«Отырардың» мерейтойы басталып кетті

418
"Отырар" телеарнасына - 20 жыл!

«Отырар» телеарнасына  – 20 жыл. Дүбірлі тойдың ауылы алыс емес. Бүгіннің өзінде қызу дайындық арқа-жарқа жүріп жатыр. Қазақтың болмысынан сыр шертетін «Көкпар» ойыны да осынау мерекелік тойдың аясында ойналатын  болады. Айта өтейік, 20 жылдық мерейтой құрметіне талай қызық жобалар жоспарлануда. Әзірге, көрермендеріміз үшін бұл үлкен тосынсый! Көбіне жұртшылықтың бұл телеарананы «журналистер – шеберханасы» деп атайтыны жасырын емес. Мұның маңызы тереңде жатыр. Талай қаламы қарымды тілшілерді түлеткен телеарна Оңтүстіктің айнасы болып, шындықты шырмаусыз жеткізіп, халықтың қолдауына ие болып келеді. Олай болмай ше?! Ақпаратты боямасыз жеткізіп қана қоймай, ел-жұрттың мұң-мұқтажы мен талап-тілегін орындаудан жаңылмақ емес. Жаңалықтың жаршысы болған арнамыз күн сайын еңбектеген баладан, еңкейген қарияның да назарын түрлі ток-шоулар, бағдарламаларымен баулиды. Көрермен, Біз ақпаратты Сіз үшін ұсынамыз!

«Отырар» ТА-ның Әнұраны (Ержан Серікбаевтың «Жаса Қазақстан» әнімен орындалады):

Ақпараттың орталығы, жаршысы!

Төрткүл дүние – бар танымы, болмысы!

Оңтүстіктің айнасы боп бүгінде,

Жайна көгімде!

Түрлі жоба, бағдарлама, ажары,

Баурап көңіл, үлкен-кіші назарын.

Әз телеарна әлемі бұл тұңғиық,

Жарқын, шың биік.

Қайырмасы :

Жаса Отырарым, жаса менің телеарнам,

Жаса арнам, ақиқатты көре алған!

Шеберханасы бұл – тілшілердің мектебі,

Дархан пейіл, жарқын көңіл көктемі!

 

Көрерменнің көз айымы, сенімі,

Сарапталар сөз байыбы, төркіні.

Киелі орда – бар халықтың тілегін,

Жасап жүреді.

 

Қос басылым – қос қанаты, жүрегі,

Өр шаңырақ, тілшілері тірегі.

Арнайы сайт – жедел жазып ақпарды,

Жияд хаттарды.

Бұл күні «Отырар» телеарнасының ұжымы бас қосып, бірнеше сағатқа жұмыстан босап, қала орталығындағы «Тәуелсіздік» саябағында «флэшмоб» өткізді.

«Отырар» телеарнасы 20 жылдық мерейтойы құрметіне орай «флэшмоб» өткізді. Іргесі 1992 жылы қаланған телеарна ұжымы бүгінде халықтың сенімін ақтап жүр.
«Отырар» телеарнасының ұжымы «Тәуелсіздік» саябағының көпірінде әуелете әнұранын шырқады. «Отырар» телеарнасының директоры Валенина Куликова мен бас редакторы Зәуре Оралбаева бастаған ұжым саябақтың төріне қарай қадамдап, мерейтойдың мәртебесін көтерді.

 

Қуаныштан жүздері бал-бұл жайнаған «отырарлықтар» жалауларын көтеріп, ән ұранын айтты. Осылайша бір сәт рухани сергіп, өз жұмысна деген сүйіспеншіліктерін жеткізіп жатты.

«Отырар» телеарнасының 20 жылдық тойы қарсаңында шаттанып, қуанып жүрген ұжым бүгінде көпке үлгі боларлық жұмыстар атқарып жүр. Халықтың көзаймына айналған телеарна жемісі ауыз толтырып айтарлықтай!
«Отырар» телеарнасының қарбалас жұмысына енді ғана кірісіп, қанатын қатайтып жүрген жас тілшілер де жетерлік. Ұжым әрдайым жас тілішілерді нағыз маман етіп тәрбилеуден жалыққан емес. Тәжірибе-білігін үйретіп, шыңдалуға кең жағдай жасайды.
Жылдар бойы «Отырар» телеарнасында қызмет етіп, көгілдір экранның төрінен түспейтін тілшілер де «Отырар байрағын» көтеріп, әнұранын шырқап жүр. Өз жұмыстарына ғашық журналистер алдағы уақытта да жұртшылықты тың ақпаратпен сусындатуды жоспарлап отыр.
Ал тілшілерді көгілдір экранға түсіріп, өздері көрінбейтін телеоперторлар Бахадыр Тәжібаев пен Николай Ивановтың «Отырарда» жүргеніне қаншама жылдар өткен. Бүгінгі әнұранға арналған «флэшмобты» да осы мамандар шебер түсірді.
Бар арманы – көрерменнің көңілінен шығып, халықтың талап-тілегін орнықты орындау. Билік пен халық арасындағы алтын көпір, дәнекер болып жүрген «Отырар» телеарнасын осылай танытып-дәлелдеген осы ұжым!
«Тәуелсіздік» саябағының төрінде тұрып, «Отырар жалауын» желбіретіп, «Жаса Отырарым, жаса Менің телеарнам» деп әнұранын әуелете шырқаған ұжым осылайша 20 жылдың баспалдағын басқанын түсінді. Бұл күні мерекелік көңіл күйді сезінген «отырарлықтар» көрермендері үшін «шындықтың қайнар бұлағын» ұсынуды жалғастыратын болады.