ОҚО-да 269 ата-ана балалары үшін жазаға тартылған

238
Жасөспірімдер қылмысының басым бөлігі ұялы телефон ұрлаудан басталады

Өңірімізде жас жеткіншектер арасындағы қылмыс өршіп тұр! Әсіресе, Сарыағаш және Созақ аудандарындағы жағдай күрделі. Жалпы, жыл басынан бері облыс бойынша 269 ата-ана балаларының тәртіпсіздігі үшін әкімшілік жазаға тартылды. Қоғам дертіне айналған осы проблемамен күресу мәселесі бүгін облыс әкімдігінде талқыланды.

Жасөспірімдер қылмысының басым бөлігі ұялы телефон ұрлаудан басталады

Мектептерге бейнебақылау жүйесі орнатыла бастағалы қашан. Алайда әлі де жетіспейтіні көп. Оған қоса жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу мақсатында рейд жұмыстары тыңғылықты жүргізілмеген.

Асқар Мырзахметов, облыс әкімі: «Олардың қалталарын тексеріп рейд жұмыстарын жүргізуге болса, неге тексермейсіздер? Сондай-ақ, жасырын сауалнама алып, бұзақы топты табуға да болады. Сол себепті де, тыңғылықты жұмыс жүргізілуі керек».

Басқосуда жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алудың статистикалық картасы құрылды. Ол арқылы күніне қай мектепте қандай келеңсіз жағдай орын алғанын білуге болады. Құптарлық істі облыс әкімінің өзі қолдап, барлық аудан-қалалар осы жүйеде болуы тиіс деп тапсырма берді.

Серікжан Мырзалиев, құқықтық статистика және есепке алу комитетінің ОҚО басқармасының бастығы: «Бұл карта арқылы әр мектептің көрсеткішін көріп отыруға болады.Күнделікті қылмыстар тіркеліп, нәтижесі анық көрініп тұрады. Өзінің картада қызарған мектебін, баласын көрген ата-ана оның тәрбиесіне жіті көңіл бөледі деп ойлаймыз. Оны тіркеу көп уақытты алмайды. Ең бастысы мәлімет біздің департаменттің базасына дер кезінде түсіп тұрса болғаны».

Облыс мектептерінде ұялы телефондар қолданылмайды. Бұған тыйым салынған дейді облыстық дейді білім басқармасының басшылығы. Дегенмен, жеткіншектер арасындағы қылмыстың былтырға қарағанда 43 пайызға өскенін ескерсек, соның басым бөлігі ұялы телефон ұрлығына байланысты. Сондықтан облыс әкімі Шымкенттегі «Гарант» дүкенінің бұрышын қылмыстың қайнаған ортасы ретінде сынға алды.

Ол жерде күндіз-түні полиция қызметкерлері кезекшілікте тұр деген ішкі істер департаменті бастығы орынбасарының жауабын қанағаттандырмаған өңір басшысы нақтылықты талап етті. Яғни, желтоқсанның соңына дейін сондай күдікті орындарда ұялы телефондар сатылмайтын болсын деген талап қойды.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=TgLus5t9n-M[/youtube]