Жалған кәсіп жарға тірейді

Бюджеттің 3,4 млрд теңгесі желге ұшқан
Бюджеттің 3,4 млрд теңгесі желге ұшқан

ОҚО Қаржы полициясының баспасөз  қызметі жалған кәсіпкерлердің оспадар әрекетін әшкереледі. Айтуларынша,  облыста жалған кәсіпорындардың қызметі салдарынан бюджеттің 3,4 млрд. теңгесі желге ұшқан.

Оқиғаға орай, қылмыстық топ құру және ұйымдастыру фактісі бойынша облыс тұрғындары Л. мен Б. үстінен қылмыстық іс қозғалыпты. Олар құжаттардың көмегімен компанияларға салық төлеуден жалтаруға көмектесумен айналысқан бірнеше кәсіпорын ашқан. Заңсыз 6 кәсіпорынның 2008-2012 жылдар аралығында алаңсыз қызмет еткендігі мәлім болып отыр. Олардың қатарында «МонтажСтройКомплекс», «Арсинд», «Креатив ПРО», «Береке Қазақстан», «Шымкент Инжиниринг», «Марлинкс ЛТД» ЖШС-і сынды жалған кәсіпорындар бар. Шіренген шенеуніктер туралы айта-айта жағымыз талса да, бұл жолы тағы айтуға мәжбүрміз. Осы қылмыстық іске ОҚО Салық департаменті бастығының орынбасарының да шатысы бар көрінеді. Естеріңізде болса, шікірейген шенеуініктің қолына биылғы жылдың мамыр айында кісен салынған-тұғын. Дәйектер бойынша «майлы жіліктің» тізгінін ұстаған мемқызметкер қылмыскерлердің заңсыз әрекеттеріне «шапағатын» тигізіп отырыпты. Қазір ұсталған екі қызметкердің бірі уақытша ұстау абақтысына қамалса, екіншісі үй қамауда отыр. Жалған кәсіпкерлердің заңсыз тірлігі мұнымен шектелмейді. ОҚО Қаржы полициясы мамандарының хабарлағанындай, Шымкенттің орталығындағы «Возрождение» сауда үйінің жертөлесінде заңсыз ойынхана жұмыс істеп келгендігі анықталды. «Финпол» өкілдері айғақты зат ретінде 2 электрондық рулетка, 30 ойын автоматы мен 20 мың теңге тәркілеген. Десек те, құйқаңды шымырлататындай құмар ойын табылған залдан небәрі 20 мың теңгенің болуы күмән тудырады.

Құмар ойынның «кәйіпіне» еліткендердің әрекетін одан әрі қаза түссе, шырмауықтай оранған «ордалы жыланның» табылуы да кәдік. Осыған орай, полицейлер казино қожайынына іздеу жариялап, қылмыстық іс қозғады. Жалпы, ОҚО қаржы полициясы жалған кәсіпкерлік фактілері бойынша 19 қылмыстық іс қозғаған.

Тағабай ҚАСЫМ