Бизнесіңді дөңгелетуге үйретеді

КҚКО - кәсіпкерлер үшін құрылған

Қазақстанда соңғы жылдары кәсіпкерлікті дамытуға жіті көңіл бөлініп келеді. Үстемесі төмен несие беру, салық түрлерінен босату, субсидиялау, тіпті құжат даярлауға да көмек көрсетіліп, әкімшілік кедергілер азайып келеді. Әсіресе жыл соңына қарай еліміздің түкпір-түкпірінде ашылып жатқан кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарын ерекше атап өтуге болады.

КҚКО - кәсіпкерлер үшін құрылған
КҚКО – кәсіпкерлер үшін құрылған

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының жинақтаған тәжіри­бе­сіне орай құрылған кәсіпкер­лерге қызмет көрсету орталығы облыстық деңгейде «Кәсіпкер­лерге қызмет көрсету орталығы» (КҚКО), шағын қалаларда «Тұ­рақ­ты кәсіпкерлерді қолдау ор­талығы» және аудандарда «Жыл­­жымалы кәсіпкерлерді қол­дау орталықтары» деп аталып, биз­нестің жергілікті салаларына қа­рай үш деңгейде кәсіп иелеріне қызмет көрсете бастады.

«Кәсіпкерлерге қызмет көр­сету орталығының басты мақ­саты – кешенді қолдау көрсету жолы арқылы қазақстандық биз­нестің лайықты дамуы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруына жағдай жасау. Кәсіпк­ер­лерге қызмет көрсету орталығы – бұл шағын және орта кәсіп­керлікке «бір терезе» қағидасы бойынша кешенді қызмет көр­сету», – дейді «Даму» кәсіпкер­лікті дамыту қо­ры» АҚ-тың бас­қарма төрайымы Ләззат Ибра­гимова.

Кәсіпкерлерге қызмет көр­сету орталығы оларға бір жерден ең қажетті ақпараттарды алуға мүмкіндік туғызып отыр. Атал­­­мыш орталықтың тегін көр­сететін қыз­меттері – Биз­несті ашу және жүргізу қыз­меттері (заңдық қызметтер, бух­­галтерлік және салықтық есеп, қыз­мет­керлер таңдау қыз­меті), шағын және орта кә­сіп иелеріне мем­лекеттік қол­дау бағдарла­мала­рына қаты­судың шарттарын тү­сіндіру, несие алу, лизингке құ­рал-жабдық немесе техника алу мүмкін­дік­тері бойынша ақпарат ұсыну жә­не қа­жетті құжаттарды жи­нас­тыруға кө­мектесу, ақпа­рат­тық және шолу қызметтері, типтік үлгідегі бизнес-жоспарларды ұсы­ну секілді кәсіп ие­лері үшін аса маңызды міндет­терді қам­тиды.

Мұндай орталық елімізде алғашында Алматыда, сосын екінші боп біздің Шымкентте тұсауы кесілді. Облыстың шағын және орта кәсіпкерлік өкілдері осы жерде «бір терезе» қағидасымен бизнестерін ашу немесе жүргізу бойынша барлық сауалдарына жауап тауып жатыр.

Нұржан Әлтаев, КҚКО Шымкент филиалының бас директоры

– Бізге өз бизнесі бар немесе жоқ кез келген кәсіпкер өтініш жасай алады. Егер кәсіпкердің жұмыс істеп тұрған кәсіпорны бар болса, онда біз айналым қаражатын толықтыруға және бизнесін ұлғайтуға кредит қаражатын алу үшін қаржы институтын таңдауына көмек бере аламыз. Кәсібін жаңа бастайтын кәсіпкерлер үшін бізде кешенді қызметтер түрі өте көп. Біріншіден, біз «бір терезе» қағидасы бойынша жұмыс істегендіктен, барлық анықтамалар, құжаттар, рұқсат құжаттарын рәсімдеу, тіптен жеке кәсіпкер немесе ЖШС ретінде тіркеуді бір менеджер жүзеге асырады. Біз әр клиентке менеджер бекітеміз. Ол жоба толық іске асырылғанға дейін қолдау көрсетеді. Сіздердің назарларыңызды мына жайға аударғым келеді, біздің консультанттарымыз жоба іске асырылатын жердің климаттық жағдайын ескере отырып, қызмет түрін дұрыс таңдауға көмек береді. Себебі, бизнестің сәтті болуы, көбіне осы сияқты факторға да байланысты болады.

Егер жоба іске асырылатын жерде жем-шөп қоры жеткіліксіз болатын болса, онда уақытыңызды және қаражатыңызды не үшін бекер шығындауыңыз керек? Мамандар жобаның осы жерде іске асырылуының тиімсіздігін және де жобаның банкротқа ұшырайтынын алдын ала ескертеді. Сондықтан біз өз ұсынысымызды алға тартамыз. Екіншіден, барлық құжатты рәсімдеуге, бизнес-жоспар жасауға, банктен немесе өзге қаржы инститтуттарынан, атап айтқанда «Даму» қорынан, «Қазагрофинанстан» екінші деңгейдегі банктерден кредит алуға көмектесеміз. Соңында, үшіншіден, шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған барлық мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуына белсенді атсалысамыз.

«Даму» қоры тарапынан шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің пікіріне жыл сайын өткізіліп отыратын зерттеулер көрсетіп отырғандай, елімізде бизнесті қолдау инфрақұрылымының дамуы кенже қалып келеді. Бұл арада еліміздің кейбір аймақтары мен аудандарында өз ісін ашу немесе жүргізу және кәсіпкерлік қызметті тиімді басқару үдерістері бойынша сапалы кеңес беру қызметі өте аз қамтылған.  Сонымен қатар осы айтылған мәселелердің қатарында қызмет көрсететін компаниялардың қалаларда шашыраңқы орналасуы да бар. Осының салдарынан кәсіпкер, қаланың түкпір-түкпірінде орналасқан аталмыш компанияларға баруы үшін уақытын жұмсап, қаржы шығындайтын. Оған қоса, бірегей орындау стандарттарының болмауы, кеңес берушілердің қызмет бағасының әртүрлі болуы, және берілген өтінішті қарау мерзімінің әртүрлілігі де кәсіпкерлерге қиындық туғызып жүрді.

Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының тиімді жұмысы шағын және орта кәсіпкерліктің сапалы және сандық көрсеткіштерін барлық деңгейде барынша арттыруға мүмкіндік беретініне және де бұл өз кезегінде олардың Оңтүстік Қазақстан облысының және де келешекте осы сияқты орталықтар ашылатын өзге де аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы рөлінің міндетті түрде артуына негіз болатынына сенуге болатын секілді.

«Бір терезе» қағидасы – сыбайлас жемқорлықпен күресудің тиімді әдісі және де әкімшілік тосқауылдарды төмендетуге мүмкіндік беретін бірден-бір жол екені мәлім. КҚКО жұмысы өзін тек жақсы жағынан ғана көрсете білген Халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмыстарының қағидалары бойынша жолға қойылып отыр. Негізінен мемлекеттің бизнесті сервистік қолдау құралдары туралы ақпарат ауылдық жерлерге көп жағдайда жете бермейтіні бар. Сол себепті де осындай орталықтар өз жұмыстарын жер-жерлерде бастап жатыр.

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ