Жетісай: Халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау мәселелері талқыланды

фото ЖАӘБҚ

 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Бұл – ел экономикасының дамуына тікелей әсер ететін кәсіби мамандарға көрсетілген ерекше құрмет. Жұмысшы мамандықтары – өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету және жеңіл өнеркәсіп салаларындағы маңызды буын.

Түркістан облысында жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау бағытындағы мемлекеттік саясатты сапалы жүзеге асыру мақсатында облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес тиісті жұмыстар қарқын алуда. Осыған орай, Түркістан облысы Еңбек мобильділігі орталығының директоры Абзал Қазанқапов жұмыс сапарымен Жетісай ауданына барып, аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытовпен кездесті.

Кездесу барысында мамандар әлеуметтік саясаттың маңызды тетігі саналатын халықты жұмыспен қамту, ауданда ашылып жатқан жаңа жұмыс орындары арқылы тұрғындар арасында жұмыссыздық деңгейін төмендету, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру арқылы кедейшілік шегін түсіру, әлеуметтік қорғау саласындағы индикаторлардың орындалуын бақылау, мүгедектігі бар адамдар мен пробация қызметі есебінде тұратын азаматтарды жұмыспен қамтуды үйлестіру сынды бағыттар бойынша пікір алмасты.

Сапар аясында өз кәсібін бастағысы келетін азаматтарға арналған мемлекеттік гранттар мәселесі де көтерілді. Серік Мамытовтың айтуынша, мемлекеттік қайтарымсыз гранттардың бірінші легі бойынша Жетісай ауданында бөлінген 75 грантқа 150 өтінім келіп түскен. Аудан әкімі бизнес жобаларды қаржыландыруда қатаң бақылау жүргізілетінін және мемлекет қаржысының әр тиынының есебі сұралатынын да тілге тиек етті.

Жүздесу соңында Серік Үсенұлы еңбек нарығын дамытуға бағытталған мемлекеттік бастамаларды, Еңбек мобильділігі орталығына бекітілген бағдарламалар мен жоспарларды қолдауға және жүзеге асуына жергілікті билік тарапынан барынша қолдау көрсетілетінін айтты.