Құқыққорғаушылар заңсыз ағаш кесумен айналысқан топты құрықтады

Полицейлер
Полицейлер кесілген 17 ағаштың 15-інің жеміс ағашы екенін анықтады

Отырар ауданында заңсыз ағаш қырқып жүргендер құрықталды. Айласын асырып келген әккілер Сырдария өзенінің арнасындағы жасыл желекке ауыз салған.

Тәртіп сақшылары дер кезінде араласпағанда дәніккен топтың табиғатқа орны толмас шығын келтіруі мүмкін еді.

Тоғайдағы ағаштардың тамырымен қопарылып жатқаны жайлы суыт хабар Отырар аудандық ішкі істер басқармасының кезекші бөліміне түскен. Шұғыл тергеу тобы дереу аттанып, оқиға орнына жеткенде көлікті отынға лық толтырып, кеткелі тұрғандарды ұстады.

Мұрат Әлімқұлов, Оырар АІІБ бастығының орынбасары: «Біз оқиға орнына прокуратура қызметкерлерімен бірге бардық. Тексеру барысында 9 адам ұсталды. Ағаштарды трактордың күшімен қопарып, ГАЗ-52 көлігіне тіркеген».

Полицейлердің мәліметінше, ағашты ұрланып қырқып жүрген топ өзен арнасын бұрыннан-ақ өндіріс орнына айналдырып жіберген. Олардың арасындағы тракторшы жігіт жергілікті тұрғын болып шықты. Кесілген ағаштарды отынға сатпақ болғандар осы істері арқылы табиғатқа шығын келтірдік деп ойламайды да.

Ұсталғандар көк желекті емес, құрғағын қырықтық деп ақталады. Айтуларынша, олар қопар деген ағаштарды ғана бұзыпты.

Полицейлер кесілген 17 ағаштың 15-інің жеміс ағашы екенін анықтады. Қазір ағашты заңсыз кесу фактісіне қатысты қылмыстық іс қозғалды.