Мерекеде асқазанға салмақ салмаңыз

Майонезді мейлінше аз тұтыну керек
Майонезді мейлінше аз тұтыну керек
Майонезді мейлінше аз тұтыну керек

Жаңажылдық мерекеден кейін көп адамның саулығы сыр береді. Емханаға ем сұрап келетіндердің басым бөлігі іш ауруына шағымданатын көрінеді. Мұның барлығы да бір кеште сан түрлі тағамды талғамай жеудің нәтижесі. Дәрігерлер мерекелік бір-екі күннің ішінде гастрит, колит, панкреатит, тіпті асқазанның ойық жарасы пайда болуы әбден мүмкін екендігін айтады.

Мерекелік дастарқанның бай болуын қадағалайтын халық денсаулықтарына қаншалықты зиян келтіретіндіктерін ойламайды. Бұл дастарқаныңыз мол жайылмасын деген тілек емес. Тек тағам тұту барысында аса ұқыптылық танытыңыз деген ескерту.

Майлы, жоғары колориялы, тұздалған және тәтті тағамдар бір-бірімен үйлеспейді. Нәтижесінде ішек және асқазан бөліктерінде бактериологиялық өзгерістер пайда болады. Тағы бір ескеретін жайт бар. Ол – ет тағамдары. Дәл осы ет тағамдарын тым көп пайдалану асқазандағы аммиактың артуына сеп болады да асқазан бүрлерінің ғана емес ішек жолдарының қабынуына алып келеді. Сондықтан ет тағамдарын үйлесімділікпен жеу керек. Егер дастарқанға қуырылған, пеште қақталған ет қойылса, оны ноқат, жүгері, бидай жармасы сияқты астармен араластырмауға тырысыңыз. Себебі, бұл асқазан бүрінің қабынуына, іштің желденуіне сеп болады. Сонымен қатар бұл өнімдер біріксе, ағзаға липидтерден (май, ақуыз) құралған ауыр соққы жасауы мүмкін.

Мерекелік дастарқанның тағы бір қауіпті өнімі бар. Ол майонез. Дәрігерлер майонез қосылуы тиіс салаттарды мейлінше аз жасауға немесе азырақ қосуға кеңес береді. Ал жоғарыда айтылған жағымсыз әсерлерден аулақ болу үшін мамандар жеміс-жидек пен көкөністерді молырақ пайдалануға кеңес береді. Ас тұтыну барысында мұндай өнімдерді жеу арқылы көптеген улы токсиндерден бөлек, астың дұрыс қорытылуына да ықпал етеді. Көкөніс құрамындағы талшықтар ақуыздың көп мөлшерімен күресе алатын қасиетке ие.

Ауру тудырудың тағы бір жағы бар. Бұл мерекелік дастарқанның ертеңіне желінетін ас. Мұндай тағамдарда зиян-ды бактериялар көп шоғырланады. Бактериялардың қолайлы жағдайына 20 минут жеткілікті. Осыдан кейін іштің бүріп ауыруы, жүректің айнуы және кекіріне беру сияқты жағымсыз жағдай туа бастайды. Сондықтан мерекелік дастарқанға аз ғана мөлшермен тағам дайындауға тырысыңыз. Егер дастарқаннан артылған ас болса, тоңазытқышқа мұқият сақтағаныңыз абзал. Бетін ашық күйде қоймаңыз. Себебі, бактериялар суық ауада да өз «жұмысын» жалғастыра береді. Арнайы полиэтиленді жапсырма қағазбен жауып қойыңыз немесе қақпағы бар ыдыстарға орналастырыңыз. Ең дұрыс шешім шыны ыдыстар. Шыны ыдыста бактериялардың көбеюі әлдеқайда бәсең болады. Ал тәттілерді дәмдеуіш қосылған тағамдардан бөлек сақтаңыз. Тәтті тағамдар бар дәмді өзіне сіңіріп алатын қасиетке ие. Осы арқылы оның құрамы да бірден өзгеріске ұшырап, зиянды болып шыға келеді.

Енді спирттік ішімдіктерге келейік. Тым майлы тағамды қорыту үшін көп сусын ішу керек деген сөз бар. Бұл қағидаға сүйенген адам сусынның бәрі бірдей деп ойлауы мүмкін. Жоқ, олай емес. Егер тағамыңыз майлы болса, газдалған ас суын ғана ішумен шектелу керек. Ал оған спирттік ішімдікті араластыратын болсаңыз, жағдайыңыздың ауырлай түсері анық. Мұндай жағдайда қырлы стақаныңызды көбірек «сілтемеуге» тырысыңыз. Жаңа жылдан кейінгі демалысты ауыр халде өткізгіңіз келмесе, майлы тағамдарды аз қолданып, есесіне жемістер мен көкөністерді молырақ жеңіз. Спирттік ішімдікті де мөлшермен тұтыныңыз. Ең дұрысы салауаттылықты сақтағаныңыз болмақ. Елбасының өзі де биылғы Жаңа жылды бір кесе қымызбен атап өткеніміз дұрыс деді ғой…