіміне алынып, іздеуде жүрген болып шықты. Мұны Шымкент қалалық білім бөлімінің мамандары айтып отыр. Сонда 11 айдан бері іздегендерін таппағаны ғой? Тек «Отырар» телеарнасынан олардың ауыр тұрмыстары жайлы көрсетілгенде барып, «таптық» деп қуанып отыр.

Бір үзім нанға зар боп отырған отбасылар бар

Тассай ауылдық округі әкімдігінің жетекші маманы Ділбар Хажықанова бұл отбасыны жатақханаға тіркеуге қойып, жәрдемақы алуға көмектесеміз дегенді айтты. «Балаларын мектепке орналастырып, киіммен қамтамасыз етеміз. Болмаса тұрып жатқан үйдің егесімен сөйлесіп, күн жылығанша ешқайда шығармауын сұранамыз», – дейді.

Ал Шымкент қалалық білім бөліміндегілер мәселенің осылай тез шешілгеніне риза сияқты. Енді «проблема туғызып» келген отбасы Шымкенттің емес Сайрам ауданының тұрғыны болады ғой. Қалалық білім бөлімінің бас маманы Наталья Котлярева былай дейді: – Иә, бұлар бір жылдан бері іздеуде жүрген оқушылар. Енді мектептегі барлық құжаттарын алып, Сайрам аудандық әкімдігіне өткіземіз де, олардың жақын маңдағы мектепке бару жолдарын қарастырамыз.

Қалай болғанда да жоғарыда уәде еткен жандардың өз сөздерінде тұратындығына сенім артқымыз бар. Ал өзі іздеп таппаған жауапты мамандар алдына келіп кеңес бергеніне көпбалалы ана не сенерін, не сенбесін білмей, қуанғанынан көзіне жас алды. «Тиісті жәрдемақыларымды алсам, балаларыма киер киім әперсем, мектептен қалдырмаймын» дейді егіліп. «Бұлардың оқу оқып, білім алғанын, жақсы азамат боп өскенін қалаймын», – дейді.
Біз де солай боларына сенеміз. Жомарт жандар арамызда өте көп. Солардан бір көмек болары сөзсіз. Солай емес пе, оқырман?!

Ардақ Жақсылықова