«Алматыда ғана құрмет көрсетіледі»

Тәуелсіздік үшін күрескендер қамқорлықсыз қалуда
Сәбит Исабеков
Сәбит Исабеков

1986 жылы желтоқсан айының ызғарлы күндерінде Алматыдағы үлкен алаңға жиналып, намысы тапталған қазақ халқының ішіндегі арзу арманын айтып, талап-тілегін жария еткен қыршын жастар мен ұлт зиялыларының талпынысы тоталитарлық жүйе тарапынан аяусыз басып-жаншылды. Алматыға білім қуып барған Оңтүстік жастары да осынау жантүршіктірер қантөгістің қақ ортасынан табылды. Солардың бірі ― бәйдібектік тума Сәбит Исабеков.

– Сәбит аға, желтоқсаншы жолдастарыңызбен жиі кездесіп тұратын шығарсыз? 

– Негізі, Желтоқсан көтерілісіне қатысқандардың ішінде Оңтүстік жастарының қарасы көп болатын. Қазір 10-15 шақты ғана қалдық. Біразы қаза тапты, қалғандары жан-жаққа ыдырап кетті. Бұрын Алматыда желтоқсаншылардың басын қосатын бірлестік жұмыс істейтін. Қазір оның да үні шықпай қалды-ау. Әрқайсымыз әр жақта, әркім өз шаруасымен. Сондықтан жиі бас қоса алмаймыз. Тек желтоқсанның қарсаңында ғана жиналамыз. Әркімнің өз жұмысы, отбасының қамы бар дегендей…

– Қазір олар не істеп жатыр? Көбі жұмыссыз жүр дейді ғой…

– Өзімнен бастар болсам, мен бір жолдық талон беру орталығында инспектор болып жұмыс жасаймын. Желтоқсаншылардың ішінде үлкен орынтақта отырғандары аз. Көбісі қарапайым жұмыста. Бірі – мұғалім, бірі – тігінші. Расында да көбісі жұмысқа жарамсыз бүгінде. Үйде отыр. Әр топтағы мүгедектер. Барлығы дерлік бастан жарақат алып, содан миларына зақым келген ғой.. Өзім де мәз емеспін. 3-топтағы мүгедекпін. Бүйрекке, өкпеге ота жасатқам. Біздегілердің көбісінің жағдайы осылай болып келеді. Әрқайсысының менікі тектес сырқаттары бар. Амал жоқ, бала-шағаны асырау керек болғасын, шаруаңды жасайсың…

Тәуелсіздік үшін күрескендер қамқорлықсыз қалуда
Тәуелсіздік үшін күрескендер қамқорлықсыз қалуда

– Бүгінде медициналық қызметтің көбісі тегін көрсетіледі, тегін дәрілер бар. Ал желтоқсаншыларға арналған жеке медициналық жеңілдіктер бар ма? 

– Жоқ, ондай жеңілдік деген атымен жоқ. Басқа да мүгедектер сияқты тиесілі жеңілдіктерді пайдаланамыз. Оған да рахмет. Болмағанда не істер едік? Желтоқсаншылар әлі өзінің саяси бағасын, әлеуметтік статусын алған жоқ.Онсыз ешқандай жеңілдік те болмайды. Көмек те көрсетілмейді.

– Былтыр Тәуелсіздіктің 20 жылдығы мен Желтоқсан көтерілісінің 25 жылдығы қарсаңында Алматыда бір топ желтоқсаншыларға пәтер кілті тапсырылды. Одан да құр қалдыңыздар ма? 

– Біздің өңірден мемлекет тарапынан бірде-бір желтоқсаншы пәтер алғанын естімеппін. Біздің қоғамда Желтоқсан көтерілісіне тек алматылық жастар ғана қатысқандай түсінік қалыптасқан. Шындығында олай емес қой, желтоқсаншылардың арасында басқа өңірлердің жастары көп болды. Бірақ алматылық желтоқсаншыларға ғана құрмет ерекше. Оларға үй беріледі, желтоқсанның қарсаңында әкімшілік арнайы шақыртып, басын қосады. Сый-сияпаттар жасайды. Олардың жағдайы жақсы. Ал бізде ше? Желтоқсанның қарсаңында бізді журналистер мен мектеп басшылары ғана іздейді. Журналистер сұхбаттасу үшін, ал мектеп басшылары оқушылармен кездесу ұйымдастырады. Оған да рахмет. Былтыр Х.Есенғараеваның бас болуымен «Ақжол» партиясынан біраз сый-сияпат көрсетілген. Перуашев мырза желтоқсаншылар саяси бағасын алуы керек деп бас көтерген еді сол кезде. Нәтиже берген жоқ. Бәлкім, бұл сайлау алдындағы саяси ойын болды ма екен, ол жағы маған түсініксіз…

– Желтоқсаншыларға саяси баға, әлеуметтік статус берілмей отырғанын өзіңіз қалай қабылдайсыз, бұл желтоқсаншыларды сыйламау емес пе? 

– Жоқ, бұл сыйламау деп айта алмаймын, ел егемендігінің орнауына желтоқсаншылардың еңбегінің орасан болғанын ешкім жоққа шығара алмайтын шығар. Қайсыбір саяси тұлғалардың көлеңкелі тұстарының ашылып қалмау мүддесі жатыр ғой мұнда. Бірақ мені қуантатын нәрсе – бүгінгі жастардың патриоттық сезімі. Қазір ғана оқушылармен өткен кездесуден келе жатырмын. Менің байқағаным елін, жерін сүйетін, қазақтың төл тарихын білетін және соған сын көзбен қарайтын ұрпақ өсіп келе жатыр соңымыздан. Менің үмітім – соларда. Сол жастардың қанаты қатайып, ел тұтқасы қолдарына бұйырғанда желтоқсаншылар өз деңгейінде құрметтелетін болады. Осыған сенемін!

– Лайым солай болсын! Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан – Мақпал РЫСБАЕВА